Басты жаңалықтар

Ауру — астан?..

Әр халықтың, соның ішінде қазақтың да өз дастарқан мәзірі, жылдың әр мезгіліне тән, сондай-ақ адамның жасына қарай тамақтану тәртібі, тағам арқылы таралатын аурулардан сақтану амалдары болған. Қазақ — әр астың қасиетіне үңіліп, талғаммен тамақтанған халық. Тіпті кешегі күннің өзінде бұрынғы қазақы тұқымнан болмаса, беріде пайда болған меринос қойдың етін де аузына алмайтын қарияларды көріп өстік.

Қазақтар қыста — ет, ал жазда сүт тағамдарын көбірек пайдаланған. ХІХ ғасырда қазақ арасында болған орыс саяхатшылары мен зерттеушілерінің бір тобы (А.Алекторов, А.Васильев, т.б.) біздің бабаларымыздың ас ішкенде, ас даярлағанда қолын мұқият жуып, санитарлық-гигиеналық талаптарға бірінші кезекте мән беретіні, суды қайнатып ішетіні, тағам арқылы емдеуді (қымыз, диетотерапия) жақсы меңгергені жайлы жазып кеткен.

Өкінішке қарай, соңғы жүз жылда дәстүр сабақтастығы үзілді, тіпті ұлттық тағам түрлерінің өзі дастарқанымыздан мүлде жойылуға айналды. Бүгінде көпшілігіміз күнделікті ас мәзіріне мән бермейтін, басқасын айтпағанда, балалардың өзіне не болса, соны әпере салатынболдық…

Жарамдылық мерзімін тексересіз бе?

Ақшасы бар адам қазір дүкен мен базарды аралап жүріп, қалаған тағамын алып жей алады. Құс сүтінен басқаның бәрі бар, бәрі табылады. Алайда адамнан — сақтық, саудагерден ұят табылмайтын сәттер болады. Жуырда көршілес Қостанай облысының Ұзынкөл ауданында дүкеннен қытырлақ картоп (чипсы) сатып алып жеген бір топ бала ауылдағы медпункттен бір-ақ шықты. Бір жақсысы, дер кезінде дәрігерлік көмек алыпты.Ата-аналар істің мән-жайын анықтауға кіріскенде, балаларының ауыл дүкенінен жарамдылық мерзімі өткен өнім алып жегеніне көз жеткізіпті. Дүкен иесі 800 теңге тұратын өнімді, мерзімі өтуіне байланысты құнын түсіріп, 500 теңгеге сатқан, балалар оны бірінен бірі естіп, «арзан» қытырлаққа тұра жүгіріпті…

Бұл оқиғада ең өкінішті жайт — дүкен иесінің тұтынушы денсаулығына мүлде немқұрайды қарап, тіпті нақ сол өнімге әсіресе балалар құмар келетінін білсе де, селт етпестен, шығынға қалмауды ғана ойлауы, сол шығынға қалмаудың жолында ертеңгі күні өзінің жауапқа тартылуы мүмкін екеніне де ой жүгірте алмауы болса, екінші жағынан, ата-аналардың да күнделікті өмірде бала денсаулығына қауіп төнбеуі үшін ең қарапайым ережелерді үйрете алмай отырғанына назар аудару керек.

Ұзақ сақталатын немесе тез бұзылатын тамақ өнімі ме — құжаттарда қай-қайсысының да дайындалған уақыты мен күні, сақтау шарттары және жарамдылық мерзімі көрсетілуге тиіс. Өкінішке қарай, көптеген сауда орындарында әсіресе базарларда жаңғақ, кептірілген жеміс, тары-талқан, тәтті нандар (торт, т.б.) және басқа да өнімдердің жарамдылық мерзімі көрсетіле бермейді. Мысалы, кептірілген жемістердің жарамдылық мерзіміне келсек: арнайы шарттары сақталған күнде, алма мен мейіз — 18 айға, сары өрік пен қара өрік — 12 айға, құрма мен інжір 10 айға дейін жеуге жарамды.

Шығынға қалмауды көздеп, мерзімі асып кетсе де, өнімін өткізіп жіберуді ғана ойлайтындар аз емес. Оны күнделікті өмірде көріп те жүрміз. Кейбірі жұрттың денсаулығына зиян шектіретін болдым-ау, заңды, тәртіпті бұздым-ау деп қысылудың орнына, керісінше, «Тұздың жарамдылық мерзімі бола ма екен, басың жасай ма, өзі?», «Әшейінде бәрін алып жүріп, маған келгенде, жарамдылық мерзімін қарай қалыпты!» — деп, тұтынушыны жерден алып, жерге салып та жатады.

Еліміздің заңдарында тұтынушы құқығын, оның денсаулығын қорғау жайы қаралған. Сондықтан сауда орындарында сізге жарамдылық мерзімі өткен өнім ұсынса, немесе ондай өнімнің сөрелерде тұрғанын көрсеңіз, бұл денсаулыққа қауіпті екенін ескеріп, дереу арада тиісті орындарғахабарлаңыз.

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің тамақтану объектілерін бақылау және қадағалау бөлімінің басшысы Мейрамгүл Елеуовадан білгеніміздей, биыл жыл басынан бері мерзімі өтіп кетсе де, дүкендерде сатылымда тұрған тағамдарға қатысты 3 шағым түскен.

Мұндай жағдайда жоспардан тыс тексеріс өткізіп, жауапты адамдарға әкімшілік шара қолданылады, айыппұл салынады. Мерзімі өткен өнім саудадан алынып тасталуға тиіс, осы бойынша ұйғарым беріліп, оның орындалуы да тексеріледі, — деді Мейрамгүл Елеуова.

Маманның айтуынша, азық-түлік дүкендерінде, базарларда және қоғамдық тамақтану орындарында тағамды сақтау, өткізу және тасымалдау кезінде қандай да бір заң бұзу фактілеріне тап болған жағдайда облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мен оның аумақтық басқармаларына хабарласу керек. Алайда жай сөзбен шағымданбай, растайтын дәлелдемелерді, яғни сурет, бейнежазба, сатып алу чегін, т.б. мәліметтерді қоса ұсыну қажет. Аталған орындарға арнайылап бара алмаған жағдайда, электронды үкімет порталы, eotinish.gov.kz платформасы арқылы да шағым қалдыруға болады. Өтініште өзіңіз туралы мәліметтер де көрсетілуі қажет, өйткені анонимді арыздар қаралмайды.

Сонымен қатар, үй жағдайында даәзірлеген тамақты төгіп тастауға қимай, соңында уланып, ауруханаға түсетіндер азаймай отыр. Мысалы, биылғы жылдың бастапқы алты айында 176 адам осындай себеппен жедел ішек ауруларына шалдыққан.

Пайдасы жоқ…

Қазір әсіресе қала адамы үйден гөрі түзде көбірек жүреді. Күні бойы жұмыста болатын ересек адамдар ғана емес, балалар да мектеп, үйірме, емтиханға дайындық деп шапқылап жүріп, үй бетін көрмей кетеді. Сыртта жүрген жан қарны ашқанда қоғамдық тамақтану орындарын, түрлі фаст-фуд сататын дүңгіршіктерді жағалайды, жеткізіп беру қызметін де мойнына алатын мейрамхана мен дәмханаға, жеке кәсіпкерлерге тапсырыс береді. Қазір түрлі ас тағамдарын әзірлеп сататын жеке кәсібі бар аспаздар үйімізге жақын жерден-ақ табылады. Жұмыстан кеш шыққан жағдайда соларға хабарлама жазып, тапсырыс бере салатын кездер де аз болмайды. Асығыстықты, уақыттың тығыздығын алға тартып жүргенде, өкінішке қарай, денсаулық қамы ұмыт қалады.

Қазір әлеуметтік желі арқылы дайын тағамға тапсырыс беру әдетке айналды. Мұндайда бір ғана жайтқа назар аударып көріңізші: оны әзірлейтін адам шикі және дайын тағамдар үшін ортақ ыдыс қолдана салуы да мүмкін ғой? Сонымен бірге ол тағам әзірлегенде жарамдылық мерзімі өткен өнімдерді пайдалануы да мүмкін. Бәлкім, өзі қандай да бір инфекция тудыратын бактерия тасымалдаушы ма — ол жағына да көз жеткізе алмайсыз, — дейді Мейрамгүл Елеуова.

Маман мұндай күдіктерді бекерге айтып отырған жоқ, өткен жылы облыста қоғамдық тамақтану орнында ауқаттанған 12 адам, оның ішінде 6 бала уланып, анықтай келгенде, азпаздардың медициналық тексеруден өтпегені, басқа да санитарлық талаптардың өрескел бұзылғаны белгілі болды. Медициналық тексеруден өтпей жұмысқа алынған аспаздардан стафилококк тобына жататын бактериялар табылған, яғни олар қауіпті бактерияларды тасымалдаушы болып шыққан.

Ал фаст-фуд тағамдардың да ағзаға пайдасы аз, керісінше, зияны шаш-етектен.

Фаст-фуд құрамында пайдалы компоненттер өте аз, сондықтан ас мәзірінде тек фаст-фудпен шектелетін адамдар витамин жетіспеушілігіне ұшырайды. Оған дәм, иіс күшейтетін түрлі зиянды қоспалар көп қосылады, сол себепті әсіресе аллергиясы бар адамдардың мүлде жоламағаны дұрыс. Зерттеулер фаст-фудты көп тұтыну мен балалардағы демікпе ауруының арасында байланыс барын көрсеткен. Сондай-ақ фаст-фуд қант диабеті, гипертония ауруларына, иммунитет жетіспеушілігіне ұшыратып, түрлі созылмалы сырқаттардың асқынуына әкелуі мүмкін, — дейді Мейрамгүл Елеуова.

Қорыта айтқанда, сырттан дайын тамақ тасу, қоғамдық орындарда тамақтану денсаулық мәселесінде үлкен тәуекелге барумен бірдей.

Маман үйде күнделікті ас дайындағанда жеке бас гигиенасын, сондай-ақ ас даярлаудың тиісті шарттарын қатаң сақтау керектігін ескертеді. Мысалы, асүйде шикі және дайын тағамдар үшін барлық ыдыстар, соның ішінде пышақ, тақтайша, еттартқыштар бөлек-бөлек болуы керек. Шикі ет, балыққа қолданылатын ыдыс пен асүй құралдарын басқа тағамдарға жолатпаңыз! «Тауар көршілестігін», яғни шикі ас пен дайын тағамды бірге сақтауға болмайтынын да ескеріңіз.

Сондай-ақ ит, мысығыауласында еркін жүретін көршіңіз, танысыңыз ұсынған жеміс-жидектерді қуана қабыл алмаңыз. Өйткені жемістер жерде жатып қалып, ит-мысық бүлдіріп кеткен болуы мүмкін.

Жалпы, жаз кезінде тамақтану қауіпсіздігіне екі есе мән беру керектігін ұмытпаңыз.

Күн ыстықта тағам тез бұзылады. Сондықтан дайын тағам, салаттар, ашылған консерві тоңазытқышта тұрып қалған болса, «қимастықтың» қажеті жоқ, тастау керек. Тағамнан уланған жағдайда дереу дәрігер шақырыңыз! Өз бетіңізбен емделуге болмайды, — дейді Мейрамгүл Елеуова.

Айна САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button