Басты жаңалықтарЭкономика

Облыстағы үздік тауар өндірушілер анықталды

Ақтөбеде дәстүрлі «Қазақстанның үздік тауары» көрме-конкурсының өңірлік кезеңі қорытындыланды. Шараға облыс әкімі Ералы Тоғжанов қатысты.

Алдымен өңір басшысы Орталық саябақ алаңында қаз-қатар тізілген азық-түлік және жеңіл өнеркәсіп, фармацевтика саласы, құрылыс индустриясы, машина жасау және тағы басқа кәсіпорындардың көрмесін аралап шықты. Сондай-ақ конкурсты өткізу тарихында тұңғыш рет ұйымдастырылған «Бір ауыл — бір өнім» көрмесінде сүт және ірімшік өнімдері, нан-тоқаш және тары өнімдері, этностильдегі бұйымдар мен киімдер, зергерлік бұйымдар жасаумен айналысатын кәсіпкерлермен кездесті. Облыс басшысы «Ауыл аманаты» бағдарламасының мүмкіндігін тиімді пайдалану керектігін сөз етті.

Бүгінде облыста индустриялық сертификаты бар 30 және СТ-КZ сертификатын алған 200-ден астам өндіруші бар. Бұл құжат өндірушінің шығу тегі мен бәсекеге қабілеттілігін растайды.

Облыс әкімі Ералы Тоғжанов өз сөзінде бүгінде кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетіліп жатқанын, жылдан-жылға шағын және орта бизнес субъектілерінің саны артып келетінін алға тартты.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық кәсіпкерлерді қолдау және қорғау, қазақстандық өнімді дамыту еліміздің экономикалық саясатындағы басымдықтардың бірі екендігін атап өткен-ді. Шағын бизнесті дамыту және нығайту — мемлекеттің басты бағыттарының бірі. Қазір кәсіпкерлерге республикалық және жергілікті деңгейде жан-жақты қолдау көрсетілуде. Мәселен, өңірде тіркелген шағын және орта бизнес субъектілерінің саны өткен жылмен салыстырғанда 20,8 пайызға өсіп, саны 97,7 мыңға жетті. Ашылған кәсіпкерлік нысандарындағы жұмыспен қамтылғандардың саны 7,8 пайызға артып, 173 мың адамға жетіп отыр. Ал бүгінгідей форматта жергілікті тауар өндірушілердің көрмесінің ұйымдастырылуы сауда-экономикалық қатынастарды одан әрі дамытуға мүмкіндік береді және өнім өндірушілер мен тұтынушылар арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға көмектеседі, — деді Ералы Тоғжанов.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасының басшысы Дана Бекбауова бұл іс-шара отандық тауар өндірушілердің өнімдерін ішкі нарықта белсенді ілгерілетуге нағыз мүмкіндік екенін айтты.

— Бізді жыл сайын жаңа өндірушілердің қатарының көбейгені қуантады. Конкурстың негізгі артықшылығы — жергілікті өнімді немесе брендті таныту, жаңа шарттар жасасуға және өндірістің сапалы жаңа деңгейіне көшуге арналған бастапқы алаң. Бұл формат заманауи нарықтың көшінен қалмауға мүмкіндік береді, көрме қорытындысы бойынша бірқатар тауарлар мен қызметтер танымал болады, — деді ол.

Биыл облыста үздік тауар өндірушілер атағына 29 компания өтінім берген. Олардың арасында алғаш рет қатысқандары да бар. Сараптамалық комиссия шешімімен жеңімпаз атанғандарды облыс әкімі Ералы Тоғжанов, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы республикалық конкурстарды ұйымдастыру жөніндегі басқарушы директоры Салтанат Әбдікәрімова және өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Дана Бекбауова марапаттады.

«Өндірістік мақсаттағы үздік тауар» номинациясы бойынша «Ferroom», «Қазтермогрупп» және «Bigness» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері лауреат атанса, «ТК Фарм Ақтөбе» компаниясы дәрілік заттарды өндіруші ретінде «Халық үшін үздік тауар» номинациясын жеңіп алды.  Сондай-ақ үздік үштік қатарында марал өсірумен және санаторий-курорттық пантоемдеумен айналысатын «Зәру» шаруа қожалығы мен жұмсақ жиһаз жасаушы  «Жиһаз Ақсу» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бар.

«Үздік азық-түлік тауары» номинациясы газдалған ашытылған сүт сусынын өндіруші – «Молочные истории-А» ЖШС-на, майшабақтан пресер өндіретін «Rokos Fish» ЖШС-на және кондитерлік өнімдерді өндіруші – «Samal cakes» жеке кәсіпкерлігіне берілді.

Жеңімпаздар жыл соңында елордада өтетін «Қазақстанның үздік тауары» байқауының республикалық турына қатысады.

Д.ҚАЗИХАН

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button