Әлеумет

«Екі балам да жүре алмайды»

қос бірдей ұлы сал ауруына шалдыққан ананың жанайқайы

 Ақтөбе облысында дүниеге келген Санжар мен Мүслім Қуанышбек туғалы бері ауыр дертпен күресіп келеді. Бір үйдің екі баласы да сал аурына шалдыққан. Ал ата-анасы балаларын аяққа тұрғызу үшін бар күшін салса да, емнің қаражаты жеткізер емес.

Санжар — 12 жаста, ал Мүслімнің жасы алтыдан асты. Бүгінде ата-анасы екі ұлын қатарға қосу үшін тынымсыз еңбектеніп жүр.

— Екі баламда да жүктілік өте жақсы өтті. Менде қандай да бір жеріктік, баланың түсіп қалу қаупі деген болған жоқ. Екеуі де өмірге сап-сау болып келген еді. Бірақ Алланың қалауы осылай екен. Санжардың денсаулығында кінәраты барын екі айында білдік. Бес айынан бастап үздіксіз ем алдық. Алайда мүлде нәтиже болмады. Алматыдағы оңалту орталығында емделген соң біраз өзгеріс байқадық. Қолмен тіреп отыра бастады. Өкініштісі сол — әрі қарай емді жалғастыру үшін қаражатымыз болмады, —  дейді анасы Ләззат Оразбаева.

Ләззат ұлы Санжар төртке келгенше баласын үздіксіз емдеп, тағы бір қызын дүниеге әкелді. Бүгінде қызы — мектеп оқушысы, дені сау.

Ал 2017 жылы өмірге келген үшінші баласы Мүслімнің де сал ауруына шалдыққаны ерлі-зайыптылардың еңсесін түсірді.

— Санжарды аяққа тұрғызамыз деп шапқылап жүргенде ұлымыз Мүслімнің де денсаулығында кінәрат барын бір айлық кезінде білдік. Үздіксіз ем ала бастадық. Амал қанша, оған да сал ауруы диагнозы қойылды. Бүгінде екі ұлымызды қатарға қосу үшін бар қаражатты жұмсадық. Ендігі үмітіміз — түркиялық дәрігерлерде, — дейді Ләззат.

Бүгінде Санжар мен Мүсілім түркиялық дәрігерлерден онлайн кеңес алды. Олар балалардың аяғына ортопедиялық құрылғы, яғни ортез кигізіп, аяғын сезінуіне көмектесетінін айтып отыр.

— Түркиялық дәрігерлер үмітімізді қайта оятты. Олар ота жасауға және ортез кигізуге болатынын айтты. Бұл балалардың аяғын сезінуге көмектеседі. Ота құны — 16 миллион 700 мың теңге. Бүгінде 8 миллионға жуық қаражат жиналды. Ең өкініштісі, уақыт аз. Дәрігерлер Санжар 13 жасқа толғанша ота жасату керектігін ескертті. Ұлым мүшелге жақындап қалды. Балаларымның ойлау қабілеті жақсы. Енді олардың аяққа тұруына халықтан көмек сұраймын, — дейді Ләззат Оразбаева.

Санжар мен Мүслім Қуанышбекке көмек көрсетемін деушілер үшін анасы Ләззат Оразбаеваның банк карталарына тіркелген нөмірлерін ұсынып отырмыз:

Kaspi Gold-ке тіркелген нөмір: 8 702 245 34 46.

Halyk Bank-ке тіркелген номер: 8 705 232 56 65, анасы Ләззат О.

Бір үйдің екі баласының жүріп кетуіне тілектестік білдіріп, қаржылай қолдап жіберейік.

Несібелі ЖӘРДЕМ.

. Фото: жеке мұрағат Тағы да оқыңыздар

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button