Спорт

Әзірге 13 жүлде бар

Қытайдың Чэнду қаласында ХХХІ жазғы Универсиада өтіп жатыр. Қазақстан құрамасының қоржынында әзірге 1 алтын, 5 күміс және 7 қола медаль бар.

ХХХІ жазғы Студенттер ойындары 2021 жылы өтуі керек еді. Алайда коронавирус пандемиясына байланысты ол екі мәрте кейін шегіндіріліп, биылғы шілденің

27-сінде басталды. Универсиадаға әлемнің 120 елінен жас спортшылар қатысып жатыр. Олардың ішінде Қазақстанның 26 оқу орнынан 90 спортшы бар. Жалпы, Универсиада бағдарламасына 18 спорт түрі енгізілген болса, қазақстандық студенттер 11 спорт түрінен өнер көрсетеді.

Бүгінге дейін біздің жастарымыз 13 жүлдеге ие болды. Оның ішінде таэквандошы Рита Бәкішева (46 келі) алтын жүлдеге қол жеткізді. Финалда ол Қытайлық Тайбей елінің өкілі Хуан Ин Суанды жеңді.

Сондай-ақ көркем гимнастшы Элжана Таниева ел қоржынына бір өзі үш жүлде салды. Ол екі жаттығудан (доп және таспа) күміс медаль алса, тағы бір түрінен қола медаль жеңіп алды.

Қазақстандық мергендер де екі күміс және бір қола медаль иемденді. Ислам Сәтбаев, Константин Малиновский және Никита Шахторин командалық сайыста бір күміс, бір қола жүлдеге қол жеткізді. Ал жеке сайыста (25 метр) Никита Чирюкин күміс жүлдеге ие болды. Сондай-ақ садақ тартушы Диана Тұрсынбек те Универсиаданың күміс жүлдегері атанды.

Чэндуда жас дзюдошыларымыз да жақсы өнер көрсетіп, үш қола медаль жеңіп алды. Олар — Бекарыс Сәдуақас (100 келі), Сұңғат Жұбатқан (66 келі) және Асқар Нарқұлов (73 келі). У-шу спортынан жарысқа 4 адам барып, олардың ішінен Бексұлтан Қоскенов пен Әйгерім Төреханова қола жүлдегер атанды.

Бүгінге дейін 39 елдің спортшылары жүлдеге ие болса, соның ішінде Қазақстан құрамасы 16-орында тұр. Чэнду Универсиадасы 9 тамызда аяқталады.

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button