Басты жаңалықтарСпортҚала

Ақтөбе облысындағы спорт мектептеріне жаңа шағын автобустар тарту етілді

Қазақстанда жыл сайын тамыз айының үшінші жексенбісінде спорт күні аталып өтіледі. Бүгін Ақтөбе облысында мерекеге орай түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда.

Облыс орталығында спорт күнін атап өту Триатлон паркінен басталды. Облыс әкімі Ералы Тоғжанов алдымен балалар-жасөспірімдер спорт мектептеріне шағын автобустарды тарту етті. Next маркалы 12 көліктің кілті өңірдің 12 ауданынан келген спорт мектебінің директорларына табысталды.

Мерекелік шара EKIDEN жеңілатлетикалық эстафета жарысымен жалғасты. Құттықтау сөзінде Ералы Тоғжанов өңірде спортқа ерекше көңіл бөлініп, жылдан-жылға спортпен айналысушылар саны артып жатқанын алға тартты.

«Спорт күні – денсаулық, күш-жігер, шыдамдылық, сергектік мерекесі.
Халық даналығында «Тәні саудың – жаны сау» деп тегін айтылмаса керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлт саулығының кепілі – спортты дамытуға жиі көңіл бөліп келеді. Президент көтерген бастамалардың барлығы да халықтың денсаулығын жақсартып, әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді. Салауатты өмір салты, дене шынықтыру мен спортты дамыту – елімізде, оның ішінде облысымызда маңызды міндеттерді бірі. Бүгінде спорт кешендері бой көтеріп, мектептер мен спорт үйірмелерінде дене шынықтыру мен шұғылданушылар саны көбейіп келеді», – деді Ералы Тоғжанов.

10 шақырымдық эстафеталық жүгіру жарысына 30 команда (әр командада 4 адам) қатысты. Жеңімпаздар екі санат бойынша марапатталды. «Достар» санатында
«ХАРД» командасы жеңіске жетті. SN Running Team және «Спарта» командалары екінші, үшінші орындарды бөлісті. Ал «Корпорация»
санатында «Қазхром арыстандары» командасы бірінші орынды, «Победители» екінші орынды, «Әуе-қорғаныш күштері институты» командасы үшінші орынды иеленді.
Жеңімпаздардардың барлығы ақшалай сыйлықтар мен медальдарға ие болды.

Бүгінде ақтөбелік спортшылар өздерінің мықтылығы және жоғары нәтижелерімен еліміздің беделін әлемдік аренада асқақтатуда. Биыл олар 139 Қазақстан чемпионатына қатысып, 40 алтын, 32 күміс, 53 қола медалін жеңіп алған.

А.МӘЛІКҚЫЗЫ

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button