Спорт

Қарағандыда қақпашылар сыналды

Премьер-Лига

«Шахтер»-«Ақтөбе» — 0:1

15-16 шілде күндері чемпионаттың 15-тур ойындары өтті. Бұл турда «Астана» ойнаған жоқ та, «Ордабасы» көш басына шықты. «Қызылжар» ойнаған жоқ та, «Қайрат» төртінші орынға көтерілді.

«Ақтөбе» Қарағандыда «Шахтер» командасымен кездесті. Ойын басталар-басталмастан стадионды «Ақтөбе, Ақтөбе!» деген дауыстар кернеп кетті. Қашан да сүйікті командасын қолдаусыз қалдырмауға тырысатын жанкүйерлеріміз Қарағандыға да жеткілікті түрде жетіп келгені осы дауыстардан-ақ бірден сезілді.

Ақтөбелік футболшылар да жанкүйерлерді риза етуді ойлағаны және бірден байқалды. Төрешінің ысқырығы естіле салысымен-ақ жерлестеріміз алаң иелерінің қақпасын торуылдаумен болды. Әттең, стадионды ерекше гу еткізетін сәт келмей-ақ қойды. Әдеттегіше жан сала ойнаған Максим Самородовтың екі-үш соққысы, Дмитрий Шомконың, Милош Раичковичтің, Әлібек Қасымның бір-екі соққылары нысанадан аулақ кетіп жатты. Максим қақпаның алдына тастаған бір тамаша пасқа да «ие табылмай» қалды. Кәдімгідей басымдықпен ойнаған, қақпаға оңды-солды қауіп төндірген «Ақтөбенің» бірінші таймда гол соға алмағаны тіпті түсініксіз болды. Бұған, әрине, біріншіден, біздің футболшыларымыздың қай кездегідей де қақпа маңындағы шешуші сәтте допты нысанаға тікелей бағыттай алмай қалатын «ескі сырқаты» себеп болса, екіншіден, қарағандылық атақты қақпашы Игорь Шацкийді қапы қалдыру және оңай емес еді.

Ойынның алғашқы бөлігінің соңғы минуттарында жарақат алып қалған Андерсон Ньянгбоның орнына екінші таймда алаңға Арман Кеңесов шыққан болатын. Осы Арман әлгі далаға кеткен соққылардың есесін бірден қайтарды. Ойынға қосылғанына бес минут өтпей жатып ол қарсыластардың айып алаңына тұтқиылдан еніп, алдына келе қалған допты оң аяғына орайластыра ыңғайлап алды да, қарсы шыға келген қарағандылық Роджер Каньясты алдай өтіп, шалт соққы жасады. Аса екпінмен тебілмесе де, қақпаның оң жақ бұрышына қарай дәл бағытталған доп жібек торды желп еткізді. Бұл ретте қақпашы Игорь Щацкийге кінә артудың да реті жоқ еді. Қақпашыдан гөрі бұл жерде негізінен қорғаушылардың қапы қалғанын айтқан жөн — 0:1.

Ойында бұдан басқа гол соғылмады. Екі жақтың да футболшылары есепті өзгертудің мүмкіндіктерін пайдалана алмады. Әсіресе ақтөбелік қақпашы Стас Покатиловтың бұл кездесуді тамаша өткізгеніне жанкүйерлер ерекше ризалық білдірді. Стас қақпаны жеке өзі кемінде екі-үш голдан құтқарып қалды, ол Темур Чогадзе, Антон Толордава, Роман Муртазаев қақпаға дәл бағыттаған доптарды дарытпай қойды. Ал біздің Элдер Сантана мен Милош Раичкович сәті келген соққыны келістіре алмады.

Рас, бір ғана голмен басым түсу, қарапайым есеп тұрғысынан келгенде, ірі ұтыс та емес шығар. Дегенмен сырт алаңда, оның үстіне жан аяспас тартыста, оған қоса мығым қорғаушымызға «қызыл қағаз» көрсетілген соң 15 минут шамасында азшылықта ойнай жүріп үш ұпай олжалау тіпті де қомсынатындай көрсеткіш емес. Ең бастысы, ат арытып, тон тоздырып сонау Қарағандыға барған жанкүйерлеріміздің тасып-толған қуанышының өзі қандай!

Осылайша жерлестеріміз қарағандылықтарды биылғы маусымда екінші рет ұтты.

«Шахтер»-«Ақтөбе» — 0:1

Гол авторы: Арман Кеңесов, 49-минут (0:1).

79-минутта екінші рет ескерту қағазы көрсетілген Әділхан Таңжарықов («Ақтөбе») алаңнан қуылды.

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Стас Покатилов (қақпашы), Дмитрий Шомко (капитан), Лука Гадрани,​ Әлібек Қасым, Әділхан Таңжарықов, Артурас Жулпа, Милош Раичкович (Дмитрий Яшин, 86-минут), Бауыржан Байтана (Уго Видемонт, 63-минут), Андерсон Ньянгбо (Арман Кеңесов, 46-минут), Максим Самородов (Ескендір Қыбырай, 86-минут), Элдер Сантана.

Бас бапкер — Андрей Карпович.

15 шілде 2023 жыл. Қарағанды қаласы, «Шахтер» стадионы. 7000 адам. 

*   *   *

Біздің мергендеріміз:

Арман Кеңесов, жартылай қорғаушы — 6 гол;

Максим Самородов, жартылай қорғаушы — 4 гол;

Әлібек Қасым, қорғаушы — 3 гол;

Лука Гадрани, қорғаушы — 3 гол;

Элдер Сантана, шабуылшы — 3 гол;

Андрия Филипович, шабуылшы — 2 гол;

Ескендір Қыбырай, қорғаушы — 2 гол;

Ыдырыс Умаев, шабуылшы — 1 гол;

Абылайхан Жұмабек, шабуылшы — 1 гол;

Уго Видемонт, жартылай қорғаушы — 1 гол;

Милош Раичкович, жартылай қорғаушы —1 доп;

Франк Ньянгбо, жартылай қорғаушы — 1 доп.

*   *   *

Жерлестеріміз 15 кездесу өткізіп, 9 рет жеңді, 4 рет тең ойнады, 2 рет ұтылды.

Ұпай саны — 31. Доп айырмашылығы — 28:13.

*   *   *

Он бесінші турдан соңғы алғашқы үштік — «Ордабасы» (39 ұпай), «Астана» (38 ұпай), «Ақтөбе» (31 ұпай).

4-5 орын иелері — 27 ұпай жинаған «Қайрат» пен 25 ұпайы бар «Қызылжар».

6,7,8-орындарда «Тобыл» (23 ұпай), «Атырау» (22 ұпай), «Қайсар» (20 ұпай) тұр.

9-10 орынға 19 ұпай жинаған «Жетісу» мен 15 ұпайы бар «Шахтер» орнықты.

Соңғы төрттікте, яғни 11,12,13,14-орында қалғандар — «Оқжетпес» (14 ұпай), «Мақтаарал» (11 ұпай), «Каспий» (10 ұпай), «Ақсу» (7 ұпай).

* Басқалардан «Ордабасы» мен «Астананың», «Оқжетпес» пен «Мақтааралдың» 1 ойыны артық екенін еске саламыз. Ал «Қызылжар» мен «Тобыл» әзірге 1 ойын кем ойнап отыр.

*   *   *

 15-тур ойындары 22-23 шілде күндері өтеді:

22 шілде, сенбі

«Ордабасы» — «Қызылжар»

«Ақтөбе» — «Қайсар»

«Жетісу» — «Ақсу»

«Астана» — «Атырау»

23 шілде, жексенбі

«Қайрат» — «Мақтаарал»

«Тобыл» — «Оқжетпес»

«Шахтер» — «Каспий»

Е.АХАТҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button