Спорт

Түпкі мақсатты тежеген текетірес

«Ақтөбе»-«Тобыл» — 1:1

19-20 тамыз күндері чемпионаттың 20-тур ойындары өтті. Қызылордада «Қайсар» мен «Астана» тең ойнады (1:1). «Ордабасы» Шымкентте 97-минутта соққан голдың арқасында «Қайратты» жеңді. «Каспий» өз алаңында «Қызылжардан» ұтылып, ең соңғы орынға түсті.

17 тамызда ғана Конференция лигасының іріктеу турнирінде ойнаған «Ақтөбе» бұл жолы, 20 тамызда өз алаңымызда «Тобылды» қабылдады.

Бұл кездесу, жинақтай айтсақ, «Ақтөбе» жанкүйерлерін риза етпеді. Бірінші таймда, мысалы, біздің футболшыларымыз Андерсон Ньянгбоның, Милош Раичковичтің бастапқы минуттардағы нәтижесіз соққыларымен басталған, оларды кейінірек Лука Гадрани, Максим Самородов қостаған ойын екінші таймда Дмитрий Шомконың, Леонел Струмияның, Рожерио Шинаның, Элдер Сантананың қақпаға допты кіргізе алмаған соққыларымен жалғасты. Ал жасалмай қалған соққылар қаншама. Біздің жігіттер қарсыластар қақпасының алдына келе қалған шақта лып еткізіп бір әріптесіне пас бере қоюдың орнына, неге екені белгісіз, аяғындағы допты әрлі-берлі сүйретіп, олай-бұлай ойқастап жүріп алады, әрине, сосын доптан да айырылып қалады, шабуылдың да мағынасы кетеді. Біздің жігіттердің тағы бір қызығы, соққы жасағанда допты тура қарсы алдында тұрған қарсыластар қорғаушысының аяғына дәлдеп тебеді, әрине, доп кейін қарай ұшады. Сөйтіп, қайтадан алашапқын бос жүгіріс басталады. Біз осы кездесуде көбірек бармақ тістеткізген мысалдарды ғана тізбелеп отырмыз. Бұларға қоса пас қабылдай алмау немесе ыңғайлы етіп пас бере алмау, қақпаға қарата доп бағыттағанда алаңның көлемі шектеулі екенін ұмытып, допты әлдеқайдағы қиян тұсқа асыра тебу тәрізді кемшіліктерді айта бастасақ, әңгіме ұлғайып кетер еді. Оның үстіне бұл кездесуде Максим Самородов солғын ойнады, Дмитрий Шомко қателесе берді.

Мысалы, бірінші таймда Рамазан Оразов соққан гол кемшілігімізді дөп басты. Біздің қақпамызға қарай желе жортқан Рамазан назардан тыс қалды да, дереу оған әріптесі допты тастай салды. Рамазан допты сапай-саспай еркін тепті, сол сәтте ғана жанталаса ұмтылған үш қорғаушымыз бірінің үстіне бірі құлап, қақпашымыз Стас Покатилов кеш қимылдады, доп зып етіп қақпаға енді де кетті.

Екінші таймда, рас, Андрия Филипович есепті теңестірді. Бірақ сол Филипович тағы да гол соғарлықтай 100 пайыздық дерлік екі мүмкіндікті пайдалана алмады. Әсіресе тобылдық қақпашымен жекпе-жек шыға келген сәтте допты қиыс тебуі кәсіби футболшыға лайықты емес-ақ қателік болды.

Әлібек Қасымның екінші таймда аса дөрекі ойнап, «қызыл қағаз» алып, алаңнан қуылуы да қорғаушыларымыздың тарапынан кеткен ортақ кемшіліктің кесірі еді.

Ойынның соңына таман, әсіресе соңғы 10 минут шамасында ақтөбеліктер жойқын шабуылдар ұйымдастырды, бірақ осыған дейін осылай ойнағанда, бәлкім, есеп басқаша нәтиже көрсетер ме еді.

Не болғанда да, «Тобыл» біздің биік орындарға деген ұмтылысымызды биыл да осылайша тежеді. «Биыл да» дейтін себебіміз, өткен жылы чемпиондыққа таластың соңғы жағына таман, 15 қазанда «Тобыл» Қостанайда даулы пенальти кезінде жеңіп кетіп (бір пенальтиді екі рет соққызған соң) бармағымызды шайнатқан. Сол ойында олар алып кеткен үш ұпай қорытындыда алдымыздан шыққан: чемпионатты «Астана» 53 ұпаймен чемпион болып аяқтаса, күміс жүлдегер «Ақтөбе» 52 ұпаймен аяқтаған.

Ал мынадай ойындармен биыл чемпиондыққа таласуымыз да қиын болатын сияқты.

«Ақтөбе»-«Тобыл» — 1:1

Гол авторлары: Рамазан Оразов, 40-минут (0:1), Андрия Филипович, 66-минут (1:1).

56-минутта Әлібек Қасымға («Ақтөбе») дөрекі ойнағаны үшін «қызыл қағаз» көрсетіліп, алаңнан қуылды.

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Стас Покатилов (қақпашы), Дмитрий Шомко (капитан), Лука Гадрани,​ Әлібек Қасым, Әділхан Таңжарықов, Леонел Струмия, Милош Раичкович (Эхаб Гнаем, 68-минут), Андерсон Ньянгбо, Максим Самородов (Ескендір Қыбырай, 63-минут), Рожерио Шина (Андрия Филипович, 63-минут)​, Элдер Сантана.

Бас бапкер — Андрей Карпович.

20 тамыз 2023 жыл. Ақтөбе қаласы, Қобыланды батыр атындағы Орталық стадион.

*   *   *

Біздің мергендеріміз:

Арман Кеңесов, жартылай қорғаушы — 6 гол;

Максим Самородов, жартылай қорғаушы — 4 гол;

Элдер Сантана, шабуылшы — 4 гол;

Әлібек Қасым, қорғаушы — 4 гол;

Лука Гадрани, қорғаушы — 3 гол;

Андрия Филипович, шабуылшы — 3 гол;

Ескендір Қыбырай, қорғаушы — 2 гол;

Уго Видемонт, жартылай қорғаушы — 2 гол,

Ыдырыс Умаев, шабуылшы — 2 гол;

Рожерио Шина, шабуылшы — 2 доп;

Андерсон Ньянгбо, жартылай қорғаушы — 2 доп,

Абылайхан Жұмабек, шабуылшы — 1 гол;

Милош Раичкович, жартылай қорғаушы —1 доп,

Дмитрий Шомко, қорғаушы — 1 доп.

*   *   *

Жерлестеріміз 20 кездесу өткізіп, 11 рет жеңді, 7 рет тең ойнады, 2 рет ұтылды.

Ұпай саны — 40. Доп айырмашылығы — 37:19.

*   *   *

20-турдан соң командалар турнир кестесіне төмендегідей ретпен орналасты:

  1. «Ордабасы» (Шымкент) — 48 ұпай;
  2. «Ақтөбе» (Ақтөбе) — 40 ұпай;
  3. «Астана» (Астана) — 40 ұпай;
  4. «Қызылжар» (Петропавл) — 33 ұпай;
  5. «Қайрат» (Алматы) — 32 ұпай;
  6. «Тобыл» (Қостанай) — 27 ұпай;
  7. «Атырау» (Атырау) — 27 ұпай;
  8. «Қайсар» (Қызылорда) — 25 ұпай;
  9. «Жетісу» (Талдықорған) — 24 ұпай;
  10. «Шахтер» (Қарағанды) — 23 ұпай;
  11. «Оқжетпес» (Көкшетау) — 17 ұпай;
  12. «Мақтаарал» (Атакент) — 15 ұпай;
  13. «Ақсу» (Павлодар) — 15 ұпай;
  14. «Каспий» (Ақтау) — 14 ұпай.

(Басқалардан «Тобыл» мен «Мақтааралдың» 2 ойыны, ал «Ордабасы», «Астана», «Қызылжар», «Оқжетпес» командаларының 1 ойыны кем екендігін еске саламыз).

*   *   *

21-тур ойындары 26-27 тамыз күндері өтеді:

26 тамыз, сенбі

«Қайсар» — «Жетісу»

«Оқжетпес» — «Каспий»

«Мақтаарал» — «Шахтер»

27 тамыз, жексенбі

«Атырау» — «Ақтөбе»

«Қайрат» — «Астана»

«Тобыл» — «Ордабасы»

«Қызылжар» — «Ақсу»

*   *   *

Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Магомед Алиев 2024 жылы өтетін Еуропа чемпионатының іріктеу турниріне қатысуы жоспарланып отырған футболшылардың жалпы тізімін жария етті. Нақты тізім кейін мәлім болады.

7 қыркүйекте Финляндиямен, 10 қыркүйекте Солтүстік Ирландия құрамасымен өтетін ойындарға әзірге «Ақтөбе» командасынан үш футболшы шақырылып отыр: қорғаушы Әлібек Қасым, жартылай қорғаушылар Максим Самородов, Арман Кеңесов

Е.АХАТҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button