Мен кеше таң арайлы талтүс едім, Түбінде кетерім хақ түнге айналып.
Есенбай Дүйсенбайұлы
Мен кеше таң арайлы талтүс едім,
Түбінде кетерім хақ түнге айналып.
Мен өзімнен алыстап
Ау, күрең көк, күрең көк,
Шынымды айтсам нан ұстап:
Жұртқа жақын жүрем деп,
Мен өзімнен алыстап
Кеткенімді (еріп тым!)
Енді біліп отырмын.
Күйін кешіп келіппін
Көкірегі соқырдың.
Өкініш боп тұғырым,
Тұрмын тағдыр дөңінде.
Өте шыққан ғұмырым
Түсім бе, әлде өңім бе?
Өң мен түстей өмірден
Көшсек бізді кім жоқтар?
Күн тұтылып көңілде
Күрсінеді түнгі оттар.
От ошақта жарқылдап,
Шоққа айналып сөнеді.
Күл қап шоқтың артында,
Жоққа айналып өледі.
Еш жақсылық күтпегін,
Дүние бүгін бүлінді…
Жоққа айналсаң – біткенің,
Көкке ұшырар күліңді!
10.06.2011 ж.
Өмір жүгі
Қара сөзден ақынға өлең жеңіл,
Пешенеге жазғанды көрем де бұл.
Абылайдың ақ бұлты сияқтанып,
Бір әппақ бұлт жүретін төбемде кіл.
Қайда барсам, сапарлас болып маған,
Асықтырып арманға жолықпаған,
Асқар ала шыңдардан әрмен ұзап,
Аспан асып кетуден қорықпағам.
Келдім ойлап: «Жіберген көктегі Ием
Кием шығар жебеуші» деп, тегі мен.
Жүгіргенде аспан – жер арасында,
Желден бетер жүйткитін жеп-жеңіл ем!
Қазір мені тартпайды гүл алаңы,
Сағынтпайды таудағы бұлақ әні…
Талай заман ақ бұлтым ауғанына
Талықсып мен төсекке құлағалы.
Баяғыдай жылқы айдап даламенен,
Ауыл жаққа бармаймын аламенен.
Қақ төбемнен қара бұлт қарағалы
Аттап бассам, алқынып қала берем.
Әу дегізіп үміттің әупірімі,
Әзір бармын (кеудеде қаупім ірі)…
Басымды алып қашамын шығудан да
Басқышы көп қабатқа, тау түгілі.
Биігіне жеткізбей өлең де бір,
Көктен көмек күте ме көбең көңіл?!.
Шыңға шығу әркімге ауыр дейді,
Жоғарыдан (түсуге) төмен жеңіл.
Ақ киемді есіме алып дәйім,
Қара түнде мен неге қамықпайын?!
Өмір жүгін көтеру сауға жеңіл,
Ауруға ап-ауыр табыттайын!
09.06.2011 ж.
Күн батарда
Күнелткен шөп-шөңгемен, дәріменен
Қосылдық біз де топқа кәрі деген.
Зейнеткер жасымда да бейнеткер боп,
Шимайлап ақ қағазды әлі келем.
Апыр-ай, неткен мұнша сірі жанмын,
Тағы да өліп барып, тірі қалдым.
Үмітті үптеп,
Үрей көлеңкесі,
Кеудеге кетпестей боп кіріп алдың.
Зырлатып ғұмыр атты ұршық әнін,
Білмеймін алда қанша күн шығарын.
Бүткіл бұл аспан асты, жер үстінен
Бір жұтым ауа жетпей, тұншығамын.
Жатуға ұясына күн жайланып,
Батуға барады әне ыңғайланып…
Мен кеше таң арайлы талтүс едім,
Түбінде кетерім хақ түнге айналып.
01.06.2011 ж.
Көр
1.
Көшсем мен сөздің жөніне,
Бітпепті қылшық иекке…
Көр қазғаным жоқ өліге,
Бір-екі кірдім сүйекке.
Ұсақ де, мейлі ірі де,
Аз емес іштей ырзам да:
Көр қазғаным жоқ тіріге, –
Өзімнен басқа бір жанға!
Жер-жебіріме жетіп мың,
Жанды жер уайым болды азық.
Жалп етіп құлап кетіппін,
Жалынан Ардың қол жазып.
Жынды суды да тұтынып,
Атана жаздап «сорлы, азғын»,
Өңешке неше жұтылып,
Өзіме өзім көр қаздым.
Илһамға тізгін бермек боп,
Түтінге көмей ыстаттым.
Өзімді өзім жерлеп көп,
Өмірімді өзім қысқарттым.
Өкініштерді олжа ғып,
Шерткенде күйкі шер кеуде –
Шебер боп алдым
көр қазып,
Өзімді өзім жерлеуге.
Толғансам өлең,
Қайғы алып,
Батамын түпсіз түнекке –
Қаламым бейне айналып
Көрімді қазар күрекке.
Қазып боп…
Жермен бірігіп,
Көріме кіріп, жатам да,
Тағы да қайта тіріліп,
Шығамын тірлік сапарға.
Содан соң (мадақ Тәңірге!)…
Жарыққа көзді үйретіп,
Жанымды тастап қабірге,
Тәнімді жүрем сүйретіп.
2.
Өмірбаян парақталған заманда,
Бәрі ақшаға қарап қалған заманда
Ақыреттің ісі емес пе ең ауыр –
Анау жақтан жарты құлаш жер алу?!
Адамын деп тиын-тебен жиғаннан,
Ал мен, сірә, өле кетсем, қиналман:
Көре алмасқа сорым талай болды азық,
Жас шағымда жүрді ол маған көр қазып.
Қазір менің қартайғаным белгілі,
Қазып даяр еткен шығар ендігі.
Дап-дайын сол көрге барып жатармын,
Күні бітсе бұл дүниедегі сапардың.
07.06.2011 ж.
Кеше және бүгін
Есептен сызып тастама,
Ес жиып келем ептеп мен…
Есеттің[1] өзі баспада
«Есаға» мені деп кеткен.
Есіріп, қызмет бұлдамай,
Ескеріп арды бір ғана,
«Есаға» болдым тұлғаға-ай,
«Есаға» болдым жырға да.
Жолыққан жанға не түрлі,
Жолбике жас па, кәрі ме –
Тұманбай ағам секілді
Тұмамды жайдым бәріне.
Иллаһи, кәміл иманым,
Шындықтан аттар ырқым жоқ.
Шығардым қанша жинағын
Шын ақындарға шыр-пыр боп.
Жақсылық іздеп келсе кім,
Жанымды салып жүгірдім…
Жас дәурен жақта елші едім,
Кәрісі екем бүгіннің.
Есенмін, шүкір, әзірге, –
Сен менен безбе, сырттама.
«Есаға» болғам…
Қазірде
Хал сұрамайтын қыртқа да.
Жазылған солай пешенем,
Жазмышқа жүгін-жүгінбе.
«Есаға» едім кеше мен,
«Есенбай» болдым бүгінде.
03.06.2011 ж.
Арасы
Ойлай да берсең, шамасы,
Ортаймас көңіл наласы.
Дүние шіркін шолақ қой,
Қонақ қой адам баласы.
Өте де шығар лезде
Өмір дегенің, қарашы.
Көзіңді ашып-жұмғанша-ау
Бастау мен ақыр арасы,
Пәни мен бақи арасы,
Оң менен түстің арасы,
Таң менен кештің арасы,
Есік пен төрдің арасы,
Бесік пен көрдің арасы.
Өзгерді заман, қарашы
Өзгерді адам баласы.
Қашық та болмай қалды енді
Көк пенен жердің арасы,
Ез бенен ердің арасы…
Алыстап бара жатқан тек
Аш пенен тоқтың арасы,
Бар менен жоқтың арасы.
03.06.2011ж.
Күншілдік
Өмір деген өрт елі, гүлдер елі
Түрленеді, бауырым, түрленеді.
Біреулердің мұңынан бұл тірілікте
Бағы жанып – біреулер күн көреді!
Опа күтпей осындай әр адамнан,
Ойға батсам – ойыным тарағаннан.
Бақытың да, сорың да жерде жатса,
Не табамын аспанға қарағаннан?!
Аспан маған несібе асата ма?
Жерде бәрі – гүл ме, әлде тас ата ма?!
Басқа шығып басынбақ болғандарға
Жүрем кейде биіксіп қасақана.
Көз жасыңа бауыр да, күлкіңе өш
Көлгірлерді ар қалай түлкі демес?!
Мен – жалғызбын, ел-жұртым қарақұрым,
Көңілін табу бәрінің мүмкін емес!
Пенделіктің белгілі мұрат әні,
Күйдіреді, омырау бұлатады,
Кінәмшілдер қит етсең кінә тағып,
Бір-біріне күншілдер күл атады.
Мықты тұрған мың жылдық теректі де
Балтасы бар батыраштар құлатады.
Тілектестік кетсе егер нұрын бұрып,
Тіке басқан қадамың қырын жүріп,
Іліп-тартып, аяқтан сүріндіріп,
«Ауылдастың атынан аталастың
Тайы озуы» керегін бүгін біліп,
Ақиқатты жалғанға жығып берер,
Адалдықты арамға жүгіндіріп…
Күншілдік бар,
Күлу бар,
Жылау барда –
Бәрі заңды: сүріну-құлаулар да…
Көшер керуен,
Көшеді «Бұл кім?» деген
Жауап іздеп жаңбырдай сұрауларға.
Тырналардың ұзатып тізбек-көшін,
Жаз көшеді жайлаудан күз жеткесін.
Көз нұрында жаңғырып келбетіміз,
Өзге толқын келеді біз кеткесін…
[1] Есет Әукебаев – «Жазушы» баспасының кеңес заманындағы бас редакторы



