«Baqytty вala» фестивалі басталды

Ақтөбеде облыс мәдениетінің брендіне айналған «Baqytty Вala-2023» V ашық балалар вокалдық фестиваль-байқауы басталды. Биыл бесінші рет ұйымдастырылып жатқан шараға әлемнің 5 елінен келген 20 жас өнерпаз қатысуда.

Биыл конкурсқа қатысуға 250-ге жуық бала өтінім берген. Оның 5-еуі — шетелден. Жалпы жүлде қоры — 3 миллион 500 мың теңге.
— «Baqytty Bala» – Ақтөбе облысының брендіне айналған ерекше жоба. Биыл іріктеу кезеңіне Испания, Ұлыбритания, Мәскеу, Украина, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Татарстан, Маврикий, Молдова, Корея, Болгария, Германия, Нидерланд елдерінен және Қазақстанның облысынан өтінімдер қабылданды. Байқау ережесіне сәйкес, сайыс екі кезеңнен тұрады. Алғашқы кезеңде ұйымдастыру комитеті аудио, видео материалдарды қашықтан тыңдау арқылы үздік орындаушыларды іріктеді. Финалға өткен қатысушылар екі шығарма — өз ана тілінде (немесе авторлық ән) және әлемдік хит орындайды. Қазылар алқасының шешімі 16 тамызда Өнер орталығы концерт залында өтетін Гала-концертте жарияланатын болады, — дейді Ғ.Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясы директорының міндетін атқарушы Айбек Кемал.
Байқауға алғаш қатысушылардың бірі Жасмин Тлеумбетова:
— Мен көптеген халықаралық байқаулардың жеңімпазымын. «Славян базары» байқауына қатысып, 2-орынды жеңіп алдым. Египет, Ресей және тағы да басқа әлем мемлекеттерінде өткен дүбірлі додаларда өнер көрсеттім. Осы жолғы байқауда «Толғау» және шетел композиторларының әнін орындаймын. Өнер бәйгесіне алты айдан бері тыңғылықты дайындалдым. «Baqytty Bala» байқауынан жеңімпаз атанып ел мерейін асқақтатқым келеді, — дейді ол.

Екі күнге жалғасатын жас өнерпаздардың өнерін ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Марат Әйтімов, ҚР мәдениет қайраткері Қанат Айтбаев, А.Навои атындағы Мемлекеттік академиялық Үлкен театрының жетекші солисі Надежда Голендер, «Сахнагер — 2019» Ұлттық театр сыйлығының лауреаты Расул Халмұратұлы, «Славян базары — 2021» халықаралық өнер фестивалінің гран-при иегері Рухия Еділқызы сынды мәдениет саласының белгілі өкілдері бағалайтын болады.

Ақмарал МҰҚАШЕВА



