Басты жаңалықтарМереке

Әнім сенсің, Астана!

Арқаның төсіндегі, ерке Есілдің бойындағы сұлу қаламыз Астананы қалай әнге қоссақ та жарасады. Астана — ән қала, жыр қала, күй қала… 

Елорда күні қарсаңында Ұлы даланың құтты мекені Астана туралы әндердің авторларымен — ақын, композиторлармен және орындаушы әншілермен сөйлескен едік…

Есілден басталатын қанша ағыс бар…

«Аяулы армандарды аңсап ұстар —

Есілден басталатын қанша ағыс бар.

Барша нұр аймалайды Астананы,

Қонады Астанаға барша құстар…», — деп басталатын ақын Ертай Ашықбаевтың сөзіне жазылған «Астана вальсі» әні бүгінде Елордамыздың гимніне айналып кеткендей. Оны республикалық телеарналарда елімізге белгілі әншілер Марат Әйтімов, Қанат-Света Айтбаевтар, Досымжан Таңатаров Жадыра Арыстановалар орындап жүр.  

— Дәл қай күн екені есімде жоқ, әйтеуір, Астананың 10 жылдығы тойланар қарсаңда жұмыс соңына таман кабинетіме Қанат Айтбаев келді. Шаруасы шұғыл екен. Астанаға арналған жаңа әннің музыкасын жазыпты, енді соған мәтін керек. Керек болғанда да тым асығыс, ертеңге дейін жазып беруімді мықтап өтінді. Түсіндім, уәде де беріп тастадым. Дегенмен күдігім де жоқ емес. Расы керек, мен өлеңді шапшаң жаза алмайтындардың сортынанмын. Жазамын, түзеймін, өзгертемін, өшіремін, қайта бастаймын, әйтеуір, өз жазғаныма өзімнің көңілім тола қоятын кезі сирек. Ал мына өтініштің жөні басқа. Тәуекел деуге тура келді. Сол бойда ешқайда бұрылмай, бірден үйге тарттым. Жолшыбай да, үйге келіп әдетімше шай ішіп отырғанымда да Астана туралы болашақ әннің болашақ сөзі ойымнан шықпай қойды. Себебі кәдімгі өлең мен әннің мәтіні екі басқа дүние ғой. Сөйтіп, бір кезде қалам мен қағазды қолға алдым. Бір ғажабы, бұл жолы қаламым жорғалап қоя берсін. Үш шумақ бірінен соң бірі тізіліп шыға келді. Ал қайырмасын жазу тіпті қиынға соқпады. Осылайша ән мәтіні шамамен бір-екі сағаттың о жақ, бұ жағында дайын болды-ау деймін. Кейін Қанат інім де, Света қарындасым да ризашылығын білдірді. Ал мен тамаша әуенге мәтін жазудың рахатын бастан кештім, — дейді ән сөзінің авторы, ақын Ертай Ашықбаев.

Ақын жанын ерекше толғантқан, қаламын жорғалатқан Отанымыздың жүрегі — Астанаға деген махаббат болса керек. Сол кездері енді ғана еңсе тіктеген жас мемлекетіміздің астанасы — әлемнің ең мықты деген елдерінің астаналарымен иық тірестіре, биікке, болашаққа ұмтылған Астанамыздың сұлулығы, қайсарлығы болса керек…

«Шарықтап қуаныштың таныс әні,

Күлкілер бір-бірімен жарысады.

Келеді барлық әлем Астанаға,

Барша жұрт Астанада табысады»…

Астана 1999 жылы ЮНЕСКО шешімімен «Әлем қаласы» атағын алды. Әлемдік іс-шаралар өтетін қалаға айналды. Ақын соны айтқысы келгендей…

Ертай Ашықбаевтың сөзіне жазылған әдемі әнді тыңдаушыға әдемі жеткізгіміз келді. Ән әсерлі болып шығу үшін бірнеше адам болып орындауды жөн санадық. Сөйтіп, Қанат-Света Айтбаевтар, Жадыра Арыстанова, Досымжан Таңатаров, мен — бесеуміз орындап шықтық. Көңілімізден шықты. Бірнеше концертте айтып көріп едік, халық өте жылы қабылдады. Негізінде шығарма бес дауысқа арналып жазылды. Әннің қайырмасын бірнеше дауыста, бірнеше адам орындағанда барынша әсерлі естіледі. Қазір бұл ән көптеген концерттерде орындалып жүр. Әлемге әйгілі әнші Димаш Құдайберген де өзінің репертуарына қосып, бұл әнді тамаша орындап жүр. Сахнада жүрген басқа да орындаушылар «Астана вальсін» нақышымен орындап жүр.

Әнге бейнебаян түсіру де оңай болмады. Астананың жаңбырлы ауа райы кедергі келтірді. «Бейнебаянды екі-үш күннің ішінде түсіріп боламыз», — деген жоспарымыз болғанымен, бір аптадан астам уақытқа созылды. Қорытындысында өзіміздің ойымыздағыдай дүниені жасадық. Клип республикалық және жергілікті телеарналардан көрсетіліп жүр, — дейді әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Марат Әйтімов.  

«Айналайын, жыр-Астана!»

Марат Әйтімов ақын Гүлсамал Аймаханованың сөзіне жазылған «Айналайын, жыр-Астана!» әнін ақынның жеке кешінде және өзінің «Кездесейік» атты жеке концертінде орындағанын айтады.

Алғаш «жанды» дауыста фортепианоның сүймелдеуімен орындап, кейіннен әнге жаңаша өңдеу жасатып жеке концертімде шырқадым, — дейді әнші.

Гүлсамал Аймаханованың бұл әні де елордамыздың 10 жылдығы тұсында жазылған.

«Атамекеннің Ту көтеріп көгінен,

Туған жерімнің құшақ жайдың төрінен.

Батыр бабамның қасиетті Рухындай…

Қазақ Елінің самғадың, сен, өрінен», — дейді ақын.

Бір қызығы, бұл ретте де алдымен әннің мәтінінен бұрын музыкасы жазылыпты.

— Осыдан он жыл бұрын жас өнерпаз келіп, маған дайын әуенге әннің сөзін жазып беруімді сұрады. Бастапқыда дайын әуенге сөз жазуға қарсы болдым. Әуенді тыңдап көрсем, құлаққа таныс секілді көрінді. Бақсам, бұл Ақтөбе туралы алғаш жазылған әндердің бірінің әуені екен. Сөйтіп, әуеннің авторы, композитор Эдуард Глумовпен сөйлесіп, бұл әнге Астанаға арналған өлең жазатынымды айттым. Осылайша композитор Эдуард Глумовтың құптауымен жаңа ән туды. Бұл әнді ең алғаш 2014 жылы өткен «Айналдым, Қазақ елі!» атты жеке шығармашылық кешімде есімі елге танымал әнші Марат Әйтімов фортепианоның сүймелдеуімен орындап шықты. Жиналған халық әннің жанды дауыста шырқалғанына риза болды. Содан соң бұл туындыны Марат Әйтімовтің жеке ән кешінде қайта орындады. Әнге жаңа тыныс беріп орындап шыққан әншіге ерекше ризамын. Арман қала — Астананың туған күнімен құттықтаймын, еліміздің еңсесі биік болып, Астананың мәртебесі арта берсін! — дейді ақын Г.Аймаханова.

Ән мен жырдың арқауы…

Астана туралы ән, жыр жазуға әркімнің де бар таласы. Себебі сәулеті мен дәулеті, сәні мен салтанаты келіскен ерке Есілдің жағалауындағы еңселі қалаға ән арнамау, бұл қаланың бейнесін қылқаламмен қағазға түсірмеу, күй арнамау мүмкін емес.

Сондай авторлардың бірі — ҚР мәдениет саласының үздігі Орал-Қосай Байсеңгір.

— Менің қоржынымда Астана туралы әндер баршылық. Ең алғаш жазған өлеңіме Жандарбек Назаров ән жазды. Одан кейін белгілі сазгерлер Нұрталап Жүсіпов пен Марат Жанғазиевтің де әндеріне мәтін жаздым. 2019 жылы Нұрталаптың әніне жазған өлеңім «Ең үздік ән сөзі» номинациясы бойынша республикалық байқаудың бас жүлдесін иеленді. Ал Марат Жанғазиевпен бірге жазған Астана туралы әніміз 2010 жылы өткен республикалық конкурста лауреат атағын жеңіп алды. Ол әнді белгілі әнші Жадыра Арыстанова халықаралық конкурста орындады. Елордамыз туралы композитор Болат Борановпен жазған әнімізге белгілі әншілер Мирас-Құралай Бекжановтар бейнебаян түсірді, — дейді ол.

Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, белгілі әнші Дулат Айтжанов та Астана туралы бірнеше әннің авторы. Бүгінде оның «Нұрлы Астана» (сөзін ақын Оңталап Базаралынікі), «Ән-Астана» (сөзі Талант Арғынғалидікі) әндерін белгілі әншілер Марат Әйтімов, Жұлдыз Нұрқасымова, жас әншілер Айбат Махашов пен Ақторғын Әминовалар орындап жүр. «Ән-Астана» әні облыстық «Әнім сенсің — Астана» ән байқауында «Ең үздік ән» номинациясына ие болған.

Ғ.Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының солисі Айбат Махашов Дулаттың «Нұрлы Астана» әнімен бірге, Талғат Тілеулесовтің сөзіне жазылған Нұрталап Жүсіповтің «Ғажап Астана» әнін де үлкен сахналарда жиі орындап жүргенін айтады.  

— Бұл әндер халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесінің қарсаңында шыққан болатын. Осы көрмеде Астана туралы әндерді орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөлендім, — дейді ол.

P.S. Біз сөз еткен бұл ән-жырлар Астана туралы жазылған туындылардың, шығармалардың тек бір парасы ғана. Биыл Астананың бас қала мәртебесін алғанына 25 жыл толып отыр. Елордамыздың тарихы қалың, ән ғұмыры мазмұнды болғай… 

 Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button