Ауыл

Алғысқа бөленген полицей

Учаскелік полиция инспекторы Дастан Бисебаевты өзі қызмет ететін ауылдың халқы ерекше сеніп құрметтейді. Тұрғындарының саны екі мыңнан асатын Ойыл ауданының Көптоғай ауылдық округінде жұмыс жасайтын Дастан еңбекқорлығы  мен елге жанашырлығының арқасында үнемі үлкеннің де, кішінің де алғысына бөленіп жүреді.

Қызметтік көлігін мініп алып, күндіз-түні өзіне қарасты 4 ауылды үнемі аралап, үлкен-кішімен тығыз байланыста жүретін учаскелік инспектордың арқасында ауданда қылмыс пен құқықбұзушылықтар азайған. Мысалы, биыл жыл басынан бері бір ғана қылмыс тіркелсе, Дастан Бисебаев ізін суытпай, осы іске қатысы бар кінәліні тапқан. Яғни шаруа қожалығының қойын ұрлаған ұрыны анықтап, оған шығынды төлеткен.

Былтыр осы ауылға қызметке алғаш келген сәтте инспекторға ауыл тұрғыны келіп, алты ай бұрын жоғалған 10 сиырын табуға көмектесуді сұраған. Дастан қызметтік көлігімен жер-жерді аралап, аз күннің ішінде жоғалған малды Атырау облысы Мақат ауылының аумағынан тауып, иесіне ірі қарасын төлдерімен бірге әкеп берген. Бұл оқиға ауыл ішінде тез тарап, тұрғындар жаңа учаскелік инспекторға ерекше ілтипатпен қараған. Сондай-ақ ол жүргізген профилактикалық жұмыстарының арқасында есепте тұрған ауылдағы екі маскүнемді де түзу жолға түсіріп, зиянды әдеттен айықтырған.

Бүгінде тәулік бойы тұрғындармен байланыста болып, өз жұмысына ерекше жауапкершілікпен қарайтын Дастан Бисебаевқа ауыл халқы күдік тудырған кез келген оқиға, дерек, күдікті автокөліктер туралы хабарлап отырады. Ауыл жастары да оны қамқор аға тұтып, келелі мәселелерді үнемі ақылдасып шешеді. Мәселен, жақында жастардың ауылдағы спорт алаңын жарықтандыру мәселесін шешуге де учаскелік инспектор атсалысқан болатын.

Дастан Бисебаевтың адамгершілігі мен қайырымдылығы — бұл тіпті  бөлек әңгіме. Олай дейтініміз, ол ауылдағы қариялардың отын-шөбін тасуға, құрылыс жұмыстарына әрдайым көмектесіп жүреді, мұқтаж отбасылардың балаларына киім-кешек алып береді. Ал биыл сәуір айында ауылға су тасқыны қаупі төнген кезде ол күні-түні күзетте болып, қауіптің бетін қайтаруға тікелей ықпал еткен. Ауылды қауіптен құтқаруға қосқан үлесі үшін оны ауыл әкімі Алғыс хатпен марапаттаған.

Үнемі ауыл халқынан алғыс алып жүретін Дастан Бисебаевтың ішкі істер саласында еңбек еткеніне 20 жылдан асқан. Өз жұмысына ұқыпты, адал, мамандығын ерекше сүйетін  полиция аға лейтенанты — бүгінде бес баланың әкесі. Отбасындағы тұңғышы қазір әке жолын таңдап, осы салада қызмет етуді армандап жүр. Халқына жақын, қызметіне адал кейіпкерімізге толағай табыстар мен отбасына береке-бірлік тілейміз.

Д.АЙДАР,

Ойыл ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button