Басты жаңалықтарМереке

Құрылысшыларға құрмет

Тамыз айының екінші жексенбісі — Құрылысшылар күніне орай ақтөбелік бір топ сала маманы марапатталды, мереке иелерінің құрметіне концерттік бағдарлама ұсынылды.

Ақтөбе қалалық Мәдениет үйінде ұйымдастырылған салтанатты жиында облыс әкімі Ералы Тоғжанов құрылысшыларды кәсіби мерекемен құттықтап, өңірдегі оң көрсеткіштерге тоқталды.

— Құрылысшы — құрметті мамандық. Бүгінде аймағымызда құрылыс саласы қарқынды дамып, ел экономикасының, соның ішінде тұрғындардың әлеуметтік жағдайының артуына айрықша ықпал етіп келеді. Ауқымды саланы алға жылжытуда құрылысшылардың еңбегі ерен. 150 жылдан астам тарихы бар қаланың бүгінгідей әсем де көрікті, түрлі әлеуметтік нысандары бой түзеген заманауи облыс орталығы болуы — құрылысшылардың күннің ыстық-суығын елемей атқарған игі ісінің жемісі. Облысымызда бой көтеріп жатқан әрбір ғимаратта алақандарыңыздың ізі, қолтаңбаларыңыз бар.

Еліміз Тәуелсіздігін алған уақыттан бері Ақтөбе облысының тұрғын үйлерінің саны біршама есеге өсті. Республика көлемінде тұрғын үйді пайдалануға беру көрсетікіші бойынша алдыңғы үштікке еніп отырмыз. Биыл облыста 1 миллион 266 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Бюджет қаражаты есебінен 4 мыңға жуық отбасын баспанамен қамтамасыз ету үшін тұрғын үйлердің құрылысы жүргізіліп жатыр. Одан бөлек халықтың әлеуметтік осал топтарына жалға берілетін 360 пәтерді сатып алу үшін 5 миллиард теңге көзделген, — деген облыс әкімі Қобда ауданында жаңа шағын ауданды салуға атсалысқан «Иншаб», «Альянс Б-2», «АйсерСтройСервис», «SK СТАР МОНТАЖ» және «Бабэк Құрылыс» компанияларына алғысын білдірді. Аталған мердігерлер қысқа мерзімде 100 шаршы метрлік 24 үйді тапсырған еді.

Мерекелік шарада «Құрметті құрылысшы» төсбелгісі Мақсат Қосымов пен Бауыржан Дінтаевқа, «Еңбек ардагері» төсбелгісі Мәжит Өтекке, «Үздік автокөлікші» төсбелгісі Бауыржан Алдияровқа табысталса, бірқатар мемлекеттік мекемелердің, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің қызметкерлері «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің және облыс әкімінің Құрмет грамоталары және Алғыс хатын иеленді.

Шараға қатысқан өңірге белгілі құрылысшы, «Нектар» өндірістік кооперативінің төрағасы Шамиль Каспранов әріптестерін ортақ мерекемен құттықтап, лебізін білдірді.

— Құрылысшы — тамаша мамандық. Жаңа қоныстанушылар үшін баспананың жайлы һәм жақсы болуы бізге, құрылысшыларға, байланысты екенін ұмытпайық. Тұрғындардан алғыс естігенде, бұдан да жақсы жұмыс істеуге талпынып, қанаттанып қаласың. Өйткені халықтың ризашылығынан артық ештеңе жоқ. Осы сәтті пайдаланып, барша әріптесімді шын жүректен кәсіби мерекесімен құттықтап, денсаулық, барлық жақсылық атаулыны тілеймін, Ақтөбеміз көркейе берсін, — деді көпшілікке танымал құрылысшы Шамиль Каспранов.

Құрылыс саласына жол салу да кіретіні белгілі. Ресми деректерге сүйенсек, биыл бюджет қаражаты есебінен бөлінетін 98 миллиард теңгеге 1 мың шақырымнан астам жол жөнделмек. Соның ішінде ұзақ жылдар бойы жөңдеу көрмеген «Қандыағаш-Ембі-Шалқар-Ырғыз» жобасы іске асырылса, Ақтөбе – Қарабұтақ – Ұлғайсын тасжолын қайта жаңғырту жобасы әзірленіп жатыр.

Құрылысшыларға арналған салтанатты жиын ақтөбелік өнерпаздардың ән шашуына ұласты.

Айбек СЕРІКҰЛЫ

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button