Спорт

Қосалқы топтың қосатыны жоқ-ау…

 

 «Каспий»-«Ақтөбе» — 2:2

 29-30 шілде күндері чемпионаттың 17-тур ойындары өтті. «Астана» «Қызыжардан» ұтылды (1:2). Қызылордаға барған «Қайрат» тең ойынды қанағат тұтты (0:0). «Мақтаарал» Конференция лигасында ойнаған «Тобылға» кеңшілік жасап, бұл турдағы кездесуді кейінге қалдыра тұруға рұқсат етті.

Ал «Ақтөбе» 28 шілдеде өткен Грузиядағы табысты ойыннан соң 30 шілдеде «Каспиймен» ойнауға мәжбүр болды. Ақтаулық клуб басшылары «Ақтөбенің» бұл кездесуді кейінге қалдыра тұру туралы өтінішіне құлақ аспады. Сірә, бұлар Кутаисиден шаршап оралған ақтөбеліктердің сәл-пәл демалып алуына бөгет жасап, қалайда үш ұпай олжалап қалуды ұйғарса керек.

Бұл бір қолайсыз дерек болса, екіншіден, үш футболшы (қақпашы Мирослав Лобанцев, жартылай қорғаушы Ихаб Ганаем, шабуылшы Шина) биыл «Ақтөбе» құрамында алаңға алғаш рет шықты. Бұлардың қатарына ойынға екінші таймда запастан қосылған жартылай қорғаушы Нұрдәулет Ізбасаров пен шабуылшы Роман Изотовты да қосамыз. Сонда 5 ойыншы «Ақтөбе» құрамында алаңға бірінші рет шықты.

Бірден айтарымыз, тап қазір қосалқы топқа иек артудың жайы жоқ екені анық аңғарылды. Рас, Шина гол соқты. Бірақ оның аяғына Сантана тамаша пас салып бергенін ескермеске болмайды.

Қалай болғанда да, «Каспий» басшылығы (футболшылары да) мақсаттарына толық жете алмады. Әттең, алаңда Лука Гадрани, Дмитрий Шомко, Милош Раичкович, Арман Кеңесов, Ньянгбо тәрізді футболшыларымыз болғанда мәселе басқаша шешілер ме еді.

Жалпы, «Каспий» бір ұпайға аса тәуір өнер көрсеткендіктен жеткен жоқ, Грузияда қарсыласына дес бермей, 4:1 есебімен жеңіске жеткен ақтөбеліктердің шаршап оралғандығын, сол себепті бұған дейін қалыптасқан негізгі құрамның бұл кездесуде толық болмағандығын, оның үстіне алаңға шығатын футболшылар толыққанды жаттығу өткізе алмағандығын пайдаланып қалды. Олардың көздегені де осы еді. Бірақ, расына келсек, бұл тіпті де таза спорттық тілектестік емес. Екінші тайм бойы тыным таппаған Максим Самородовты қайта-қайта тобықтан теуіп, аяқтан шалып, итеріп құлатып, ақыры шыдамын тауысу да «Каспийдің» қандай жолмен болса да, жеңілмеудің амалын қарастырған шектен тыс өлермендігі екені көрініп қалды. Спортты өлермендік емес, өміршеңдік дамытатынын ұмытуға болмайды.

«Каспий»-«Ақтөбе» — 2:2

Гол авторларыЫдырыс Умаев, 14-минут (0:1), Шкиприм Таипи, 19-минут (1:1), Филип Аврич, 43-минут (2:1), Рожерио Шина, 50-минут (2:2).

90+5 минутта Максим Самородовқа («Ақтөбе») «қызыл қағаз» көрсетіліп, алаңнан қуылды.

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Мирослав Лобанцев (қақпашы), Әділхан Таңжарықов,​ Әлібек Қасым, Дмитрий Яшин,​ Ескендір Қыбырай, Ихаб Ганаем (Нұрдаулет Ізбасаров, 79-минут), Леонель Струмия (капитан), Ыдырыс Умаев (Бауыржан Байтана, 46-минут), Рожерио Шина (Роман Изотов, 84-минут), ​Андрия Филипович (Элдер Сантана, 46-минут), Абылайхан Жұмабек (Максим Самородов, 46-минут).

Бас бапкер — Андрей Карпович.

30 шілде 2023 жыл. Ақтау қаласы, «Жас қанат» стадионы. 3200 адам.

*   *   *

Біздің мергендеріміз:

Арман Кеңесов, жартылай қорғаушы — 6 гол;

Максим Самородов, жартылай қорғаушы — 4 гол;

Әлібек Қасым, қорғаушы — 3 гол;

Лука Гадрани, қорғаушы — 3 гол;

Элдер Сантана, шабуылшы — 3 гол;

Андрия Филипович, шабуылшы — 2 гол;

Ескендір Қыбырай, қорғаушы — 2 гол;

Уго Видемонт, жартылай қорғаушы — 2 гол,

Ыдырыс Умаев, шабуылшы — 2 гол;

Абылайхан Жұмабек, шабуылшы — 1 гол;

Милош Раичкович, жартылай қорғаушы —1 доп,

Франк Ньянгбо, жартылай қорғаушы — 1 доп,

Шина, шабуылшы — 1 доп.

*   *   *

Жерлестеріміз 17 кездесу өткізіп, 10 рет жеңді, 5 рет тең ойнады, 2 рет ұтылды.

Ұпай саны — 35. Доп айырмашылығы — 31:15.

*   *   *

Он жетінші турдан соңғы алғашқы үштік — «Ордабасы» (42 ұпай), «Астана» (39 ұпай), «Ақтөбе» (35 ұпай).

4-5 орын иелері — 29 ұпай жинаған «Қайрат» пен 28 ұпайы бар «Қызылжар».

6,7,8-орындарда «Тобыл» (26 ұпай), «Атырау» (23 ұпай), «Жетісу» (23 ұпай) тұр.

9-10 орынға 21 ұпай жинаған «Қайсар» мен 18 ұпайы бар «Шахтер» орнықты.

Соңғы төрттікте, яғни 11,12,13,14-орында қалғандар — «Оқжетпес» (14 ұпай), «Мақтаарал» (12 ұпай), «Каспий» (11 ұпай), «Ақсу» (11 ұпай).

* Басқалардан «Астананың» 1 ойыны артық екенін еске саламыз. Ал «Қызылжар» 1 ойын, «Тобыл» 2 ойын кем ойнап отыр.

*   *   *

18-тур ойындары 5-6 тамыз күндері өтеді:

5 тамыз, сенбі

«Шахтер» — «Атырау»

«Жетісу» — «Қызылжар»

«Каспий» — «Ақсу»

6 тамыз, жексенбі

«Тобыл» — «Қайсар»

«Ақтөбе» — «Қайрат»

«Астана» — «Оқжетпес»

«Ордабасы» — «Мақтаарал»

Е.АХАТҰЛЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button