Денсаулық

Бала кезден дұрыс тамақтанған жөн

 «Қазір 10 балаға эзофагогастродуоденоскопия жасасақ, 7-еуінен гастрит табылады». Бұл — облыс орталығындағы Ана мен баланы қорғау орталығының гастроэнтерологі, эндоскопист Бибігүл Қадірбекованың айтқаны.

2006 жылдан бері балалармен жұмыс істеп келе жатқан дәрігер бізге асқорыту жүйесінің кейбір аурулары, дұрыс тамақтану, тамақ ішу ережелері туралы әңгімелеп, кеңестерімен бөлісті.

 Расында, қазір ас қорыту жүйесі ауырмайтын баланы табу қиын шығар. Себебі балабақшадағы балақайлар мен бастауыш мектептің оқушылары дұрыс тамақ ішпейді. Жасөспірімдер екібастан. Тез дайындалатын фаст-фуд өнімдері мен газдалған сусынға әбден үйір боп алған. Қай ата-анамен сөйлессек те, қазіргі балалардың тәбеті жоқ екенін, тамақ ішпейтінін айтып жатады. Тіпті балалар арасында лоқсып, жүрегі айнып, құсатындар да жиі кездеседі. Осы ретте гастроэнтеролог Бибігүл Дүйсенбайқызы бізге балалар арасында жиі кездесетін ауру түрлері туралы айтып берді.

— Балалардың арасында әсіресе 2 жастан 7 жасқа дейінгі балалар арасында ең жиі кездесетін ауру —  іш қату. Оның ең жиі кездесетін себептерінің бірі — баланың психологиялық жай-күйі. Балабақшаға барып жүрген балалар үйге дейін шыдап жүреді, тәрбиешіге немесе оның көмекшісіне айта алмай, үлкен дәретке уақтылы отырмай, бірнеше күнге дейін жүре береді, сөйтіп, ішек жолдарында түрлі патология арта береді. Осындай жағдай болған кезде үйден емдемей, баланы міндетті түрде дәрігерге апару керек, ол зерттеулерге жолдама беріп, нәтижесіне қарай диагноз қойып, ем тағайындайды. Диетасы мен күтімін түсіндіреді. Бақылау талдауларын қашан тапсыру керек, соны да айтады, осының барлығы — біздің дәрігерлік жұмысымыз.

Жаз айларында көбіне жедел ішек инфекциясы жиі кездеседі. Бұл ретте ең басты ереже — қолды тамақ ішер алдында сабындап жуу керек, ал жеміс-жидек пен көкөністі ағып тұрған суға жуған абзал. Бұл дизентерия, сальмонеллез, басқа да түрлі инфекциялардың алдын алуға көмектеседі. «Ас — адамның арқауы». Ішкен ас қорытылу керек, адамның бойына сіңу керек. Ал егер баланың тәбеті болмай, құсу, жүрегі айну белгілері байқалса, міндетті түрде дәрігерге барып, зерттеулерден өтіп, емделу керек, —  дейді Бибігүл Дүйсенбайқызы.

Сондай-ақ  гастроэнтеролог ата-аналардан «баламның өті қисайған» деген әңгімені жиі еститінін айтады. Оның айтуынша, ультрадыбыстық зерттеу өткен кезде кейбір балаға «өті қисайған» деген нәтиже жазылады, бірақ ол — диагноз емес, өттің анатомиялық күйі. Яғни гастроэнтеролог, терапевт дәрігерлер науқасқа ем тағайындаған кезде өттің осылай орналасқанын ескеруге тиіс екен.

Бибігүл Дүйсенбайқызы — тек гастроэнтеролог қана емес, ЭФГДС аппараты арқылы зерттеу жүргізетін эндоскопист маман. Дәрігердің айтуынша, қазір он балаға эзофагогастродуоденоскопия жасасақ, жетеуінен гастрит табылады.

— Гастриттің бірнеше түрі бар: асқазан сөлінің қышқылдығы төмен немесе жоғары болуы, атрофиялық және эрозиялық, Helicobacter pylori позитивті немесе негативті. Ем де соған байланысты тағайындалады. Қандай түрі болса да, науқас Певзнер бойынша №1 диетаны ұстану керек. Тамақты 20-30 рет шайнап барып, жұту керек, ас ыстық емес, жылы болғаны жөн. Тамаққа дәнді дақылдан жасалған сорпа, ботқа жеп, кисель ішсе, дұрыс болады, — дейді дәрігер Бибігүл Қадірбекова.

Тамақ ішу мәдениетінің өзіндік ережелері

 Дәрігердің кеңесіне сүйенсек, жаңа туған бала кемі бір жасқа дейін ананың сүтімен қоректену керек, осы кезде анасы сапалы тамақтанғаны абзал. Яғни, тағамының әртүрлі болғанын қадағалап, тіпті емізетіндерге арналған витаминдерді де ішсе болады.

— Ал 1 жастан 3 жасқа дейін баланың асқорыту жүйесінің жұмысы тұрақтанады, осы кезде сок, пюре бергіңіз келсе, тек балаларға арналған дүкендерден немесе дәріханалардан сертификатталған өнім екеніне көз жеткізгеннен кейін ғана алған жөн. Өкінішке қарай, кейбір ата-ажелер немерелерін еркелетіп, құрамы түгіл, қай жақтан шыққаны белгісіз түрлі тәттілерді сатып алып беріп жатады. Мұның соңы кей жағдайда балада аллергия тудырады. Жасөспірімдердің тамақтануы да үлкен мәселе. Олар қалталарында ақшасы бола тұра, жас асқазандарына зиянды «Роллтон», «Доширак» секілді тез дайындалатын кеспе, чипсы, кока-кола, тіпті энергетикалық сусындар сатып алып ішеді. Негізі, балаға кішкентай кезінен қай тамақтың зиян немесе пайдасы барын айтып отырып, құлағына құю керек, сондай-ақ дұрыс тамақтану мәдениетінің өзіндік ережелерін түсіндірген абзал. Ең әуелі, гигиена сақтау керек. Одан кейін ас бөлмесінде психологиялық атмосфера қалыптастыру қажет, мұнда тамақ ішер кезде телефонды сөндіріп, үстел басында проблема қозғамаған жөн, яғни баланың мектепте алған бағасын сұрамай, өзіңіз де жұмыстағы жағдайларды талқыламағаныңыз дұрыс. Отбасыңызбен бірге фаст-фуд, чипсы, кока-кола секілді зиянды өнімдерді мүлдем ішіп-жемеген дұрыс болар еді. Ішетін астың сапалы, табиғи, құнарлы болғанын қадағалаңыз. Жиі тамақтансаңыз да, тойып тамақ ішпеген абзал. Осы ережелерді отбасыңыздың тамақ ішу мәдениетіне енгізсеңіз, бала өзі көргенін жасап, әрі қарай алып кетеді, — дейді гастроэнтеролог дәрігер.

Сондай-ақ ол қоректі құнарлы тағамнан алған дұрыс екенін, бірақ экологияға және басқа да заманауи факторларға байланысты асымызды витаминдермен байытып отыруға кеңес береді. Мысалы, D, В12 витаминдерін, йод, темір қоспаларын күнделікті ішу қажет екен. Сонымен қатар дәрігер витаминдер жиынтығы мен биологиялық қоспаларды таңғы ас кезінде ішу тиімді екенін айтты.

Гастроэнтерологтің айтуынша, газдалған минералды суларды тамақтың алдында 1 сағат бұрын ішкен пайдалы. «Ал балалар үшін лимонад ішудің жиілігі аптасына бір рет болса жақсы, онда да түскі ас пен кешкі астың арасында ішкені жөн. Одан жиілеп кетсе, рефлюкс пайда болуы мүмкін», — дейді Бибігүл Дүйсенбайқызы.

Анорексия және целиакия

 Жасөспірімдер арасында қарқынды белең алып келе жатқан тағы бір дерт — анорексия. Тәбет жоғалып, салмақ азаятын ауру түрі «анорексия» деп аталады. Оның да түрі, себеп-салдары көп.

— Менің алдыма салмағы төмен, яғни дене салмағының жетіспеушілігі бар балалар да келеді. Негізі жасөспірім қыздың салмағы 45 килограмм болу керек. Бірде менің қабылдауыма салмағы 25 килограмм болатын шынашақтай жеткіншек келді. Психологиялық анорексияға шалдыққан. Біз мұндайды психолог, психиатрлармен бірлесе жұмыс істеп, себебін анықтап, сосын емдейміз.  

Анорексиядан басқа ішек патологиясынан туындайтын аурулар да бар. «Целиакия»  деген ауруды естіген боларсыз. Бұл адам ағзасы глютенді көтере алмау себебінен туындайды. Глютен — дәнді дақылдарда кездесетін күрделі ақуыз. Әсіресе бидай, қара бидай, сұлы және арпада көп. Яғни бұл өнімдердің пайдалы қасиетін арттыратын — осы глютен. Алайда туғаннан глютен жақпайтын адамдар тобы болады. Сондықтан мұндай ауру анықталғанда, науқасқа глютенсіз тағам ұсынылады. Негізі глютенді ағзаның қабылдамайтынын анықтау қиын. Бірақ глютенсіз диета адамдағы түсініксіз созылмалы ауруларды жеңілдетіп, науқастардың жағдайының жақсаруына оң әсер етеді. Мысалы, глютенсіз диета аллергиясы бар, яғни атопиялық дерматиті бар науқастарға ұсынылады. Қазір дүкендерде де арнайы глютенсіз нан, глютенсіз печеньелер сатылады. Біле жүріңіз, ет, картоп, қарақұмық, жемістердің құрамында глютен мүлдем болмайды, — дейді Бибігүл Дүйсенбайқызы.

Сонымен қатар ол эндоскопиялық кабинетте ұсақ заттар жұтып қойған балаларға көмектесетіндерін айтты. Егер өздері көмектесе алмаса, хирургия бөліміне жібереді екен.

Бала қозғалып, айналасымен таныса бастағанда көзіне түскеннің бәрін ұстап көріп, аузына салатынын бәріміз білеміз. Мәселен, баланың назарын кез келген нәрсе аударуы мүмкін: сырға, сақина, ине, шаш қыстырғыш, ойыншықтардың ұсақ бөлшектері, тиындар, батареялар. Осы кезде баланы қадағалаусыз қалдырмаған жақсы. Тіпті жаңа ойыншық таңдағанда да ата-аналар баланың жас ерекшелігіне мән бергені жөн. Ұсақ бөлшектері бар ойыншықтың қасында «3 жасқа дейінгі балаларға беруге тыйым салынады» деген жазба болады. Сондықтан әрқашан қауіпсіздік ережелерін ескерген артық болмайды. Әсіресе өңешті, асқазанды күйдіретін химиялық сұйықтықтар ішсе, емдеу қиынға соғады, — дейді гастроэнтеролог, эндоскопист.

Әңгімеміздің соңында Бибігүл Қадірбекова бала да, ересек адам да асқорыту жүйесі дұрыс жұмыс істесін десе, ұйқыдан тұрғаннан кейін міндетті түрде бір кесе су ішуге тиіс екенін, содан кейін 15-20 минуттан соң ғана таңғы ас ішу керектігін айтты. Дәрігердің айтуынша, күніне 4-5 рет тамақтанып жүрген бала да, ересек те гастрит болмайды.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button