Тарих

Кәмпеске өткен күз

«Кедей» газетінің 1928 жылғы 14 қазан күнгі 32-санының бірінші бетіне «Кәнпескеленген мал-мүлік кедейлерге дұрыс үлестірілсін» деген ұранмен шығыпты.

Осы ұран сөзден халқымыздың өткенін біржола келмеске кетірген, қазақ тарихындағы ең бір ауыр соққы саналған қасіреттің лебі сезіледі. Кеңес өкіметі байларды тәркілеу үшін оларға «ауылды советтендіруге кедергі келтіріп отыр» деген жала жапты, ал кедейлерді, әсіресе шолақ белсенділерді (шолақ белсенді — сол заманның термині) осы іске тарту, өз жағына шығару үшін байдан тартып алынған малды жарлы-жақыбайға үлестіріп беретін болып алдады. Ал іс жүзінде, тәркіленген мал-мүліктен түскен қаржыға шетелден техника алуды, зауыт-фабрикалар ашуды көздеді.

1928 жылы 27 тамызда Қазақ АКСР-і Орталық атқару комитетінің «Бай шаруашылықтарын кәмпескелеу» туралы қаулысы шыққан. Осыдан соң жер-жерлерде байлардың тізімі жасалып, олардан қанша мал тәркіленетіні жөнінде жоспар құрылды. Жоспар бойынша ірі бай саналған 696 адамнан 226 мың мал тәркілеу көзделген. Алайда кәмпеске жүргізілетіні алдын ала белгілі болып, ел ішіне де бұл туралы хабар жеткендіктен, байлар малының бір бөлігін жан-жаққа сатып, жақын ағайындарына таратып үлгерген. Сөйтіп, жоспарда көрсетілген малдың 64 пайызы ғана, яғни 144,4 мың бас мал тәркіленген. Голощекин Кремльге жазған хатында бұған партия аппаратындағы байлармен байланысы бар қызметкерлерді кінәлап, «солар науқанның басталғалы жатқаны жөнінде хабар таратып жіберген» деп ақталыпты. Байлардан тәркіленген мал кедейге үлестіріліп, ал кейіннен түрлі алым-салықтың сылтауымен олардан да тартып алынып, оның соңы 1932-1933 жылдардағы алапат аштыққа ұласқаны белгілі.

Бұл да тарих сабағы. Ендеше, көне газет бетінде сақталған кейбір деректерге көз жүгіртейік:

КӘМПЕСКЕЛЕНГЕН МАЛДАРДЫҢ САНЫ

(1928 жылдың 1-октебіріне қарай)

 

Темір ауданында

Есепке алынған мал 4231 ірі қара еді. Сонан 3038 ірі қара алынды. 71 процент.

 

Шалқар ауданында

Есепке алынған мал 12 954 ірі қара еді. Сонан  7308 ірі қара алынды. 63 процент.

 

Мағажан ауданында

Есепке алынған мал 1393 ірі қара еді. Сонан 481 ірі қара алынды. 34 процент.

 

Шыңғырлау ауданында

Есепке алынған мал 603 ірі қара еді. Сонан 359 ірі қара алынды. 51 процент.

 

Қобда ауданында

Есепке алынған мал 2277 ірі қара еді. Сонан 431 ірі қара алынды. 18 процент.

 

Ақтөбе ауданында

Есепке алынған мал 1310 ірі қара еді. Сонан 301 ірі қара алынды. 22 процент.

 

Елек ауданында

Есепке алынған мал 646 ірі қара еді. Сонан 283 ірі қара алынды. 43 процент.

 

Ырғыз ауданында

Есепке алынған мал 2595 ірі қара еді. Қанша мал алынғанынан әлі хабар жоқ.

 

Қарабұтақ ауданында

Есепке алынған мал 3186 ірі қара еді. Сонан 1410 ірі қара алынды. 44 процент.

 

Барлық алынған мал 13 613 ірі қара болып отыр. Бұл есептелгеннің жартысынан кем.

Ж. Ж.

«Кедей», 1928 жыл, 14 қазан.

***

ЫРҒЫЗДА НАУҚАН БАРЫСЫ

Ырғызда ірі байлардың мал-мүлкін кәнпескелеу науқаны 8-сентебірден бастап қолға алынды. Округтен келген өкіл Жаңабайұлы аудандық партия комитетінде баяндама істеп, аудандық кәнпескелеу кемесиесі сайланды. Кемесиеге аудандық мекемелерден өкілдер қатысты.

Ырғызда және жақын жерде тұрушы қосшы мүшелерінің жиналысы болып, кәнпескенің маңызы, мақсаты туралы баяндама жасалды. Қосшы мүшелері сауал беріп, толық түсінді.

Осы күні кедейлердің тізімі алынып жатыр.

Д. Шаматұлы.

«Кедей», 1928 жыл, 14 қазан.

***

 БОРАН, ҚАЛАМ, НҰҒЫМАН ДЕГЕН БАЙЛАРДЫҢ МАЛЫ КӘНПЕСКЕЛЕНДІ

Шыңғырлау ауданындағы ауылдарға кәнпеске туралы округтен Асанбайұлы жолдас келіп, сентебірдің 8-і күні ауыл-ауылға өкілдер жіберді. Өкілдер ауылдағы малай, кедей, қосшы мүшелері арасында байдың малын кәнпескелеу жөнінде түсініс бермек.

Шыңғырлау ауданында малы кәнпескеленетін Баянды Боран, Нұғыманұлы Қалам, Байышұлы Қайролда деген байлар бар еді. Бұлардың малы түгелімен қолдарынан алынып, малай, кедейлерден құралған кемесиелердің қолына берілді. Осы ауданның 35-ауылында жаңадан бір коллектив ашылды.

Байдың малын кәнпескелеуге кедейлер көңілді қарайды.

Әбішұлы Науан.

«Кедей», 1928 жыл, 14 қазан.

***

МАЛ ҮЛЕСТІРЕЙІН ДЕП ЖАТЫР

Шалқар ауданында кәнпеске науқаны жаңа бітті. Енді ірі байлардан алынған мал-мүлік үлестірілгелі тұр. Қ.-ұлының белсенділігі арқасында Құдайберген байдың жасырған 20 жылқысы табылды.

Кедейұлы.

«Кедей», 1928 жыл, 7 қараша.

 ***

БАЙДЫҢ МАЛЫ КӘНПЕСКЕЛЕНДІ

Елек ауданы 15-ауылдың ірі байы Дәулет Дәуітұлының малы кәнпескеленді. Дәулеттің ауыл арасына ыдыратқан 11 бас қарасы табылды. Бұл жасырған малдар қолғабыс кемесиесі мен комсомол, кедейлердің белсенділігі арқасында табылды.

Кәнпескеленген малдар үлестірілейін деп жатыр. Малдың 40 проценті ұйымдасқан шаруаларға белгіленді. Кедейлердің тізбесі қаралып, ішінен пысықша, атқамінерлері шығарылып жатыр.

Ел кедейлері кәнпескеге өте көңілді.

Құрымбайұлы.

«Кедей», 1928 жыл, 7 қараша.

 ***

ЖЕР АУДАРЫЛАТЫННЫҢ БІРІ С. БОЛУЫ ЖӨН

Шыңғырлау ауданының Шилі қаласында С.Айшуақұлы деген азамат бар. Бұл азамат — ата-бабасынан бермен қарай қан тұқымы. Некең заманында ел еңбекшілерін тізеқақпай қылып, зар еңіреткен залымның өзі. 16-жылы ақтарға азық жәрдем, жігіт жинап та берген болатын. Алашордашылардың қатарында да болды.

С.-дың тілегі де, қылығы да кеңес өкіметіне қосылмайды. Мал, мүлкі кәнпескеленіп, жер аударылатын Ақтөбе округінің байларының бірі С. болуы жөн.

 №37 тілші.

«Кедей», 1928 жыл, 34-нөмір.

P.S. Тарихшылар қазақ байларын бір рудың, бір атаның ұрпағын біріктіріп, басшы болып отырған тұлға деп санайды. Кеңес билігі байлар тұрғанда, қалың бұқараға өз ықпалының жүрмейтінін білген, сондықтан оларды біржола құртуды көздеп, ойдан құрастырып, неше түрлі жалаға ұшыратқан. Мұның бәрі қазір тарихшылар еңбегінде, әдебиетте, баспасөзде айтылып, халыққа аян болғандықтан, біз байлардың есімдерін ашық беруді жөн көрдік.

Материалдар облыстық мемлекеттік архивтен алынды.

Төте жазудан оқыған Индира ӨТЕМІС

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button