Ауыл

Мәртөк — инфрақұрылымы қарқынды дамып келе жатқан өңір

Жақында Мәртөк ауданында көшпелі баспасөз туры өтті. Құрамында 32 елді мекені бар Мәртөк ауданының бірнеше ауылында көше жолдарына асфальт төселіп, газ құбырлары тартылып жатыр. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы жүзеге асырылып жатқан жобалар да жетерлік. Журналистер ауданда атқарылып жатқан игілікті істерді көріп, аймақтың тыныс-тіршілігімен танысып қайтты.

 Қаратаусай мен Байторысай ауылдарына көгілдір отын беріледі

Баспасөз туры аудан әкімі Алмас Салықбаевтың жыл басынан бергі жеті айда атқарған жұмыстарды қорытындылаған есебінен басталды. Ауданда салынып жатқан құрылыс нысандарының жұмысын, инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылу барысы туралы айтқан А.Салықбаев әлеуметтік желіде халықпен байланыс орнату мақсатында мессенджер топтар ашылғанын да тілге тиек ете кетті. Онда ауыл тұрғындары көкейкесті мәселелерін айтып, сұрақтарына дер кезінде жауап ала алады.

—  Өткен жылы әкімдікке 1000-нан астам сауал келіп түсті. Биыл тұрғындармен 64 кездесу өткізіліп, 218 мәселе талқыға түсті. Оның 160-ы шешіліп, қалғаны бақылауға алынды. Мәртөктіктерді жол мен газ мәселесі көбірек толғандырады. Бұл мәселелер ретімен шешіліп келе жатыр. Жуырда Қаратаусай мен Байторысай ауылдарына көгілдір отын беріледі. Бұл үшін мемлекеттік бюджеттен 1,5 миллиард теңге бөлінген. Сондай-ақ аудандық бюджет есебінен Қарабұлақ ауылына газ құбырлары тартылып жатыр, — дейді аудан әкімі.

Мәртөк ауданында 32 ауылдың 12-сіне көгілдір отын тартылған. Онда аудан тұрғындарының 84 пайызы тұрады. Жолдар да жөнделіп жатыр.

Жол жөндеу жұмыстары Құрмансай, Достық, Байторысай және Қызылжар ауылдық округтерінде қарқынды жүргізіліп, көшелерге асфальт жабындылары төселіп жатыр. Әлеуметтік желіде жиі талқыланатын Сарыжар ауылына кіреберіс жол аудандық бюджет есебінен салынатын болады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жергілікті маңызы бар жолдардың 95 пайызын жөндеуді тапсырған еді. Осыған орай Мәртөк ауданында Достық ауылының кіреберіс жолын, Мәртөк – Дмитриевка – Байторысай, Мәртөк – Қаратаусай, Байторысай – Шевченко, Шевченко – Қызылжар ауыларалық жолдарын және Батыс Еуропа – Батыс Қытай тасжолынан Құрмансай ауылына дейінгі жолдарды жөндеу бойынша жобалар іске асырылып жатыр. Бүгінде Мәртөк ауданы халқының жалпы санының 84 пайызы газбен қамтылған. Биыл Қаратаусай және Байторысай ауылдарын газдандыру бойынша жобалар аяқталады. Атап айтсақ, Аққайың және Байторысай ауылдарында амбулаториялар, Родниковкада денешынықтыру-сауықтыру кешені салынады, — дейді ол.

 Мәртөкте 39 тұрғын үйдің құрылысы аяқталуға жақын

Ауданда баспана мәселесі де басты назарда. Мәртөкте 640 адам тұрғын үй кезегінде тұрса, оның 306-сы — жетім балалар, 164-і — әлеуметтік осал топтағы адамдар, 79-ы — көпбалалы аналар, 91-і — мемлекеттік қызметшілер.

Баспана кезегінде тұрғандардың басым көпшілігі — жетім балалар. Жайсаң арнайы мектебінің түлектері автоматты түрде кезекке қойылады. Жақында 39 коммуналдық жалдамалы тұрғын үй қолданысқа беріледі. 79 адам баспанамен қамтылып, одан бөлек 9 үй республикалық бюджеттен сатып алынады. Сондай-ақ келер жылы жеке инвестор есебінен 3 қабатты тұрғын үйдің құрылысы басталады, — дейді Алмас Салықбаев.

Мәртөк аудандық сәулет қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Нұрмұхан Құлшанаевтың айтуынша, 39 екі пәтерлі коммуналдық жалдамалы тұрғын үйдің құрылысы 2021 жылы басталған екен.

 39 екіпәтерлі коммуналдық жалдамалы тұрғын үйдің құрылысын «КазПромСтройГрупп» мердігер компаниясы атқарып жатыр. Жобалық-сметалық құны  — 951,3 млиллион теңге. Қазіргі таңда электр желісі мен газ құбырлары тартылып жатыр. Құрылыс жұмыстары аяқталысымен, аула толығымен қоршалады, — дейді ол.

Өткен жылы Мәртөк ауылдық округі бойынша құны 198,67 млн теңге болатын ұзындығы 8,75 шақырым 8 көшенің жолдарына орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, асфальт жабындылары төселді. Сондай-ақ Қаратоғай ауылдық округінде ұзындығы 241,418 метр болатын көпір құрылысы басталды. Бұл көпір ауылдар арасындағы көлік қатынасын реттейді. Қарашай ауылдық округінің әкімі Рүстем Ерімбетовтің айтуынша, Қарашай ауылдық округінде жол жөндеу, газ тарту жұмыстары іске асырылып жатыр.

Қарашай ауылдық округі құрамына екі елді мекен кіреді: Қаратаусай және Аққайың ауылы. Округте 953 адам тұрады. Биыл ұзындығы 8 шақырым болатын Қаратаусай ауылына баратын 5 көше, Қаратаусай-Аққайың бағыты бойынша 10 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ ауылға кіреберіс жолды жарықтандыру да қолға алынып жатыр. Ауыл тұрғындарын газбен қамту бойынша кентішілік газ құбыры өткізілді. Жалпы Байторысай, Қаратаусай ауылдарына газ құбырлары жүргізілсе, ауыл тұрғындары көгілдір отынмен қамтамасыз етіледі. Ауылішілік газ құбырын тарту құны 194,9 миллион теңге болса, жеткізуші газ құбырын тарту — 1,7 миллиард теңге. Биыл 5 отбасына кәсіпкерлердің демеушілігімен тегін газ құбырлары тартылып берілді. Сондай-ақ балалар ойын алаңдары, спорт, воркаут алаңдарының жобалық-сметалық құны әзірленді, — дейді ол.

 Жаңа балабақша ашылады

 Ауданда ауылдық Мәдениет үйі мен кітапхана, 3 спорт мектебі, 6 жалпы білім беретін орта мектеп, 5 мектепке дейінгі мекеме жұмыс жасайды. Білім ошақтарында оқушылардың волейбол, еркін күрес, баскетбол, стол теннисі сияқты спорт түрлерімен айналысуына жағдай жасалған.

Сондай-ақ қыркүйек айында аудан орталығында 210 балаға шақталған «Ерке» балабақшасы пайдалануға беріледі.

2021 жылы «Ерке» балабақшасының құрылысы басталған еді. «Мерсаид» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі балабақша құрылысын уақтылы аяқтады. Қазір тек ішкі әрлеу жұмыстары ғана жүргізіліп жатыр. Жобалық-сметалық құны — 130 миллион теңге. Балабақшада 7 топ жұмыс жасайды. Оның 4-еуі — қазақ тобы, 3-еуі — орыс тобы. Осы уақытқа дейін мердігер компания 5 балабақша құрылысын жүргізді, — дейді жеке кәсіпкер Бауыржан Аяпов.

Аудандық ауруханаға күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр

 Аудандық аурухана стационарлық және жылжымалы флюорография, лаборатория кабинеттерімен, УЗИ аппаратымен, 3 жедел медициналық жәрдем автокөлігі және  реанимобиль көліктерімен жабдықталған. Мәртөк аудандық ауруханасының бас дәрігері Нұрсейіт Кішкентаевтың айтуынша, 2011 жылы ауруханаға кешенді жөндеу жұмыстары жүргізіліп, шатыр жабындылары ауыстырылған екен.

—  Қазір Мәртөк аудандық ауруханасында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, кәріз жүйелері мен еден жабындылары жаңартылып жатыр. «КазЕвроСтрой» мердігер компаниясы қараша айына дейін жөндеу жұмыстарын аяқтауды жоспарлап отыр.  Жобаның сметалық құны — 323,4 миллион теңге. Мұнда 55 дәрігер, 186 мейірбике жұмыс жасайды. Аурухана 200 адамға шақталған. Қыркүйекте заманауи томографиялар әкелінеді, — дейді бас дәрігер.

 Жоба игілігін көргендер

 «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауданда қызу қолдау тапты. Бағдарлама аясында аудан тұрғындары жалпы құны 981 миллион теңге болатын 213 жоба тапсырылған. Оның ішінде құны 720 миллион теңге болатын 170 жоба мақұлданған. Негізінен, өсімдік және құс шаруашылығы бойынша кәсіпті қолға алғандар көп. Солардың бірі — Мәртөк ауданының тұрғыны Бақыт Бердібаева.

2021 жылы «Бастау-Бизнес» жобасы арқылы қайтарымсыз грант алып, нан өнімдерін әзірлеуді бастадым. Күн сайын ыстық нан өнімдерінің түр-түрін, оның ішінде 200-ден астам бөлке әзірлеймін. Ауыл мен қала арасын ыстық нанмен қамтамасыз етіп келемін.  Биыл «Ауыл аманаты» жобасына қатысып, кәсібімді кеңейттім. Қарамағымда 3 адам жұмыс жасайды. Болашақта үлкен цех ашып, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз еткім келеді. Қаладан шағын дүкен ашып, өз брендімді қалыптастыру жоспарымда бар, — дейді кәсіпкер.

 Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button