Ауыл

Қоянның қысы қүтіп тұр…

Шөп алдыңыз ба?!

Дәл қазіргі сәтте мал ұстайтын шаруаның аман-саулықтан кейінгі сұрағы осы болып тұр. 

Бір ай бұрын басталған шөп шабу науқаны — аудан, ауыл, әкімдерінің  ұйқысын бұзатын уақыт. Әр тұрғынның ауласы шөпке толғанша жергілікті басшыларда маза болмайды. Бірақ тұрғындар асықпайды. Себебі әркім көрпесіне қарап көсіледі. Тап қазір оқушы ұл-қыздарын мектепке дайындап, киім-кешегі мен оқу құралдарын түгендеп, біраз шығындалып қалды. Сондықтан қолында қаржысы бар тұрғындар болмаса, дені мал азығын алуға қыркүйек-қазан айларында кіріседі.

 Қыстың қамы…

 Дегенмен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының ақпаратына сүйенсек, жағдай — көңіл қуантарлық. Барлық ауданда жоспар жоғары деңгейде орындалған. Мал азығын дайындаудың ең төмен көрсеткіші бар ауданның өзі шөп  түсіру деңгейі — 82 пайыз. Алда әлі 2-3 ай уақыт барын ескерсек, жағаны кеңге салуға болады.

Облыс бойынша биылғы қысқа 1 миллион 7 мың  мал түседі деп жоспарланған. Осынша түлікке 2 807,2 мың тонна шөп керек. Қазіргі таңда  2 574,9 мың тонна шөп дайындалып,  91,7 пайызға жетіп отыр.

Мал қыстатуға түсетін жоспарлы мал басына шөптің жылдық қажеттілігі 1,9 миллион тонна деп есептелінген. Бірақ мал қыстату мерзімінде ауа райының қолайсыз жағдайларының болу ықтималдылығы ескеріліп, 1,5 жылдық мал азығы қоры жасақталды.

Бүгінгі күнге дейін 3,6 мың тонна пішен дайындалса, сүрлем және сабан дайындау жұмыстары қыркүйек айында жүргізіледі.

Облыста мал азығын дайындауға жер де, шабындық та жеткілікті.

Ауыл шаруашылығы мақсатында айналымға енгізілген жер көлемі — 12 957,1 мың гектар. Оның 11 829,4 мың гектары жайылым болса, шабындықтың көлемі  128,1 мың гектарға жетеді.  

— Мал азығын дайындау барысында уақытты және қолда бар мүмкіншіліктерді барынша тиімді пайдалануды көздедік. Жайылым жерлері пайдалануға келмейтін шаруашылықтарға уақытша жер бөлу мәселесін жеделдетіп шешуді және орман қорының жерлерін, мемлекеттік қор жерлерін мал азығын дайындауға пайдалануды аудан әкімдері ұйымдастырды.

Көктемгі-күзгі маусымдық мал азығын дайындау науқанына аудандар бойынша  263 жеке тұлға мен 92 шаруа қожалығына жерлер уақытша пайдалануға берілді.

Жемшөп дайындау жұмыстарына қажеттілікті толықтай қамтамасыз ететін 6,0 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Шаруашылықтарға дизель отынын жіберу бағасы 1 литріне — 250 теңге, бұл нарықтағы бағадан 15 пайызға арзан, — дейді облыстық ауылшаруашылығы басқармасы егіншілік бөлімінің басшысы Нұрбек Райымбаев. Оның айтуынша, шөп шабу науқанына барлығы 10,8 мың  ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылған.

Биыл облыстың ауыл шаруашылығы техникасы  518 бірлікке жаңарды. Шаруа қожалықтары  223 трактор, 3 трактор тіркемесі, 77 шөп шабатын техника, 76 шөп престегіш, 49 шөп тырмасы, 90 шөптиегіш сатып алған.

Арпаның құны аспандамайды

Дала шөбінен басқа жерге арпа-бидай егіп, тәуекел ететіндердің де көңілі бірленіп тұр. Қысқа қарай жемнің бағасы шалғай ауылдарға қымбатқа сатылады. Бірақ биыл шөптің де, жемнің де шығымына қарай баға аса көтерілмейді. Себебі малға беретін арпаның тапшылығы байқалмайды.  Қобда ауданының Жаңаталап ауылындағы «Қобда жер»  жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің биыл 3,4 мың гектар жерге еккен егіні орылып, қамбаға құйылып жатыр.

Биылғы ауа райы жаман болған жоқ. Еккен егініміз ойдағыдай шығып, жинап жатырмыз.  Арпа гектарынан — 12-14 центнерден, бидай 8-9 центнерден өнім берді.  Сонымен қатар 6 мың гектарға жуық шабындық жеріміз бар, жыл сайын шаруашылықтың 2 мың қойын бордақылау үшін әрқайсысының салмағы 230 келіден 6 мыңнан астам орама шөп жинаймыз. Егін жинау жұмыстары шілде айында басталып, қазір аудан орталығындағы қамбаға тасылып жатыр. Шаруа қожалығында 30-ға жуық адам жұмыс істейді, — дейді серіктестік басшысы Ардақ Бекешов.

Серіктестіктің егін жинайтын техникасы шетелден әкелінген. Мұндай техника астық жинауда тез әрі жеңіл жүреді. Жұмысшылардың айтуынша, егін орағы кезінде жақсы жұмыс істегендер 1 миллион теңгеге дейін табыс табады.

Мәртөк ауданындағы егіннің өнімділігі орташа есеппен гектарына 8,5 центнерге жеткен. Қазіргі таңда 5 мың тоннадан аса астық жиналған. Мәртөк аудандық ауыл шаруашылғы бөлімінің басшысы Ренат Бітімов ауданда 3 мыңдай ауланың мал азығымен қамтылғанын, шөп шабу науқаны әлі жалғасып жатқанын айтты. Осы жылы Мәртөк ауданында 8 шаруа қожалығы егінге орақ түсірген. Демек, ауданда арпа мол алынса, өзге аудандарға көбірек тасылса, баға негізсіз өспейді.

Жемшөптің  бағасы әр ауданда бекітілді. Қазір ораманың да  үлкен-кішісі, буманың да түр-түрі бар. Орташа есеппен үлкен 1 орама шөптің бағасы — 5-6 мың теңге аралығында. Ал бумасы — 300 теңге. Ауыл шаруашылығы мамандарының айтуы бойынша, барлық ауданда шөптің шығымы жақсы. Ешбір ауыл сырттан мал азығын сатып алмайды.

P.S.Жылнамаға  үңілсек, қоянның қысынан аса қауіп жоқ сияқты. Рас, бір жылдары қыс қатты болып, жайсыз оқиғалар өткен. Бірақ нәті үркек жануардың жылынан үрейлене беруге болмас. Қолындағы малына қысқы мал азығын қамдау — шаруалардың жылдағы дағдысы. Ал биылғы жаздың шабындығы да, жайылымы да мол болды.

Самат НАРЕГЕЕВ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button