ДенсаулықӘлеумет

«Ғалымның хаты өлмейді»

М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің ғылыми медициналық кітапханасында дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты, доцент, ҚР денсаулық сақтау ісінің үздігі, өмірден мезгілсіз өткен  Мұхтар Садуовтың «Жедел шұғыл медициналық көмек» кітабының таныстырылымы өтті.

Мұхтар Әбдуәліұлының «Полиграфия» баспасынан жарыққа шыққан кітабының таныстырылымына  университет ректоры Әсет Қалиев, медицина ғылымдарының докторы, профессор Нағашыбай Ақатаев, хирургия кафедрасының жетекшісі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Базылбек Жакиев сынды белгілі ғалымдармен қатар, марқұмның тума-туыстары мен бірге оқыған курстастары қатысты.

Кіріспе сөз сөйлеген М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің ректоры Әсет Қалиев:

— Бұл кітапқа жедел жәрдем дәрігерлерінің тәжірибесінде жиі кездесетін патологиялық жағдайлар, жарақаттар, қайғылы оқиғалар болған жағдайда не істеу керектігі жайлы нақты жазылған. Әсіресе жоғарғы курс студенттеріне, интерндерге, резиденттерге, жедел жәрдем дәрігерлері мен қабылдау бөлімінің дәрігерлеріне кітаптың берері көп, — дейді ол.

Іс-шараға қатысқан әріптестері де оның азаматтығымен қатар, көптеген шәкірт тәрбиелеген білікті ұстаз екенін, елге еңбегі сіңген мықты хирург екенін еске алысып, қазақ тілінде шыққан кітаптың қазақ балалары үшін үлкен олжа екендігін айтты. Іс-шара барысында Мұхтар Садуов жайлы бейнебаян көрсетіліп, елу кітап университеттің кітапханасына сыйға берілді. Іс-шараны ұйымдастырушы бірге оқыған курстас досы әрі ағасы, білікті дәрігер Жеңісбек Баубеков алыс-жақыннан келген қонақтарға алғысын білдірді.

Талғат ТІЛЕУЛЕСОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button