Денсаулық

Сақтану жолы – скрининг

Былтыр біздің облыста қатерлі ісікпен күресіп жүрген 1600-ден астам науқас болса, биылғы алты айдың қорытындысында тағы 963 адамнан жаман ауру анықталып отыр.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Онкологиялық жағдай және алдын алу жолдары туралы» тақырыбында өткен брифингте айтылды.

Брифингте М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің Медициналық орталығының жетекшісі Елдос Смаилов пен онкологиялық қызмет жөніндегі үйлестіруші Валерий Бегунов өңірдегі онкологиялық ауруларды ерте анықтау, онкоскрининг түрлері, науқастарға жасалатын ем туралы әңгімеледі.

— Жыл сайын өңірімізде 20-30 адамнан онкологиялық ауру анықталады. Әсіресе сүт безі қатерлі ісігі көп. Облыста 195 тұрғын аурудың осы түріне шалдыққан. Ал асқазан рагы 176 адамды әуреге салса, өкпе рагы 173 адамның тынысын тарылтып тұр. Бұл тізімді тоқішектің, терінің, жатыр мойны, лимфа жүйелері қатерлі ісігі жалғастырады. Өлім негізінен, асқазан, сосын өкпе рагымен, одан кейін ғана тоқішектің қатерлі ісігімен күресіп жатқандар арасында жиі болып жатады. Аудандар арасында Әйтеке би мен Шалқар аудандарында қатерлі ісіктен қайтқандар көп, — дейді онколог дәрігер Елдос Смаилов.

Спикерлер онкологиялық аурулардан сақтанудың негізгі жолы — скрининг екенін нықтап айтты.

— Скринингтен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандырылған мәртебесі бар адамдар өтеді. Мұндай зерттеулер белгілі бір жас тобына ғана қарастырылған. Мысалы, жатыр мойны қатерлі ісігіне байланысты цитологиялық зерттеулерден 30-70 жас аралығындағы әйелдер 4 жылда бір рет өтеді. Сүт безінің қатерлі ісігі бойынша маммографиялық тексеруден 40-70 жастағы әйелдер екі жылда бір рет өтуге тиіс. Ал 50-70 жастағы ерлер мен әйелдер тоқішектің қатерлі және қатерсіз ісіктерін ерте анықтайтын скринингтен екі жылда бір рет өтуі керек. Қатерлі ісік — болжамы нашар ауру. Анықталған жағдайда уақтылы емделмесе тез дамиды, тіпті науқас өліп кетуі мүмкін. Сондықтан скринингтік зерттеулерден уақтылы өтіп, алаңсыз жүріңіз, — дейді Валерий Бегунов.

Онколог дәрігерлер қатерлі ісік анықталған науқасқа одан әрі қарайғы зерттеу және ем шаралары МӘМС жүйесінде бар-жоғына қарамастан, тегін жүргізілетінін айтты.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button