Ауыл

Орман өртін сөндіретін үш станцияның құрылысы басталды

Биыл облыстағы мемлекеттік орман қоры аумағы 3 рет өртенді. Біреуі —Ақтөбе қаласында, екеуі Мәртөк ауданы аумағында болды. Өрттің жалпы ауданы — 39,7 гектар.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Өрт қаупі бар маусымдағы өртке қарсы іс-шаралардың қорытындысы: орман және дала өрттері» тақырыбында өткен брифингте Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының аға инженері азаматтық қорғау майоры Запира Аманжолова айтты.

— Мемлекеттік орман қорының жалпы ауданы — 217,8 мың гектар. Қазіргі таңда орман шаруашылықтары мекемелері өрт қаупі жиі болатын маусымға толықтай дайын. Орман өртін сөндіретін 7 станция қажетті техникамен, құрал-жабдықтармен жабдықталған. Орман-дала өрттерін бақылау үшін 9 бақылау мұнарасы орнатылған, — дейді Ақтөбе облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы орман шаруашылығы бөлімінің басшысы Еркебұлан Таласпаев. Сонымен қатар ол станцияларда 7 өрт сөндіру көлігі, 90 аспалы бүріккіш, 15 бензоара, 14 мотопомпа, басқа да құрал-жабдықтар, сондай-ақ қорда 22 тонна жанар-жағармай барын жеткізді.

Облыста орман және жануарлар дүниесін қорғайтын 8 мекеме бар. Орман шаруашылықтарында барлығы 496 адам, оның ішінде 63-і орман өрті станцияларында жұмыс істейді.

— Қазіргі таңда орман шаруашылығы коммуналдық мемлекеттік мекемелеріне 7 орман өртін сөндіру станциясын салу қажеттілігі бар. Орқаш, Қобда, Қарабұтақ орман шаруашылығы мекемелеріне қарасты орман өртін сөндіруге арналған 3 станцияның құрылысы басталып жатыр. Қосымша 4 орман өртін сөндіру станцияларының құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу бойынша бюджеттік өтінім дайындалып жатыр, — дейді Еркебұлан Таласпаев.

Ақтөбе облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы 2023-2024 жылдары орман мекемелеріне 14 өрт сөндіру техникасын, 18 өрт бақылау мұнарасын, орман алқаптарындағы өрт жағдайларын ерте анықтау және алдын алу үшін 8 дрон аппаратын сатып алуды, сонымен қатар мемлекеттік орман күзетінің 274 қызметкерін арнайы киіммен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр, бұл мәселе алдағы мәслихат сессияларына ұсынылмақ.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button