Басты жаңалықтарӘлеумет

Ақтөбе облысында жылыту маусымына дайындық қарқынды

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен аппараттық жиында жылыту маусымына дайындық мәселелері қаралды.

Энергетика және ТКШ басқармасы басшысының м.а. Нұршашқан Ізбасарова бүгінгі таңда өңірдің жылу беру маусымына дайындығы 89%-ды құрайтынын мәлімдеді. 563 қазандық, 57,9 шақырым су-кәріз желісі, 11,7 шақырым жылу желілерін жөндеу аяқталды. Жұмыстар жалғасуда. Электр желілерін жөндеу жоспары асыра орындалды. Жөндеу жұмыстарымен барлығы 398,1 шақырым электр желілері қамтылды.

Бұдан өзге, отын жинақтау жалғасады: бюджеттік ұйымдарда қазіргі уақытта көмір қоры 27 268 тоннаны, дизель отыны – 1 500 тоннаны құрайды, бұл тиісінше бекітілген нормалардың 84% және 79% сәйкес келеді.

Алдағы жылыту маусымында халықтың қажеттілігі үшін 22 мың тонна көмір қажет болады. Бүгінгі таңда 8 470 тонна жеткізілді, жоспар 38%-ға орындалды.

Сонымен қатар, 3 білім беру және 4 денсаулық сақтау нысандарында жөндеу жұмыстарының мерзімдері сақталмағаны байқалып отыр. Тағы бір өзекті мәселе – Ақтөбе қаласындағы көппәтерлі тұрғын үйлердің дайындық актілерін алмауы. Үйлердің қысқы жылыту кезеңіне дайындығын тексеру – пәтерлерді жылумен сапалы қамтамасыз ету үшін қажетті жыл сайынғы міндетті рәсім.
Осы тақырып бойынша Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет, денсаулық сақтау, білім басқармаларының басшылары да баяндама жасады.

Облыс әкімі жылыту маусымына дайындықты жоспарланған мерзімдерден кешіктірілмей, кесте бойынша жүргізілуі тиіс екенін алға тартты.

«Жылумен жабдықтау мәселесі – Мемлекет басшысының айырықша бақылауында. Ақтөбе қаласының және облыс аудандары әкімдіктері, облыстық басқармалар және жеке кәсіпркерлік өкілдерін тарта отырып, көппәтерлі тұрғын үйлердің паспорттары мен дайындық актілерін уақытылы алу бойынша жұмыстар атқаруы қажет. Барлық әлеуметтік нысандардың мерзімінде дайындығын қамтамасыз ету керек. Аудан әкімдіктері көмірді уақытылы сатып алу бойынша халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуі тиіс. Қазан-қараша айларын күтпей, халыққа қажетті көмір мөлшерін жеткізу қамтамасыз етілуі тиіс», – деді Ералы Тоғжанов.

Жиналыстың күн тәртібіндегі екінші мәселе – егін жинау науқаны мен жем-шөп дайындау.

Биылғы жылы барлық ауыл шаруашылығы дақылдары 747,1 мың га жерге егілді. Оның ішінде дәнді дақылдар – 439,8 мың га, майлы дақылдар – 56,8 мың га, жемшөп дақылдары – 239,4 мың га, картоп – 6 мың га және көкөніс – бақша дақылдары – 5,1 мың га.
Егіннің 75,7%-ы облыстың 4 ауданына тиесілі: Әйтеке би, Қарғалы, Мәртөк және Хромтау.

Егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін қажетті техника жеткілікті.  14 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Үкімет тапсырмасына сәйкес дизель отынының бағасын 250 теңгеге дейін төмендету бойынша жұмыстар жүргізілді.

Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембайдың сөзінше, бүгінде егін 54 мың гектардан жиналды. Жаппай егін жинау жұмыстары тамыздың үшінші онкүндігіне қарай басталады.

Малға жем әзірлеу – күн тәртібінде.

Барлығы 2,8 млн тонна шөп дайындау жоспарлануда, бұл – бір жарым жылдық қор. Бүгінгі таңда жоспар 91,7% орындалды. Облыс бойынша шөп шабу науқанына барлығы 10,8 мың бірлік ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылуда.

Ақбөкендердің егіс алқаптарын таптауы – өзекті мәселелердің қатарында. Қазіргі уақытта облыста киіктер 16 мың гектарға жуық егіс алқабына зиян келтірген. Шаруалар шығындарды өтеуді сұрап отыр.

Облыс әкімі бұл мәселе орталық мемлекеттік органдар деңгейінде шешуді талап ететінін атап өтіп, уәкілетті жергілікті атқарушы органдарға мәселені шешу бойынша ұсыныстар дайындауды тапсырды.

А.МӘЛІКҚЫЗЫ

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button