
Темір ауданында дәстүрлі «Ақбидай-2023» ауыл жастары спартакиадасы өтті. Жыл сайын ұйымдастырылатын жарыста биыл 10 құрама ойын көрсетті.
Саркөл ауылдық округінде өткен шараның ашылуына аудан әкімі Саламат Аманбаев қатысып, ауыл спортының дамуына үлес қосып жүрген бірқатар азаматты марапаттады.
Жылдағы дәстүр бойынша алдымен Саркөл ауылдық округінің жастары «Ақбидай-2023» спартакиадасының алауын жақты.
Байрақты бәсекеде жастар көкпар, футбол, волейбол, қазақ күресі, аударыспақ, тоғызқұмалақ, теңге ілу, асық ату, бестас, гір көтеру, бильярд, жеңіл атлетика, арқан тартыс, шахмат — барлығы 15 спорт түрінен бақ сынады.
Спорттық сайыстар екі күнге созылды.
Бірнеше ауылдың қыз-жігіті бағы мен бабын сынаған жарыс қорытындысы бойынша I орынды Саркөл ауылдық округі жеңіп алды. II орын — Кеңқияқтан келген спортшыларға, III орын Қайыңды ауылдық округінің жастарына бұйырды.
Шара соңында Саркөл ауылдық округінің жастары эстафета кезегін Кеңқияқтың жастарына жолдады.
А.МӘЛІКҚЫЗЫ



