Басты жаңалықтарҚала

Құрылысты бекітілген мерзімде аяқтау тапсырылды

Ақтөбе қаласында құрылысы ұзаққа созылған 11 нысан бар. Оның ішінде дені — тұрғын үйлер. Жүздеген тұрғын осы үйлерге қаржы салып, құрылыс компанияларына алданып қалған. Бүгінде үлескерлер не пәтеріне кіре алмай, не берген ақшаларын қайтара алмай әлек. Былтыр бұл мәселеге облыс әкімі Ералы Тоғжановтың өзі араласқан соң құрылыс қарқыны қайта жандана бастады. Облыс әкімдігі нысандарды аяқтау үшін инвесторлар тауып, бүгінде тұрғын үй кешендерінің құрылысы жалғасуда. Кеше өңір басшысы осындай сақалды құрылыстарды тағы бір аралап, жауапты тұлғаларға бекітілген мерзімде тұрғын үйлердің құрылысын аяқтауды тапсырды.

Ералы Тоғжанов бастаған топ алдымен Батыс-2 шағын ауданындағы «Кәусар» тұрғын үй кешенінің құрылыс алаңын аралап шықты. Бұл жерде жоспарға сәйкес үш тұрғын үй салынуы керек. Қазір бес қабатты бір үйдің құрылысы аяқталуға жақын. Мердігер мекеме қазан айына дейін құрылыс жұмыстарын аяқтауды көздеп отыр. Ал екінші тұрғын үйдің бүгінде тек үш қабаты ғана тұрғызылған. Үшінші үйдің құрылысы тіпті басталмаған.

Қазір бес қабатты 55 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысын «Qazaq Prom Stroi» компаниясы жүргізіп жатыр. Құрылыс алаңында 25 жұмысшы еңбек етуде. Бұрын бұл үйлердің құрылысын жүргізуді «ҚазЭкоСтрой Ақтөбе» ЖШС өз міндетіне алған.  

Биыл қазан айында 55 пәтерді қолданысқа беруді жоспарлап отырмыз. Ал қалған екі үйдің құрылысы, яғни 85 пәтер кейінге қалдырылып отыр. Қазір біз үшін құжаттарды қайта тіркеуде мәселелер туындап тұр. Сондықтан қаржымызды барынша жұмсамай тұрмыз. Құжаттарды қайта рәсімдеу заң бойынша сот арқылы жүзеге асады, ал оған біраз уақыт кетеді. Бүгінге дейін біз тұрғын үйлердің құрылысына 300 миллион теңге қаржы салдық, — дейді аталған серіктестік менеджері Жәмилә Қылаубаева.

Тұрғын үйдің құрылыс қарқынымен танысқан облыс әкімі «Qazaq Prom Stroi» компаниясының өкіліне барлық жұмыстарды белгіленген мерзімге дейін аяқтауды тапсырып, жұмысшылар санын 50 адамға дейін көбейтуді тапсырды. Сондай-ақ жауапты органдар құжаттар мәселесін шешуге көмектесетінін жеткізді.

Бұдан кейін Ералы Тоғжанов «Жилище» тұрғын үй-құрылыс кооперативінің жұмыс алаңын аралап көрді. Қазір инвестор болған «Альянс Б-2» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылыс жұмыстарын қарқынды түрде жүргізуде. Бұл жерде қазір жұмысшылар бетон құйып, арматура өріп жатыр.  

Облыс әкімі компания өкілімен тілдесіп, құрылыс қарқынын күшейту үшін жұмысшылар санын арттыруды, сондай-ақ тұрғын үй қабырғасын тұрғызуды барынша жеделдетуді тапсырды.

Бүгінде Батыс-2 шағын ауданында құрылысы ұзаққа созылған нысандардың қатарында «Ақниет-2022» тұрғын үй-құрылыс кооперативі мен «Safina» тұрғын үй кешені де бар. Бұл тұрғын үйлерге де жүздеген адам қаражат салып, үлескер болған. Қазір бұл екі үйдің құрылысын әрі қарай жалғастыруды екі инвестор компания өз жауапкершілігіне алған.   

Олар — «Rakhmet Construction Group» және «Сәулет Құрылыс-2007» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері.

— Біз инвестор ретінде «Ақниет-2022» тұрғын үй кешенінің құрылысын бүгіннен бастап қайта жалғастырып жатырмыз. Бұған дейін бұл үйдің құрылысын «Aktobe ROM group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. Жобада 4 подъезд бен 80 пәтер салу қарастырылған. Құрылыс жұмыстарын жүргізуге қатысты қазір ешқандай мәселе жоқ. Құрылыс жұмыстарын жыл аяғына дейін аяқтауға тырысамыз. Әрі кеткенде үй тұрғындарға көктемге дейін пайдалануға беріледі, — дейді компания басшысы Рахмет Талғатұлы.

Ал бұған дейін қабырғасы тұрғызылып, әрі қарай құрылысы тоқтап қалған «Safina» тұрғын үй кешенінің 3-корпусы жыл аяғына дейін пайдалануға берілмек. Қазір «Сәулет Құрылыс-2007» ЖШС құрылыс жұмыстарын бастады. 

Нысандарды аралап көрген облыс әкімі Ералы Тоғжанов барлық учаскеде жұмыс күшін арттыруды, сондай-ақ жауапты тұлғаларға инвесторларға жан-жақты көмек көрсетуді тапсырып, бірқатар тапсырма жүктеді.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button