Әлеумет

«Абайды оқы, таңырқа!»

Ақтөбедегі Абай даңғылы бойындағы ақын ескерткіші маңында өткен әдеби шара осылай аталды.

Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова, зиялы қауым өкілдері, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен белсенді студенттері, облыс пен қалалық мәслихаттың депутаттары, мектеп мұғалімдері мен оқушылары қатысты.

Алаңда С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы «Ұлт рухын ұлықтаған ұлы ойшыл» тақырыбында көрме ұйымдастырды.

— Кештің тақырыбы — «Абайды оқы, таңырқа!». Бұл — Сұлтанмахмұт Торайғыровтың өлеңінің бір ғана жолы. Абай шығармалары — ұлттық болмысымыздың үлгісі, тіпті мемлекетіміздің бағдаршамы секілді. Келер жас ұрпақ Абайды бізден артық болмаса, кем дәріптемейтін болады. Сондықтан жастар үшін бүгінгі шараның танымдық мәні зор, — деп бастады шараны философия ғылымдарының докторы, профессор Алтай Тайжанов.

Одан соң ақын, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы Ертай Ашықбаев Абайдың ақындығы туралы әңгімеледі.

Шара барысында бір топ мұғалім мен оқушы ақынның өлеңдерін оқыды. Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының актеры Әсет Оразалин Абай рөлін сомдап, ақынның қара сөздері мен өлеңдерінен үзінділер айтты.

№24 мектеп-гимназияның оқушылары Әлихан Қонысбаев пен Жанерке Ілияс, №53 орта мектептің оқушысы Аяна Қабидолла, №57 орта мектептің оқушысы Нұрхафиз Хамидолла қыс, көктем, жаз, күз  болып киініп шығып, қатысушыларға Абайдың табиғат лирикасын ұсынды. Сондай-ақ Лаура Сұлтанбекова, Айғаным Бекжан, Толғанай Алпысбаева мен Аяжан Өтепбергенова Абайдың бір қара сөзін қазақ, орыс, ағылшын, түрік тілдерінде оқыды.

Әдеби кеш соңы Ғ.Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының әншілерінің орындауындағы Абай әндеріне ұласты. Шараға қатысушылар Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ақын рухына тағзым етті.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button