Басты жаңалықтарӘлеумет

Жылыту маусымы алдында Ақтөбедегі балалар ауруханасының көпжылдық жылумен қамту проблемасы шешіледі

Ақтөбе облыстық балалар ауруханасында жылу жүйесін күрделі жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Денсаулық сақтау жүйесіндегі өзекті мәселенің бірі – қыс мезгілінде емдеу мекемесіндегі палаталар мен басқа да бөлмелердің суықтығы.

Аталған нысанға облыс әкімі Ералы Тоғжанов барып, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

«Қазіргі таңда қазандықтар, жабдықтар, сонымен қатар жылу желілері жаңа құбырларға алмастырылуда. Бір айдан кейін, жылу маусымының басына қарай аяқтаймыз»,- деді бас дәрігер Ербол Жапақов.

Ақтөбе медицина орталығында да жылу маусымына дайындық жоспарға сай. Мұнда да жаңа қазандықтар қондырылып, барлық жылу жүйелері тексерілуде.

Бұдан бөлек, өңір басшысы білім беру ошақтарының ғимараттарындағы күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.

№9 мектеп-гимназиясында 35 жылдың ішінде алғаш рет күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Барлық инженерлік желілер алмастырылып, қасбеті монтаждалып жатыр. Ералы Тоғжанов жұмыстағы кейбір олқылықтарға, атап айтқанда қасбет панельдерінің түйіскен жеріндегі үлкен саңылауларға назар аударып, жұмыс сапасын тексеруді және анықталған барлық ескертулерді жоюды тапсырды.

Сазды орта мектебіндегі жөндеу жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. Мекеме әкімшілігі проблемалық сұрақтардың жоқ екендігіне сендірді.

Облыс әкімі уәкілетті мемлекеттік орган басшыларына атқарылып жатқан жұмыстың әр кезеңі мен сапасын, уақытында тапсырылуын бақылау қажеттігін ескертті.

Бұған дейін хабарланғандай, 22 тамыздағы жағдай бойынша өңір жылу маусымына 89%-ға дайын. 563 қазандық, 57,9 шақырым кәріз-су желісі, 11,7 шақырым жылу желісі жөнделді. Жұмыс жалғасуда.

Сонымен қатар, отын жинақтау жұмыстары жалғасуда, бюджеттік мекемелерде көмір қоры 27 268 тонна, дизель отыны 1 500 тоннаны құрайды, бұл тиісінше бекітілген нормалардың 84% және 79% сәйкес келеді.

А.МӘЛІКҚЫЗЫ

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button