Басты жаңалықтарМереке

Отанымыздың жүрегі —  Астанаға — 25 жыл!

6 шілде күні Тәуелсіз Қазақстанның теңдессіз жауһары — Астана қаласы 25 жылдығын атап өткелі отыр. Еліміздің жүрегі іспеттес шаһардың «туған күніне» дайындық жұмыстары әлдеқашан басталып кетті. Бұл түсінікті де, өйткені Астана күні жалпыұлттық мерекеге айналған.

Атаулы мерекеге орай өткен жылдарға шегініс жасап, тарихи оқиғаның қалай басталғанына тоқталсақ…

«Әлем қаласы»

Елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешімді Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі 1994 жылы 6 шілдеде қабылдады. Астананы ресми көшіру 1997 жылғы 10 желтоқсанда жүзеге асты. Президенттің 1998 жылғы 6 мамырдағы Жарлығымен Ақмоланың атауы Астана болып өзгертілді. Жаңа астананың халықаралық тұсаукесері 1998 жылғы 10 маусымда өтті. Ал 1999 жылы Астана ЮНЕСКО шешімімен «Әлем қаласы» атағын алды. Қазақстанның бас қаласы 2000 жылдан бастап астаналар мен ірі қалалардың халықаралық ассамблеясының мүшесі.

Астана — Азияның солтүстігінде орналасқан қала. Қазіргі уақытта Астананың аумағы 722 шаршы шақырымнан асады, тұрғындар саны 1 млн-нан асады. Қала үш ауданнан — Алматы, Сарыарқа және Есіл ауданынан тұрады.

Астана Қазақстанның орталығынан солтүстікке қарай құрғақ далалық өлкеде, құрғақ бозды-бетегелі дала аймағында орналасқан. Қала аумағы аласа терраса — жайылма жер бедері түрінде келеді.  Есіл өзені елорданың басты су көзі саналады. Ауа райы күрт континенталды — қысы суық әрі ұзақ, жаз мезгілі ыстық және бірқалыпты қуаң.

Еуразия құрлығының ортасында қолайлы орналасуы елордамыздың экономикалық тұрғыдан тиімді көлік, қатынас және логистика орталығына, Еуропа мен Азия арасындағы өзіндік транзиттік көпірге айналдырды.

Ел астанасын ауыстыру Астананың экономикалық дамуына қуатты серпін берді. Қала экономикасының қарқынды дамуы көптеген инвесторлар үшін тартымды болып отыр.  Астананың елге тартылған инвестициялардың республикалық көлеміндегі үлесі 10 пайызға, ал республика экономикасындағы өңірлік жалпы өнімінің үлесі 10,2 пайызға тең.

Қала экономикасының негізі — сауда, өнеркәсіп өндірісі, көлік, байланыс және құрылыс салалары.

Мұнда машина да жасалады

Шаһардың өнеркәсіп өндірісі негізінен құрылыс заттарын, азық-түлік өнімдерін шығару мен машина жасау ісі төңірегіне шоғырландырылған. Астана Қазақстанда құрылыс металл бұйымдарын, пайдалануға дайын бетон және бетоннан жасалған құрылыс заттарын шығару жөнінен алдыңғы орында.

Қаланың ірі кәсіпорындары қатарында Целиноград вагон жөндеу зауытын, «Цесна-Астық» концернін,  «Тұлпар-Тальго» ЖШС жолаушылар вагонын құрастыру зауытын, «Еврокоптер Казахстан инжиниринг» ЖШС тікұшақ құрастыру зауытын айтуға болады.

Қала Қазақстандағы ірі бизнес орталығының біріне айналды. Кәсіпкерлік мәдениеті қарыштап дамып келеді — Астанада 128 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік нысандары жұмыс істейді.

Елорда құрылыс ауқымы жөнінен де көш бастап тұр. Астана мәртебесін алғалы бері қалада 15 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салынды.  Астана құрылысына жүздеген отандық және шетелдік құрылыс компаниялары қатысты.

Астана сәулетінің тұжырымдамасын жасау барысында ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың елордада Батыс пен Шығыстың мәдени дәстүрлері  үйлесім тапқан ерекше еуразиялық стиль қалыптастыру идеясы негізге алынды. Астананың бас жоспарының авторы белгілі жапон сәулеткері Кисе Курокава болды.

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

Астанадағы көшелердің жалпы саны — 2080. Көшелер мен даңғылдардың 92 пайыздан астамы еліміздің ұлы тұлғалары мен тарихи орындардың атымен аталады.

Арасында атауын естігенде елең ете қалатын көшелер де бар. Айталық, «Егемен Қазақстан» газеті, Ағадыр (дөңесті және белесті жер деген мағынаны білдіреді), Ақыртас (Жамбыл облысындағы көне қалашық орны), Асы (көне түркі тілінен аударғанда «дала», «жазық», «кең алқап» деген мағынаны білдіреді) көшелері.

Сәулеті келіскен ғимараттар — елорданың сәні

«Бәйтерек» кешені елорданың басты символына, оның өзіндік бойтұмарына айналды. Өзге де бірегей сәулеткерлік ғимараттар қатарында белгілі британдық архитектор Норман Фостердің жобасы бойынша пирамида үлгісінде салынған «Бейбітшілік және келісім» сарайын, әлемдегі ең биік шатыр үлгісіндегі ғимарат —«Хан Шатыр» сауда, ойын-сауық орталығын, теңізден алыс орналасқан океанариум —  «Думан» орталығын, «Астана опера» мемлекеттік опера және балет театрын, Орталық Азиядағы ірі мешіт — «Әзірет Сұлтан» мешітін, Әулие Үспен Богородица кафедралдық соборын, Әулие Мария Архиепархиясы рим-католиктік  кафедралдық соборын, «Бейт Рахель Хабад Любавич» синагогасын, «Қазақстан» орталық концерт залын, «Қазақ Елі» монументін, Қазіргі заманғы өнер музейі мен Президенттік мәдени орталық ғимараттарын атауға болады.

Қазақстан мен Орталық Азиядағы ең биік ғимарат — «Әбу-Даби Плаза» кешені де бар.

Жаңа спорттық нысандар арасында 30 мың көрерменге арналған «Астана-Арена» жабық стадионы, 2011 жылы әлемде үздік деп танылған, 10 мың орынға арналған «Сарыарқа» бірегей велотрегі бар. Тағы бір маңызды спорттық кешен — ең жоғары халықаралық стандарттарға сай келетін «Алау» мұз айдыны.

Қазақстанның елордасы елдің барлық өңірлеріндегі талапкерлер үшін тартымды орталыққа айналды. Мұнда отандық білім беру ісінің жетекшілері — Назарбаев университеті, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Қазақ ұлттық өнер университеті, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті, М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің филиалы, Астана медициналық университеті орналасқан.

Астананың айналасында бірегей «жасыл белдеу» жасалып, қала ұлан-ғайыр далалық өлкенің ортасындағы оазиске айналып келеді.

Ірі істердің ұйытқысына айналған  

Бүгінде Астана халықаралық маңызы бар түрлі форумдар, конгрестер мен өзге де іс-шаралар өтетін Еуразия кеңістігінің орталығына айналды. Елордада әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездері, Астана экономикалық форумы және өзге де маңызды халықаралық оқиғалар тұрақты түрде өтіп келеді. Астанада ЕҚЫҰ-ның тарихи саммиті, ШЫҰ мен ИЫҰ-ның мерейтойлық саммиттері болып өтті. 2011 жылдың басында республиканың елордасы VII Қысқы Азия ойындарының қатысушылары мен қонақтарын қабылдады. Астанада «Expo-2017» халықаралық көрмесі де өтті.

Қазақстанның Тұңғыш Президентінің идеясымен іргесі қаланған жаңа елорда қысқа мерзім ішінде жас мемлекеттің Тәуелсіздігінің символына және жаhандық табысына айналды.

«Осында ежелгі Сарыарқа жерінде тек астана емес, еліміздің болашақ бесігі өмірге келді. Астана тарихы мен қазақстандықтардың тағдыры бір-бірінен ажырағысыз. Елорда — біздің республикамыздың күш-қуатының іске асуының, динамикалық дамуының және тұрақтылығының көрінісі. Астана барша қазақстандықтарды біріктіретін және алға қарай қадам басқан жарқын, қуатты, гүлденген қалаға айналды. Біздің елордамыз — Отанымыздың жүрегі, халықтың өз күшіне сенімі мен ұлы тағдыр-талайының символы. Бүгінде Астанада, Қазақстанның барлық өңіріндегі сияқты, жүзден астам ұлт өкілдері өмір сүреді. Халықтар достығы, өзара түсіністік және ынтымақтастық — Астананы және жаңа Қазақстанды құрудың негізі, міне, осылар», — делінген Астананың 20 жылдығына арналған жинақта.

Мерейтойлық шаралар  

Елорданың 25 жылдығына орай 100-ден астам іс-шара өтеді деп жоспарланған.  Ұйымдастырылып жатқан мәдени-танымдық, республикалық ірі спорттық іс-шаралар туралы Астана қалалық ішкі саясат басқармасының басшысы Дәурен Бабамұратов:

— Қала күніне орай елорда аумағындағы барлық тұрғын алаптарында толықтай іс-шаралар өткізілетін болады. Түрлі мәдени іс-шараларда қалалық және еліміздің басқа өңірлерінен келген отандық әншілер өнер көрсетеді. Шетелден әртістер шақырылған жоқ. Сонымен қатар елордаға аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан мың бала, сондай-ақ еліміздің барлық өңірлерінен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар мен жетім балалар келеді. Балалар үшін кәсіби гидтердің қатысуымен күндізгі мәдени-ойын-сауық және арнайы экскурсиялық бағдарлама ұйымдастырылады, — деді.

Сонымен қатар  аз қамтылған 100 отбасынан шыққан балалар отбасылық демалыс орталығына, кинотеатрға баруға мүмкіндік алады.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button