Тарих

Дегдар Дәкең еді…

Абыз атаны еске алу

Мына жалғанда о дүниеге қуанып аттанатын, өмірмен күліп қоштасатын пенде, сірә, бұл әлемнен табыла қояр ма екен. Әй, қайдам. «Өмір дегенің бір күндік сәуле екен ғой» деген ақиық ақын Мұқағали сөзін жүз жасағандар да қайталауы мүмкін. Жарық дүниемен қоштасу кімге оңай болған дейсіз.

Алайда мен білетін, өмірмен өкпесіз қоштасқан бір жан бар. Ол жарық дүниеде 98 жыл жасап, ұзақ ғұмыр кешіп, әулетінің тұғырлы бәйтерегі бола білген Ақтөбе қаласының құрметті азаматы, Ленин орденді абыз ақсақал Дәрменқұл Қалағанов.

«Жүз жасаған жасым бар, көпті көрген басым бар, не десем де маған жарасар» дейтіндей абыз ата еді. «Дария кеуде, тау мүсін» деуге лайық, кеудесі алтын сандық, соңғы сапарға аттанғанша қажыр-қайратынан таймаған емен тектес жан еді. аса зерек, адамгершілігі мен парасаты бөлек, үлгі-өнегесі мол, пайдасын емес, алды-артын ойлайтын абыз ата ретінде есімде жатталып қалды.

Мен ол кісімен алғашқы танысқанда Батыс Қазақстан теміржол басқармасында «Болат жол»-«Стальная магистраль» газеттерінің редакторы едім. Жұмыс бастан асады. Теміржолға аз-мұз қатысы барлардың бәрі жақсы біледі. Бұл бір от алып, қамысқа түсіп жатқандай, күйіп-пісіп ақ тер, көк тер болатын сүргінді орта екен. Батыстан шығысқа, оңтүстіктен солтүстікке күндіз-түні бірдей тынымсыз ерсілі-қарсылы дүрсілдеп ағылып жатқан жолаушылар жолымен жүк тиелген ауыр құрамаларды қабылдап, қауіпсіздігін сақтап жөнелту тозақ отына түскенмен бірдей азапты шаруа.

Екі тілді газетіміз жетісіне үш рет шығады. Штаты шағын, есесіне бейнеті мол. Басқа теміржолшылар секілді біздің де бұрылуға, қалғып-мүлгуге мүлде мұршамыз жоқ. Еңсемді тек Дәкең келгенде көтеретінмін. Бара-бара екеуміз емін-еркін шүйіркелесіп, әңгіме тиегін ағытып бір жасап қалатын болдық.

Дәрменқұл ата — байырғы теміржолшы. Еңбек жолын ерте бастаған. Бұл салаға сонау дүбірлі, дауылды Қазан төңкерісі күндері келіп, ыстығы мен суығына бірдей  төзіп, табаны күректей жарты ғасыр терін төккен. Біз секілді теміржолға кездейсоқ келгендерге бұл кісі бұлақ көзі іспеттес. Айтары, берер ақыл-кеңесі ағыл-тегіл. Әр келген сайын көзіміз бір ашылып қалады. Сонан Дәкеңнің келуін сағына күтетін болдық.

Сөйтіп атаның редакцияға келуі қалыпты дағдыға айналды. Айына екі, кейде үш рет соғып тұрады. «Татулықтан артық жолдас жоқ» деген рас. Оның арты аталы-балалы дегендей қимас сыйластыққа ұласты.

«Елім дегеннің соңынан ер» деген бар. Дәкең халқын ардақтаған ұлтжанды, таза ар мен намыстың адамы екен. Мен о кісіден осыны таныдым. Арамызда дәнекер болған, мүмкін, атаның осы қасиеті болар деп ойлаймын.

Енді осы ойымды дәлелдеу үшін абыз атаның былайғы жұрт біле бермейтін, намысты жанып, өзгеге ой салатындай бір ерлігін, ерлікке пара-пар ісін баяндағалы отырмын. Кімнің кім екенін елі білсін деген ниеттемін.

Бұл кешегі Кеңес кезінде билік тізгінін ұстап, соған мастанып, көкірегінің деміне нан пісетін ел ағасы болудан дәмесі бар, шолақ ойлы інілерінің бірде-бірінің ойына кірмеген, қолынан келмеген ерлік, намысқойлық деуге болғандай. Өздеріңіз ой жүгіртіп көріңіздер.

Аумалы-төкпелі өткен ғасырдың өтпелі кезең аталған тоқсаныншы жылдары болатын. Аласапыран басталған кез. Республика басшылығы жаңарып, билік тізгінін өз азаматымыз, яғни Нұрсұлтан Назарбаев қолына алған кез. Сол 1990 жылы екі аға газеттің бетінде Республиканың басқару құрылымы мен олардың басшыларының толық тізімі жарияланды. Ұмытпасам, барлығы 44 министрлік, комитет және агенттіктер жаңадан жасақталды. Үкімет құрамы мен әр түрлі басқару органдарына сайланып, бекітілгендер арасында Ақтөбе секілді үлкен облыстан бірде-бір басшының болмауы Дәкең екеумізді қайран қалдырып қоймай, қатты ашындырды.

Ақтөбелік алтын құрсақ аналардың басшы болуға жарайтын тұлымы желбіреген бір ұлды таппағаны ма, әлде әділетсіздік пе бұл?

Әрине, бұл облысымызды қырық жыл бойы басқа, діні бөлек ұлт өкілдері басқарып, билеп-төстеуінің, «Қазақ та адам баласы ғой» деп көзіне ілмеуінің, яғни өгей саясаттың сорақы салдары болатын. «Ала алмай теңдік, өкінумен өттік» деген, міне, осы. Сонан Республика Президентінің атына хат жазып, мұңымызды шақпастан басқа амал қалмады. Қолымызға қалам алдық.

Осының алдында ғана Елбасы кеңсесінің бастығы Қасымбеков мырза «Егеменді Қазақстан» газетінде көпшілікке арнап мақала жазып, жылына орта есеппен Президенттің атына әртүрлі мазмұнда 500 мыңға жуық хат түсетінін, Елбасының жұмыс бастылығын, онымен танысып отыруға мүлде мұршасы жоғын айтып, абайласаңдаршы деген емеуірін білдірген. Олай болса кім болса сол жазған кез- келген хаттың Елбасына жетпейтіні айдан анық. Сондықтан жүз жасаған жасы мен ақ шашын сыйлар деген дәмемен хатқа Дәкеңнің өзі ғана қол қойғаны жөн деп шештік. Президентпен қоса аппарат жетекшісі Н.Әбіқаевқа жеке хат жолданып, мына абыз атаның ақ тілегін Елбасына тікелей табыс ету азаматтығыңа аманат дедік. Көп кешікпей онан «Ата, хатыңыз Нұрсұлтан Әбішұлына табысталды» деген келте жауап келді.

Енді бұдан жиырма жыл бұрын жазылған осы хаттан бір-екі үзінді келтірейін:

«Балам, қарсы болмасаң бір-екі мәселеге назарыңды аударайын деп едім. Жақында ғана Республика Жоғарғы Кеңесінің сессиясында Үкіметтің жаңа құрамы бекітілді. Сайланған министрлер мен төрағалардың тізіміне тағы бір көз салайықшы. Олардың арасында Ақтөбе сияқты үлкен облыстан бірде-бір басшы кадр жоқ. Бұған, әрине, сен кінәлі емессің. Бірақ неге бұлай деп ойланып көрдің бе, айналайын?

«Советская Россия» газетіне жақында берген сұхбатыңда Кеңес заманында Республика Компартиясының Орталық Комитетіне бірінші хатшы болып сайланған он төрт адамның арасында өзіңнің үшінші ғана қазақ екеніңді ашына айттың. Орынды өкпе-наз. Ақтөбе өңірін мекен еткен 700 мың халықтың партияға деген өкпесі, тіпті қара қазандай.

Ақтөбенің маңдайына орыс басшы мәңгі-бақи болсын деп Алланың өзі жазып қойғандай бірі кетсе, екіншісі дайын тұрады. «Қашанғы бұлай бола береді?!» — деген өкпе-наз білдірілді.

«Республикаға басшылықты түзедің, оны көріп-біліп отырмын. Ендігі кезекте Ақтөбе және басқа облыстар тұр. Ел билеу үшін бір саланың жетекші маманы болу жеткіліксіз. Алды-артын болжай білетін, қара халықтан қол үзбейтін, оған деген қамқорлығы мол, иманжүзді, жүрегінде жылуы мен намысы бар, ұлт жанды азамат болса деген біздікі, қарағым. Осындай басшыға Ақтөбе облысы көптен зәру, енді елді бұдан әрі сарылтып зарықтыра берудің меніңше реті жоқ»,— деген тілек білдірілді.

Бұл хат нақтырақ айтсақ, 1990 жылғы жетінші маусым күні жазылған еді. Арада тағы бір апта өткенде Нұрсұлтан Әбішұлының өзінен жауап жетті. Бұл хатта былай делінген:

«Құрметті Дәрменқұл аға!

Хатыңызды зор ықыласпен оқып шықтым. Ізгі ниет білдіріп, аталық бата бергеніңізге шын жүректен алғысымды айтамын.

Президент, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы ретінде бұдан былай да Қазақстанның гүлдене түсуі, халықтар достығының нығая беруі үшін бар күш-жігерімді, білім-тәжірибемді жұмсай беремін деп Сізді сендіре аламын.

Ұзақ, бақытты ғұмыр кеше беруіңізге тілектеспін.

Құрметпен Н. Назарбаев».

Көріп отырғанымыздай Президент атаға «Хатыңызды зор ықыласпен оқып шықтым» депті. Соған қарағанда хат мазмұны Елбасына ұнаған тәрізді. Тағы бір назар аударарлық нәрсе,  «Құрметті Дәрменқұл аға!» деп інілік ізет білдіріп жазғаны. Мәтінді кәнігі шенеунік әзірлесе, сол кездің үрдісімен міндетті түрде «Құрметті Д.Қалағанов жолдас!» деп жазар еді деп ойлаймын.

Оны қолданбай «аға» деген ықылас-пейіліне қарағанда, әрине, хатты Елбасы өз қолымен жазған деп топшылауға болады.

Дәкеңнің осы хатынан кейін іле-шала бұрын тоқалдан туған баланың  күнін кешіп жүрген біздің жігіттердің бағы жанып, бірқатарының республикалық дәрежедегі билікке жолы ашылды. Олардың арасында партияның Орталық Комитетінің нұсқаушысы, Республика Жоғарғы Кеңесі төрағасының орынбасары, Білім және Ауылшаруашылығы министрліктерінде орынбасар лауазымдарына жоғарылағандары халықтың жадында. Бәріміз пендеміз. Олардың кейбіреулері төбеден құдайдың көзі өзіне тура түскендей болып сезінуі мүмкін.

Демократия толық қалыптасқан елдерде құжаттардың құпиялығы жиырма жыл өткеннен кейін жойылады. Осы дәстүрді ұстанып, мен жиырма жыл бойы жақ ашпай келіп, биыл Дәрменқұл атамның облыс намысын қалай жыртқанын біле жүрсін, еске ала жүрсін деп облыстың бұрынғы әкімі Елеусін Наурызбайұлына ата хатының толық мәтінін табыс еттім.

Абыздың балалары дегдар жанды мәңгі есте қолдану мақсатында біраз нәрсені жүзеге асыруды ойластырып жатыр екен. Әрине, құп алатын тіршілік.

Дәкең көзі тірісінде маған топырақ салуды аманаттап еді. Балалары жыға танымағасын болар, ол дүниеден өткенде хабар берген жоқ. Тіршіліктен озғанын кеш біліп опық жеп қалдым.

Менің бұл мақалам абзал атаның қабіріне топырақ салғаным болса екен деймін.

Н. ҚАРТБАЙҰЛЫ,

Қазақстанның құрметті журналисі.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button