АуылБасты жаңалықтар

Өзіміздің өнімнің дәмі

Тамыз айы қарбаласқа толы әрі жұмыстың да, сауданың да қызатын кезі. Осы айда жергілікті өнімдер жаппай сатылымға шығарылады. Әсіресе бау-бақша өнімдеріне деген сұраныс артады. Жергілікті өнім көп болса, базар бағасы да түседі. Жыл сайын облыстағы бау-бақша көлемі артып, көкөніс түрлері де көбейіп келеді.  Оның үстіне «Ауыл аманаты» жобасы арқылы да егілген бақшалар да өнімдерін бере бастады.

Ақтөбе облысында бақша өнімдері пісіп, тұтынушыларға жеткізіліп жатыр. Егілген дәннің шығымы мен шығыны шотқа қағылатын, жерге төгілген тердің ақталатын сәті де осы тұс.  Сондықтан қай ауылға барсаң да, қайнаған еңбек, қызу тірліктің үстінен түсесің.

Облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің тілшілері Қобда, Мәртөк аудандарына барып, жергілікті бау-бақша өсірушілердің өнімдерімен танысып қайтты.

Қоймасы көп, қоры бар

Қобда ауданы Әлия ауылының іргесіне «Ауыл аманаты» жобасы арқылы көктемде 10 гектар жерге бақша салған Дәулет Төлемісовтің қияры қазір таразыдан түспей тұр. Ол өнімін Ақтөбе қаласындағы «Дина» сауда дүкені желілерінің қоймасына тапсырады. Күніне 1-1,5 тонна қияр жиналады. Одан басқа қызанақ, қырыққабат, ащы бұрыш, баклажан секілді көкөністері ауыл, аудан, қала дүкендерінде тұр.

Әлия ауылында үлкен қойма бар. Жыл сайын сақтандыру қоры арқылы қысқа көкөністерді сақтаймыз. Сонымен қатар мекемелердің  қоймаларын да пайдаланамыз. Сондықтан ауданда жылдың қай мезгілінде де көкөніс тапшылығы байқалмайды.  Айталық, былтыр Әлия ауылындағы қойманың өзінде 22 мың тонна картоп болды. Оны әр ауылдық округ әкімдерімен келісіп, дүкендерге тараттық. Көкөністерді егіп шығару бір жұмыс болса, оны сатып, өткізудің де өз қиындықтары бар. Сол себепті жергілікті шаруалар шығынға ұрынбау үшін өнімдері кідіріссіз сатылғаны дұрыс, — дейді Қобда аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Түктібай Бақдәулет.

Қанаттың құлпынайы

Жарсайлық   Қанат Аманжолов бастапқыда Батыс Қазақстан облысынан құлпынайдың 2 сұрпынан 20 түп әкеліп, ауласына еккен екен. Бұрыннан органикалық тыңайтқыш сатумен айналысатын ол Ақтөбе қаласындағы құлпынай өсіріп отырған бір кісіден 400 көшетін сатып алған. Былтыр Алматы қаласынан 1000 түп  альбион сұрпын алдыртыпты.  Одан кейін де Ресейден, Қырғызстаннан  өзге сұрыптарын алдыртып, әбден зерттеген.   Осылайша көп ізденістен соң облыстың ауа райына бейім келетін 2 сұрыпты таңдап биыл 21 мың түп отырғызды.

Құлпынайды ауладан алқапқа көшіру үшін біраз тер төгуге тура келді. Бір жақсы жері ауыл әкімінен жер сұрағанымда бұл мәселені бірден шешіп берді. Қолымдағы қаражат қоршау, бақшаға қажетті құралдарды алуға жетпеді. Инвестор іздестіргенімізбен, нәтиже болмады. Сөйтіп жүргенде «Ауыл аманаты» жобасына іліктім. Бірақ құжат жағынан кедергілер кездесіп, қаражаты қолыма кештеу тиді. Дегенмен бұл жоба ісімді кеңейтуге, жандандыруға үлкен көмек болды. Бақша жұмыстарына жергілікті әкімдік қолдау көрсетті. Егуге әкімдік қызметкерлері, ауыл жастары келді. Қазіргі таңда құлпынайға сұраныс көп, — дейді Қанат Аманжолов.

Оның айтуынша, құлпынай сабағынан жұлынғаннан кейін 4 тәулік бойы бұзылмайды.

Көтерме бағамен құлпынайдың 1 келісін 2500 теңгеден өткізіп тұрады. Өнімді күнара жинап, 50 келі алады. Қанаттың бақшасында қызанақ та қызарып тұр.

Биыл қаржылық кедергілерге байланысты өте жай егілгендіктен таңқурай шықпай қалған. Бірақ келесі жылы ерте қамданып, қайта егуге құлшынып отыр. Бір-ақ жылда ауылды құлпынайға қарық қылған Қанат екінші жылы таңқураймен таңғалдырмақ.

Тәттібектің тәтті жемісі

«Қобдада жүзім өседі» десе, біреу сеніп, біреу сенбес. Оны өз көзімізбен көрдік. Тәттібек Әмірғалиев ауласындағы жылыжайға жүзім ағаштарын отырғызып, 20 тонна өнім алған. Жылыжайдың жүзімдері қобдалықтардан ауыспайды. Кәсіпкердің айтуынша, шыққан жүзім  аудан орталығындағы өзінің «Табын» атты дүкенінде сатылады. Аумағы 500 шаршы метр болатын жылыжайда басқа да көкөніс түрлері өсіріледі.

Тәттібекке бақша жұмысы бала кезінен таныс. Ауласынан қауын-қарбыз, қияр мен қызанақ үзілмеген. Отбасылық бизнесті жандандырып отырған әулет мал шаруашылығымен де айналысады. Органикалық тыңайтқыштар дайындайды.

Әкеміз агроном болғандықтан бақша жұмыстарына үйретіп, бағыт-бағдар беріп отырады. Қазір жылыжайдың ішін екінші маусымға дайындап, қияр еккелі  жатырмыз. Ол қараша айларында піседі.

Жылыжай үлкен болғандықтан қыс айларында өте суық болады. Жылыту пештері толық қамти алмайды. Сондықтан «Ауыл аманаты» жобасына қатысып, 6 миллион теңгеге өтінім бердік. Оның қаражатын жылыжайдың жылыту қондырғыларын жаңартуға жұмсамақпыз, — дейді Тәттібек Әмірғалиев.

Жылыжай иесінің сөзіне қарағанда енді Қобдада  қысы-жазы жүзім үзілмейтін болады.

Мәртөктің картобы пісті

Мәртөк селосының тұрғыны Самал Ерімбетованың картобы бір аптадан соң сөреге шығады. Бақша иесінің өзі өнімнің пісіп тұрғанын, жақын күндері қазуға кірісетінін айтты. Өткен жылы 1 гектар жерге картоп еккен олар 3 тонна өнім алған. Биылғы табысы 2 есеге артпақ. Өйткені «Ауыл аманаты» жобасының қаражатын алған отбасы бақша салатын жерін кеңейткен.

Сонымен қатар жылыжай құрылысы басталмақ.

Былтыр бос тұрған жерді пайдаланып, еккен өніміміз пайдасын берген болатын. Биыл картоптың екі сұрпын егіп, екі жерден құдық қаздырып, суару жүйесін қостық. Негізгі өніміміз картоп, оған қоса қырыққабат та бар. Картоп — ауданның бренді.  Құнарлы жердің өніміне сұраныс көп. Өнім өзімізден шығатын болғандықтан баға арзандау болады. «Ауыл аманаты» арқылы жылыжай салмақпыз. Маусымдық жұмыс біткеннен кейін қыста да бос отырмайық деп шештік. Жылыжайға қияр-қызанақ, көк жуа секілді көкөністерді өсіріп, қыс бойы жергілікті тұрғындарға ұсынбақпыз, — дейді Самал Ерімбетов.

Самалдың айтуынша, бақша жұмыстарына, жолдасы мен екі баласы көмектеседі. Картоп қазу жұмыстарына қосымша жұмыс күші тартылады.

Ержанның қарбызы

Бақша өсірумен 5 жылдан бері айналысып келе жатқан Ержан Дәуітов 21 жаста. Ол қазір тәжірибелі диқанға айналған. Мәртөк ауданынан жер алып, қарбыз-қауын, жүгері, қияр-қызанақ, тағы басқа да көкөністерді егіп, бақшасын жайқалтып отыр.

Қазір оның қарбыздары бақша басында тау боп үйіліп тұр. Алыс-жақын ауылдардан келіп алып жатқандар көп. Ержанның 60 гектар жерінің 10 гектарына ғана бақша егілген. Сондықтан «Ауыл аманаты» арқылы 20 миллион теңгеге өтінім берген. Егер мақұлданса, ол қаржыға техникаларын жаңартпақ. Бақша басында күндіз-түні болатын ол электр тогының болмауы қиындық тудырып отырғанын алға тартты.

Шаруашылығын кеңейтуді көздеген ол өнімнің саны емес, сапасына мән беру керектігін айтады. Қарбызының дәмі ерекше тәтті. Былтыр 70 тонна сәбіз, 300 тонна қарбыз алған.

Біз осы бақшаның өнімдерін бірнеше жылдан бері тұтынамыз. Себебі қарбызы тәтті. Қызанағы мен сәбізі, басқа да көкөністері дәмді. Сондықтан жиі келіп, сатып алып тұрамыз, — дейді тұтынушылардың бірі Наталья Васильевна.

P.S.Облыстағы бақшаның барлық көкөністері пісіп-жетіліп тұр. Оңтүстіктің тауарын сөреден ысырған жергілікті өнімдерге деген сұраныс әсіресе қала тұрғындары арасында жоғары. Жеткізу жағынан мәселе жоқ. Енді бақша өнімдерінің бағасы күн сайын түскенін күтеміз. Жалпы байқағанымыз, облысты жергілікті ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтуға толы мүмкіндік бар. Қыс мезгілінде де баға шарықтамаса керек-ті. Өйткені бір жыл ішінде жүздеген жылыжай іске қосылмақ.

Самат НАРЕГЕЕВ

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button