Жаңалықтар

Мерзімі өткен мердігерлер облыс әкімінің сынына ұшырады

Жол

Аймақ басшысы өңірде іске асырылып жатқан автожол жобаларының іске асырылу барысын қарады. Жиынға қала және аудан әкімдері, басқармалар мен мердігерлік ұйымдардың басшылары қатысты.

Облыс әкімі кейбір жобалардың белгіленген мерзімінен кешігіп жатқанына, бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану және мердігерлердің сапалы жұмысының жеткіліксіздігін сынға алды.

— Тоғыз айдың қорытындысы бойынша жоспарланған жұмыстардың жартысы ғана орындалды. Ал бюджет қаражатын игеру маңызды. Біз қателіктерге жол берген мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік шаралар қолданамыз және жосықсыз мердігерлерге де қатысты шаралар қабылдаймыз, — деді Асхат Шахаров.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айбек Қайырдың ақпаратына сүйенсек, 2024 жылы 4440 шақырым жолды ретке келтіру жоспарланған. Осы мақсаттарға бюджеттен 69,5 млрд. теңге бөлінді. Жалпы 186 жоба іске асырылуда. Бұл — облыстық, қалалық, аудандық ауқымдағы жолдар.

Осы жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша 34,2 млрд теңге игерілді. Бүгінгі таңда 491,9 шақырым жолдың негізі салынып, 315,7 шақырымға қатты асфальт төселді.

— Ақтөбе қаласына бюджеттен 26 миллиард теңге бөлінді, тек 10,4 миллиард теңге игерілді. Ауыспалы жобаларға 2025 жылы 13,5 миллиард теңге бөлінді, оның 6,4 миллиард теңгесі бюджетті қайта қарау кезінде кері қайтарылады. Жоспарланған жұмыстың нәтижесі жоқ. Әйтеке би ауданында Қарабұтақ-Комсомол-Северное-Сарат-Қырыққұдық-Тымабұлақ жол учаскесіндегі жұмыстар мерзімінде аяқталған жоқ. Байғанин ауданында Қарауылкелді-Жарқамыс және Қарауылкелді-Алтай Батыр-Миялы-Оймауыт жолдарын жөндеу де кестедегі мерзімнен айтарлықтай артта қалып отыр. Мұғалжар ауданына жұмыс сапарымда Сағашилі-Талдысай автожолының құрылысымен таныстым, «САБ-ДорСервис» және «ТенгриСтройИнвест» мердігерлері оны мерзімінде аяқтауға уәде берді. Алайда жұмыс жоспарға сай емес.  Ойыл ауданының Шұбарши ауылынан Атырау облысына дейін автомобиль жолына көпір және Бестамақ ауылына кіреберіс жол салу бойынша жұмыстардың уақтылы аяқталмауына қатысты мәселелер бар. Неліктен жобалардың мерзімдерінің кестеден ауытқуына жол берілді және неге қатаң бақылау жүргізілмеді? — деді өңір басшысы.

Отырыста Асхат Шахаров жұмыстардың орындалу мерзімдерінің сақталмауы туралы әр мердігер ұйымның басшысынан сұрады. Жол салумен айналысып жүргендер қолға алған жобаларын аяқсыз қалдырмай, уақытында пайдалануға беру туралы бүгінгі күнге дейін бірнеше рет уәделерін үйіп-төккен еді.

— Өңірдегі жол жұмыстарының сапасы көңіл көншітпейді. Біз қажетті қаражатты бөлеміз, ал нәтиже күткеніміздей емес, талапқа сәйкес келмейді. Халық жолдардың сапасы мен құрылысы ұзаққа созылған жұмыстарға наразы. Барлық мердігердің алдына қойылар талап — сапаны жақсарту және мерзімді сақтау ғана. Талаптарды бұзғандар заң аясында жазаланады, — деп аймақ басшысы мердігерлерге ескертті.

Байғанин ауданындағы жолдарды жөндеуге қатысты бес жобаны бірден мойнына алған «Мерей және К» ЖШС-мен жұмыстар тоқтату туралы шешім қабылданды.

Жиында республикалық жолдардағы жұмыстарды «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Ақтөбе филиалының директоры Айбол Данағұл баяндады. Облыстағы ұзындығы 1 869 шақырым болатын жолдың 124 шақырымы қайта жаңартылды, тағы 338 шақырымға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Ақтөбе-Атырау-Ресей Федерациясының шекарасы (Астраханға дейін) автожолының Ақтөбе-Қандыағаш трассасының 11-52 шақырымы және 52-100 шақырымы учаскесіне, сондай-ақ Самара-Шымкент автожолының Ақтөбе-Қарабұтақ-Ұлғайсын трассасының 791-819 шақырымы учаскесі қайта жаңартылды.

Сонымен қатар жалпы ұзындығы 338 шақырым болатын 16 нысанда орташа жөндеу жүріп жатыр. Қалған жөнделуге тиіс жол — 37 шақырым. Жұмыстарды биыл аяқтау жоспарланып отыр.

Өңір басшысы республикалық маңызы бар жолдарды қысқы күтіп ұстау, көктемде қайта пайда болатын шұрқ тесіктерді жамауға қазірден дайындықты күшейтуді тапсырды.

М.ТАБЫН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button