Спорт

«Ақтөбе» үшінші кезеңге шықты

Конференция лигасының екінші кезеңінің қарымта ойынына облыс әкімі Ералы Тоғжанов қатысып, қолдау білдірді. Ал оған дейін 1500 ақтөбелік жанкүйер Әбілқайыр даңғылымен шерулете өтіп, «13-сектор» факел жағып, команданың туын көкке көтерді. Орын жетіспейтіндіктен стадионға кіре алмаған жанкүйерлерге Ақтөбе қаласының Орталық саябағында 5*8 метрлік экран орнатылып, тартысты ойыннан тікелей хабар ұйымдастырылды.

Келесі кезеңге өтетіндіктеріне қанша сенімді болғанымен, «Ақтөбе» қарымта кездесудің бірінші таймын тынымсыз шабуылдармен бастады, солай өткізді.

Дегенмен бір апта бұрын сырт алаңда 4:1 есебімен жеңіске жеткен «Ақтөбеге» бұл ойында гол соғудың оңай жолы табылмай қойды. Қақпаның оң жағынан тепкен Элдер Сантананың добы қиыс кетті. Милош Раичкович тепкен доп қақпадан асып түсті. Сантана тепкен тағы бір доп қақпа діңгегіне тиіп кері серпілді. Қақпа алдындағы тағы бір қарбалас сәт нәтижесіз аяқталды. Сөйтіп жүргенде 31-минутта айып алаңына ентелей енген Максим Самородов қарсы алдына Бауыржан Байтана ыңғайлы етіп баспен тастай салған допты кідіріссіз теуіп, қақпаның оң бұрышына енгізді де жіберді — 1:0.

 

Бұдан соң Байтананың өзі де қауіпті соққы жасады. Дегенмен есеп ұлғайған жоқ. Бірінші тайм осылай аяқталды.

Екінші таймға грузиндерді шотландық бапкер әбден қайрап жібергені бірден байқалды. Ал ақтөбелік бапкер 60-минуттан бастап жасаған алмастырулар ойынға жаңа леп қоса алмады. Оның орнына қонақтар күш алып кетті. Жалпы бұл ойында запастан қосылғандардан пайда болмады. 58-минутта торпедолық Георгий Арабидзе сол аяқпен еңірете тепті де, біздің футболшыға кездейсоқ тиген доп әуелей ұша траекториясын өзгертіп барып қақпаның оң жақ бұрышына кірді де кетті, аңырып тұрып қалған Стас Покатилов допты көзбен ғана шығарып салды — 1:1.

Бұдан соң әлі де келесі кезеңнен үмітін біржола жоғалта қоймаған «Торпедо» футболшылары шабуылды үдете түсті. 66-минутта қорғаушыларымыздың абайсыздығын пайдаланған Ираклий Бугридзе екінші голды соғып кетті — 1:2.

Енді «Ақтөбе» есе қайтаруға тырысты. Әсіресе бірер минуттың ішінде екі ескерту қағазына алған грузиндік футболшы алаңнан қуылғаннан кейін жерлестеріміздің мүмкіндігі ұлғайған болатын. Рас, хоккейдегі тәрізді емес футболда бір ойыншының алаңнан қуылуы кереметтей басымдық болып санала қоймайтыны мәлім. Дегенмен бұл артықшылықты пайдаланудың да реті келетін сәттер болмай қоймайды. Бірақ жерлестеріміз сол сәттерді тиімді пайдалана алмады. Әсіресе ақтөбеліктердің қарсыластар қақпасы алдындағы әрекеттері көңілге қонбады. Мысалы, Самородов пен Раичковичтің, Умаевтың қарбалас шақта допты ыңғайлы позицияда тұрған әріптесіне асырып жібермей, өзі гол соғуға әрекеттенуі тіпті де нәтижелі болған жоқ. Оған қоса Раичкович, Филипович тепкен доптар нысанадан аулақ кетіп жатты.

Сөйтіп, жерлестеріміз қанша шабуылдаса да, ең болмаса, тең ойынға да қол жеткізе алмады. Қазақ футболының ардагері Юсуп Шадиев бірінші таймда тәп-тәуір ойнаған ақтөбелік футболшылар екінші таймда допты іліп алып мақсатсыз шапқылай бергенін сынға алды. Ал анықтама үшін айта кетсек, «Ақтөбе» қарсыластар қақпасына гол бағыттау жөнінен де (18-9), допты қақпаға дәл бағыттау тұрғысында да (7-3) басым болды.

Бұл, әрине, сөз арасындағы әңгіме. Әйтпесе ұтылғанымен де «Ақтөбе» екі кездесудің қорытындысы бойынша (5:3) келесі кезеңге шықты.

«Ақтөбенің» үшінші кезеңдегі қарсыласы — «Сепси» командасы (Сфынту-Георге, Румыния). «Сепси» — соңғы екі маусымда да Румыния кубогын, бір рет елдің Суперкубогын жеңіп алған клуб.

Бірінші ойын 10 тамызда Румынияда, ал қарымта кездесу 17 тамызда Ақтөбеде өтетін болады.

Өкінішке қарай, өз чемпионатымызда «Ақсу» командасының басшылығы «Ақтөбемен» болатын 13 тамыздағы кездесуді кейінге шегере тұруға келіспей отыр. Олар осының алдындағы «Каспий» тәрізді Конференция лигасындағы кездесуден шаршап оралатын біздің командадан бір ұпай болса да жырымшылап қалуды көздеген секілді. Дегенмен, қалай бұлталақтаса да, қазір ең соңғы сатыда келе жатқан «Ақсудың» жағдайы бұдан жақсарып кететіні тым күмәнді.

«Ақтөбе» (Ақтөбе, Қазақстан)-«Торпедо» (Кутаиси, Грузия) — 1:2 (жалпы есеп — 5:3).

Гол авторлары: Максим Самородов, 31-минут (1:0), Георгий Арабидзе, 58-минут (1:1), Ираклий Бугридзе, 66-минут (1:2).

77-минутта екінші рет ескерту қағазын алған Ника Сандохадзе («Торпедо») алаңнан қуылды.

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Стас Покатилов (қақпашы), Дмитрий Шомко (капитан), Дмитрий Яшин,​ Әлібек Қасым, Леонел Струмия, Милош Раичкович (Эхаб Гнаем, 74-минут), Әділхан Таңжарықов (Ескендір Қыбырай, 61-минут), Рожерио Шина (Андрия Филипович, 60-минут), Бауыржан Байтана (Андерсон Ньянгбо, 60-минут)​, Максим Самородов (Ыдырыс Умаев, 79-минут), Элдер Сантана.

З тамыз 2023 жыл. Ақтөбе, Қобыланды батыр атындағы Орталық стадион. 13 600 адам.

*   *   *

Чемпиондар лигасының екінші іріктеу турнирінде ойнап жатқан «Астанаға» үміт артқандар аз болды, бәлкім болмады деуге де болатын шығар. Өйткені бірінші кездесуде астаналықтар сырт алаңда қарсыласы Загребтің «Динамо» командасынан 0:4 есебімен ұтылған болатын. Дегенмен 2 тамызда өтетін Астанадағы қарымта кездесуде алаң иелері ұтпаса да, жергілікті жанкүйерлеріне сүйеніп, кәдімгідей қарсылық көрсететін шығар деп ойлағанбыз. Олай болмады. Бұл жолы «Астана» 0:2 есебімен ұтылып қалды.

Бір жұбанарлығы сол, астаналық команда осылайша Чемпиондар лигасындағы сайыстан шеттеп қалғанымен, енді Еуропа лигасында ойнайтын болды. «Астана» Болгарияның «Лудогорец» командасымен 8 тамызда бірінші кездесуді өз алаңымызда өткізеді.

«Астана» (Астана, Қазақстан)-«Динамо» (Загреб, Хорватия) — 0:2 (жалпы есеп — 0:6).

*   *   *

Конференция лигасының екінші кезеңіндегі сенсациялардың бірі «Тобылдың» үшінші кезеңге өтуі болды. Қостанайлықтардың қарсыласы «Базель» Еуропаға жап-жақсы мәлім команда еді. Әлде өздерін тым асыра бағалап жіберді ме, әлде шамалары жеткені сол болды ма, Базель қаласында 28 шілдеде өткен кездесуде бұлар 1:3 есебімен жеңіліп қалған болатын. Оған қоса базельдік екі футболшы «қызыл қағаз» алып, алаңнан қуылғандары және бар. Қостанайда өткен қарымта кездесуде де «Базель» мақсаттарына жете алмады. Салқын ақылмен ойнаған алаң иелері 1:2 себімен жеңілгенімен екі кездесудің қорытындысы бойынша іріктеу турнирінің үшінші кезеңіне өтті.

«Тобылдың» бұл кезеңдегі қарсыласы — «Дерри Сити» (Солтүстік Ирландия). Бірінші ойын 10 тамызда Қостанайда өтеді.

«Тобыл» (Қостанай, Қазақстан)-«Базель» (Швейцария) — 1:2 (жалпы есеп — 4:3).

*   *   *

28 шілдеде Шымкентте өткен бірінші кездесуде 2:0 есебімен жеңіп жатқан «Ордабасының» іле-шала өз қақпасына екі гол жіберіп алғаны кәдімгідей өкініш болған еді. Бұл тең ойынның ақыры қайда апарып соғатынын қазақстандық жанкүйерлер ептеп сезді де. Варшава қаласында өткен қарымта кездесуде «Легия» басым түсті. Рас, шымкенттіктердің жеңіліп қалуына төрешілердің де теріс ықпалы болғаны айтылып жатыр. Бірақ таблодағы есепті ойыннан соңғы әңгімелермен өзгерте алмайсың. Осылайша «Ордабасы» Конференция лигасында осы екінші кезеңнен аса алмай қалды.

«Легия» (Варшава, Польша)-«Ордабасы» (Шымкент, Қазақстан) — 3:2 (жалпы есеп — 5:4).

 Е.АХАТҰЛЫ

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button