Спорт

Қақпақылға түскен қара күш

«Ақтөбе» 16 тамызда емес, одан бір апта бұрын, Румынияда 10 тамыз күні 89-минутта қақпасына жауап гол соққызып алған соң ұтылып болған екен. Ал 16 тамызда өз алаңымызда болған қарымта кездесуде жерлестеріміз «Сепси» командасынан шын мәнінде әлсіздеу екенін мойындады да қойды.

Рас, бірінші тайм да, тіпті екінші тайм да алма-кезек шабуылдарға толы болды. Дегенмен біздің жігіттер сол баяғысынша гол соғуға лайық сәттер келгенде абдырап қалатын әдеттерін қайталай берді. Жанкүйерлер аса үміт күткен Сантана да, Шина да қарсыластар қақпасының кілтін таба алмады. Тіпті, былай қарағанда, ақтөбеліктердің жанталасқан қимылдарына, жеңіске жетуге соншама тырысқандарына кінә да қоя алмайсың.

Дегенмен румындық футболшылардың біздің жігіттерден бір бас артық екендігіне дау айту да қиын. Бұны мына мысалдар да дәлелдейді. Айталық, румындар қақпаға соққы жасау жөнінде де (9-7), қақпаны дәл нысанаға алу тұрғысында да (3-2) алда болды. Тағы бір ерекшелік, қонақтар ойын техникасына жете мән берсе, біздің жігіттер мәселені қара күшке салумен (допқа жөн-жосықсыз баса-көктеп ұмтылу, ретті, ретсіз соққы жасай беру, доп қабылдау немесе пас беру кезінде алас-қапас асыға қимылдау, өзара түсінісе ойнауды ұмыту, т.б.) шеше қойғысы келді. Біздің ішкі чемпионатымызда іске асырудың қисыны да келіп кетуі мүмкін бұл әдістердің жолын кесу еуропалық клубтарға соншама қиындық тудырмайтыны да белгілі болды. Не керек, румындық футболшының 66-минутта біздің айып алаңымызға бұрыштамадан тасталған допқа талас кезіндегі бір қимылы ақтөбеліктердің бүкіл маңдай терін жоққа шығарды. Сөйтіп, командамыз Конферения лигасының үшінші кезеңіне келіп тоқтады, плей-офф ойыны бұйырмады.

Енді командамызға келесі жылғы Еурокубок маусымын күту ғана қалды. Онда да биылғы ішкі чемпионат қорытындысында сол Еурокубокқа қатысуға мүмкіндік беретін орынға ие болуымыз қажет екені және белгілі.

«Ақтөбе» (Ақтөбе, Қазақстан)-«Сепси» (Сфынту-Георге, Румыния) – 0:1 (жалпы есеп — 1:2).

Гол авторы: Николае Пэун, 66-минут (0:1).

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Стас Покатилов, қақпашы, Дмитрий Шомко, капитан (Абылайхан Жұмабек 86), Дмитрий Яшин,​ Әлібек Қасым, Әділхан Таңжарықов (Дмитрий Бессмертный, 81-минут), Леонел Струмия, Милош Раичкович (Лука Гадрани, 67-минут), Рожерио Шина (Андрия Филипович, 81-минут), Бауыржан Байтана​ (Андерсон Ньянгбо, 67-минут), Максим Самородов, Элдер Сантана.

Бас бапкер — Андрей Карпович.

17 тамыз 2023 жыл. Ақтөбе қаласы, Қобыланды батыр атындағы Орталық стадион.

*   *   *

Ал Конференция лигасының плей-офф ойынына «Астана» командасы қатысатын болды. Онда да жеңіске жеткендіктен емес, жеңілгендіктен.

Тиянақтай айтсақ, Еуропа лигасының үшінші кезеңіндегі қарымта кездесуде астаналықтар Болгарияның Разград қаласында «Лудогорец» командасымен кездескен болатын. Өз алаңымызда одан бір апта бұрын бұларды ұтқан (2:1), тіпті ірі есеппен ұтып кетерліктер қауқар көрсеткен «Астана» Болгарияда жынын алдырған бақсыдай болды да қалды, 1:5 есебімен ойсырай жеңілді.

«Лудогорец» (Разград, Болгария)-«Астана» (Астана, Қазақстан) — 5:1 (жалпы есеп — 6:3)

Енді астаналықтарға Еупрокубок ойындарының тәртібі бойынша Конференция лигасының плей-офф кезеңінде ойнауға мүмкіндік берілді. Жерлестеріміз 24 тамызда Астанада Албанияның «Партизан» командасын қабылдайды. Қарымта кездесу  31 тамызда сырт алаңда өтеді.

*   *   *

Қостанайдың «Тобыл» командасы Конференция лигасының плей-офф кезеңіне таза еңбегімен өтті.

Конференция лигасының үшінші кезеңі аясында 10 тамызда өткен бірінші кездесуде өз алаңымызда 1:0 есебімен жеңіске жеткен «Тобыл» 17 тамызда сырт алаңда 0:1 есебімен ұтылып қалды. Қосымша 30 минуттық экстра-тайм жеңімпазды анықтай алмады да, пенальтилер сериясына кезек берілді. Бұл сайыста, негізінен, қақпашы Иван Коноваловтың арқасында «Тобыл» жеңіске жетті (6:5).

«Дерри Сити» (Дерри, Солтүстік Ирландия)-«Тобыл» (Қостанай, Қазақстан) 1:0 (жалпы есеп — 1:1, пенальти бойынша 5:6).

Плей-офф кезеңінде «Тобыл» Чехияның «Виктория» командасымен ойнайды. Бірінші кездесу 24 тамызда Қостанайдың Орталық стадионында өтсе, қарымта ойын Чехияның Плезнь қаласында 31 тамызға белгіленген.

Е.АХАТҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button