Спорт

Жүзудің пайдасы көп…

 Қай спорт түрін алып қарасаңыз да, денсаулыққа пайдалы. Соның ішінде жүзу спортының денсаулыққа берері мол. Ғылыми зерттеулерге сүйенсек, жас кезінен суда жүзіп үйренген адамның миы кеш қартаяды екен. Осы тұста «Достық» су спорты түрлері бойынша облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушыларымен, спорт шеберлерімен және оқушылармен әңгімелескен едік…

 Жаттығу және жетістік

Өңіріміздегі ең үлкен спорт кешендерінің бірі «Достық» су спорты түрлері бойынша облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі 2014 жылдың қаңтар  айында  ашылды. Бассейн халықаралық, республикалық деңгейдегі жарыстарды өткізуге қауқарлы.

Ақтөбе қаласында су спортына ар­налған үш мектеп бар: елу жылдан астам тарихы бар балалар мен жасөспірімдерге арналған «Шағала» мектебі, «Дельфин» бассейні және заманауи талаптарға сай жасақталған «Достық» бассейні. Әділет Есенжолұлы басқарып отырған «Достық» су спорты түрлері бойынша облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі заманауи талаптарға сай салынған. Ғимаратта ұзындығы 50 метр, тереңдігі 2-3 метр бассейн, жаттығу залы, хореография залы, жарыстарды тамашалауға арналған 300 орындық көрермен залы, киіну және жуыну бөлмелері бар. Спорт мектебінде 16 жаттықтырушы жұмыс жасайды. Аталған мектепте 800-ге жуық оқушы оқиды. Мектепте жүзу спортының — су добы, жүзу, байдарка және каноэда есу, триатлон сияқты түрлері үйретіледі. Жаттығу сабақтары ақысыз жүргізіледі. Тек қалауы бойынша жүзуді үйренгісі келген адамдар ғана ақылы қызметтерге жүгіне алады. Сонымен қатар мұнда жүзу спортынан әлем чемпионаттары және паралимпиялық ойындардан бөлек, «Ақтөбе үміттері» республикалық турнирі жыл сайын өткізіліп тұрады.Спортшыларымыздың жеткен жетістіктері де баршылық.

Биыл «Көңілді дельфин» атты жүзуден республикалық жарыстың екі кезеңінде Ақтөбе облысының құрама командасы 3-орынға ие болды. Осы жарыстың үшінші кезеңі 23-27 қазан аралығында Ақтөбе қаласында өтеді. Сонымен қатар Ақтөбе облысының құрама командасы Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы атанып, ел мерейін асқақтатып келеді. Атап айтсақ, Айбек Қамзенов, Әлібек Қамзенов, Диана Назарова, Диана Тасжанова, Глеб Коваленя, Қайрат Нұржанов, Дәулет Баянғали, Айбат Мырзамұратов, Злата Ширалиева сынды спортшыларымыз көптеген халықаралық додаларда жеңімпаз атанып жүр. Сонымен қатар мектебіміздің мақтанышы Диана Тасжанова есімді спортшымыз 14-30 шілде аралығында Жапонияның Фукуока қаласында өтіп жатқан су спорты түрлерінен Әлем чемпионатында бақ сынап жатыр, — дейді «Достық» су спорты түрлері бойынша облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі директорының оқу ісі-жөніндегі Ләззат Бектурлиева.

 Жүзудің түрлері мен пайдасы

Жүзудің қолданбалы, су астында жүзу, синхронды түрлері бар. Жүзу спортының шеберлері оқушыларды жаттықтырып қана қоймай, суда жүзудің әдіс-тәсілдерін үйретеді.  Мәселен, суда жүзген кезде жүзудің кроль (етпеттеп және шалқалап), брасс, баттерфляй және басқа да әдіс-тәсілдері қолданылады. Спорттық жүзудің осы түрлерімен шұғылданатын адамдар жүзу әдістерін тыңғылықты орындауға дағдыланады. Әрине, жаттықтырушыларының ақыл-кеңесі ауадай қажет.

 Диана Назарова, жаттықтырушы:

Мен 3 жылдан бері балалар жаттықтырушысымын. Бала кезден су спортына жақынмын. Жүзудің барлық түрін еркін меңгергенмін. «Достық» су спорты түрлері бойынша облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде бірнеше жаттықтырушы бар. Мен кіші топтың балаларына жүзудің әдіс тәсілдерін үйретемін. Жүзуден өткен халықаралық және республикалық байқаулардың жүлдегерімін.

Жүзу тірек-қиыл мүшелеріне өте пайдалы. Жаз кезінде өзен-көлде немесе бассейнде жүзу адамның иммунитетін көтереді. Әсіресе жаздағы жаймашуақ ауа райы мен таза ауа адам денесіне жақсы күшті әсерін тигізеді. Суда жүзу кезінде сіздің барлық бұлшық етіңіз жұмыс жасайды. Сондықтан денеңіздің бұлшық еті нығайып, сымбаттылығыңыз арта түседі.

Көп адам суда басты қалай ұстау керектгін білмейді. Басты көтеріп жүзбесе, тыныс алуым қиындайды деп ойлайды. Бас көтерілген соң аяқ та су бетіне шығып кетеді. Сондықтан суда өзіңізді неғұрлым еркін ұстасаңыз, соғұрлым тепе-теңдікті сақтауға болады.

 Асылбек Ахметов, жаттықтырушы:

Мен 2014 жылдан бері жаттықтырушы болып жұмыс жасаймын. Алғашында «Посейдон» бассейнінде құтқарушы (нұсқаушы) болдым. Қазір 80-ге жуық баланы жүзу спортына үйретіп жүрмін. Мүмкіндігі шектеулі, көру және есту қабілеті бұзылған балалармен де жұмыс жасаймын. Оқушыларымның жеткен жетістіктері де баршылық. Ақпан айында Көкшетау қаласында өткен республикалық турнирде оқушым Арсен Дүйсенов «Үздік спортшы» атағын жеңіп алды. Мен де «Үздік жаттықтырушы» номинациясының иегері атандым.

Суда жүзуде жақсы нәтиже көрсету үшін дұрыс тыныс алуды үйрену керек. Бұл спорт түрімен машықтанған адамның тыныс алу мүшесі де жақсы қызмет атқарады. Әсіресе көкірек қуысы кеңейіп, тынысы ашылады. Оқушыларыма үнемі жүзудің техникаларын дұрыс пайдалануды үйретіп отырамын. Спорт мектебінде есту қабілеті бұзылған балалар да бар. Оларға ым-ишара арқылы жүзу техникаларын үйретемін. Олар басқа балаларға қарағанда ерекше қабілетті келеді. Үйреткеніңді лезде қағып алады. Мәселен, жуырда Астана қаласында екінші жыл ұйымдастырылған «Childern paralympic games» атты инклюзивті спорттық фестиваліне қатысып, жузу спортынан командалық есепте бірінші орынды еншіледік. Бұл — ерекше санаттағы балаларым жеткен жетістіктердің бір парасы ғана.  Алдағы уақытта олардың биік белестерді бағындыратынына сенімдімін.

Сонымен қатар 2021 жылдан бері паражүзуден жастар мен жасөспірімдерді жаттықтырамын. Биыл Ақтөбеде өткен республикалық Паралимпиада ойындарында 3-орынды жеңіп алдық. Көздеген мақсатым орындалса, еңбегімнің ақталғаны деп білемін.Оқушыларымның арасынан спорт шеберлері шыққанын қалаймын.

Жүзе білу үлкен қабілет пен төзімді талап етеді. Уақытының біраз бөлігін бассейнде өткізетін адамдардың қатары күн сайын артып келеді. Себебі жүзу адам бойындағы жағымсыз энергияларды шығарып, күні бойы сергек жүруіне сеп болады. Осы тұста спорт мектебінде жаттығып жүрген оқушылардың пікірін білген едік…

Оқушылар пікірі:

 Айбат Мырзамұратов, оқушы:

Мен жүзу спортына ата-анамның қалауымен келдім. Алайда осы спорт түрін таңдағаныма өкінбеймін. Жүзудің барлық түрін еркін меңгердім. Жүзуден спорт шеберлігіне үміткер жастардың бірімін. Қазақстан чемпионаттарында жүлдегер атанып жүрмін. Әсіресе су добынан өтетін жарыстардан қалмауға тырысамын. Жаттықтырушым Николай Копущуге ерекше алғыс білдіремін. Сол кісінің асқан шеберлігінің арқасында дүбірлі додаларда сынға түстім. Асқақ арманымның бірі келер жылы Парижде өтетін халықаралық олимпиадаға жолдама алу. Ол үшін тынымсыз етбектеніп жатырмын. Күніне үш сағаттан астам уақытымды суда өткіземін. Жүзу спорты күйзелістен арылуға көмектесіп қана қоймай, бойыңызды сергітеді. Сондықтан жастарды жүзу спортымен шұғылдануға шақырамын.

 Мейіржан Кәдірәлі, оқушы:

— Мен суда жүзгенді жақсы көремін. Аптасына 5 рет бассейнге барамын. Үнемі шынығып жүргенді жаным қалайды. «Шынықсаң, шымыр боларсың» деп бекер айтпаған. Су спортын бала кезден бастаған жөн. Себебі жүзу омыртқа ауруларының алдын алады. Спорт мектебінде жүріп, тірек-қимыл мүшелерін қалпына келтірген балаларды да көрдім. Демек, жүзудің пайдасы зор.

Жазғы демалысымда жағажайға барып, ерікті құтқарушы болғым келген еді. Алайда кәмелеттік жасқа толмағандықтан рұқсат етпеді. Осыдан екі жыл бұрын отбасымызбен бірге Байғанин ауылына қыдырып барған едік. Сапарымыз сәтсіз болып, жақын інімнен айырыла жаздадым. Сонда өмірімде бірінші рет адам өміріне араша түстім. Өзенге батып бара жатқан інімді қолынан тартып, аман алып қалдым. Ол көп су жұтып, бір өлімнен аман қалды. Қазір ол сол кездегі қорқынышын жеңіп жүзуді үйреніп жүр.

Жүзуден бөлек волейбол, футбол, үстел теннисімен шұғылданамын. Өзім есепке жүйрікпін. Физика-математикадан өткен пәндік олимпиалардан 1-орын иегерімін. Мектепті аяқтаған соң жоғары оқу орнына түсіп, мұғалім болғым келеді. Сондай-ақ болашақта әкем секілді жеке мектеп ашып, ойы ұтқыр, алғыр балаларды оқытқым келеді.

 Ақмарал МҰҚАШЕВА

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button