Басты жаңалықтарСпорт

Үздік ақтөбелік спортшылар марапатталды

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов спорт күніне арналған салтанатты кешке қатысты.

«Спорт саласының қызметкерлері – елдің көз алдында жүретін, көпшіліктің көзайымы болып, сынға түссе шыңдалып, додаға салған сайын делебесі қозатын ерекше жандарсыздар. Президент тапсырмасына сәйкес «Дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамыту жөніндегі 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар әзірленіп, Үкімет қаулысымен бекітілгені белгілі. Қазіргі уақытта спорт қызметкерлеріне, жалпы салаға айырықша көңіл бөлінуде», – деді құттықтау сөзінде Ералы Тоғжанов.

Бүгінде өңірдің барлық аймақтарында, тіпті шалғай жатқан ауылдарда әртүрлі спорт түрінен заманауи нысандар ашылып, салынуда. Биыл 18 спорт нысаны, оның ішінде «Спорт нысандарын дамыту» бағдарламасы аясында 7 спорт кешені және «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасымен 11 спорт алаңы бой көтереді.

Ақтөбелік спортшылар түрлі додаларда жеңіс тұғырынан көрінуде. Кейбір спорт түрлерінен рекорд жаңартқандары бар. Облыс әкімі мерекелік шара барысында әрқайсысына жеке-жеке тоқталып өтті. Олардың спорттағы жетістіктерін айтып, саланың дамуына қосқан үлесін көпке үлгі етті.

Облыс әкімі спорттағы жоғары нәтижелері үшін, спортты дамытуға қосқан үлесі үшін 18 ақтөбелік спортшыны алғыс хатпен марапаттады.

Сондай-ақ, ҚР Мәдениет және спорт министрінің «Құрметті спорт қызметкері» атағы спорт ардагері Жетпісбай Еңсепов, Мінсізбай Жайлыбаев, Бауыржан Төлегеновке, «Дене шынықтыру мен спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» медалі Нұрлыжан Мұқашев, Мейрамбек Әбішев, Константин Демиденкоға берілді. Министр А.Ораловтың «Алғыс хатын» самбо күресінен жаттықтырушы Ақәділ Убаев иеленді.

Алты спорт ардагері «Спорт ардагері» төсбелгісін омырауына тақты.

А.МӘЛІКҚЫЗЫ

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button