Басты жаңалықтар

Елек бойы… «Ен тоғай»

Сонымен, біздің Қазақстанның Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арнаған «Таза өзен» рейд-акциямыз да аяқталды. «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС-ның автомобильді-қайықты құрамдағы экспедициясы Електі бойлап, өзеннің бастауынан Ресей Федерациясына енетін тұсына дейін сапар шекті. Мұның жай ғана мерекелік шеру еместігі белгілі, басты мақсат — аймаққа белгілі өзеннің орын алған проблемаларын барынша айқындап көрсетіп, табиғаттың төл перзентін құтқару бойынша нақты шешімдердің қабылдануына ықпал ету болатын. Экспедиция нәтижелерін жария ету — біз таңдаған жол осы болды.

 

Бас ауыртар проблемалар

 

Алғашқы сапар нәтижелері туралы біз газетіміздің өткен айдағы соңғы санында жариялағанбыз («Ақтөбе» газеті, №80-81, 2011 жылғы 30 маусым). Онда Қандығаш маңайынан бастап Ақтөбе теңізіне дейінгі аралықтағы жол әсерлері баяндалған.

Жүз шақырымға созылған сол маршрут бойында экспедиция мүшелері — Тобыл-Торғай экология департаменті мен балық шаруашылығы бассейндік инспекциясы қызметкерлері, сондай-ақ облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің журналистері Електің мейлінше қанағаттанғысыз жағдайына куә болды.

1. Адамға мейлінше әсер ететіні — алғашқы көрініс. Бүкіл маршрут бойында біз өзеннен де, су жағасынан да қоқыстарды көптеп кездестірдік. Алдымен көзге түсетіні — әр түрлі жеңіл ыдыстар мен бөтелкелер, қапшықтар. Бұлар сол қалпын сақтап, міні құрамай жата береді. Өзен бойында кез-келген түрдегі қоқыстар да жаныңды түршіктіреді. Бұл маңайда арнайы полигондардың болмауы тұрғындарды осындай әрекетке апаруға итермелейтін болса керек.

2. Қытай өндірісінен шыққан торлардың қараусыз қалдырылуы балықтардың қырылуына жол ашады. Сондай-ақ балық қорларын жауыздықпен жою да жиі кездесетін жәйт. Осының бәрі сайып келгенде адам баласының ойсыз әрекеті арқылы табиғатқа зиян келтіруге әкеліп соғады.

3. Мығым етіп салынған темір-бетон плотиналары мен тоғандардың көп кездесуі табиғи су ағысына кедергі келтіреді, ең бастысы осыдан келіп көктемгі су жүруі кезінде болатын су асты көздерінің ашылуы, өзеннің өзін-өзі табиғи тазартуы, аңғардың тереңдеп, қалпын сақтауы секілді оң өзгерістерге тосқауыл қойылады. Електің бойын қамыс басып барады, өзеннің бүкіл учаскесіндегі дерлік осындай кедергілер салдарынан балық уылдырық шашар кезеңде су ағысымен жоғары өрлей алмайды.

4. Табиғат қорғау заңдылықтарының бұзылуы — жағалаудағы жерлердің жыртылуы, судың жағалауда орнатылған сусорғылар мен двигательдердің майы мен дизель майымен ластануы қалыпты жағдай секілді.

Өкінішке қарай, мұндай ретсіздіктер Ақтөбеден Ресей шекарасына дейінгі аралықта да бүкіл өзен бойында орын алған. Бұдан басқа да проблемалар аз емес. Шамамыз келгенше бәрін рет-ретімен айтайық.

Жастар жүрген жер осы…

 

Ақтөбе қаласы маңындағы Електің проблемалары бәріне де белгілі, алайда біз оны ескермеуге үйренгенбіз. Біздің экологиялық тәрбиеміздің жеткен жеріміздің шамасын осыдан-ақ көре беріңіз. Бір қызығы, аталған проблемалардың туындауына ең алдымен өзіміз «жағдай» жасаймыз.

Сапарымыздың екінші кезеңінің басталар тұсы Ақтөбе теңізінің суын іркіп ұстайтын бөгеттен басталды. Төрт шлюздің біреуінен соң Електің суы табиғи арнасына түседі. Бұрқырап, шу шығарып ағатын нақ осы тұста қандай да бір табиғи әсемдік көзіңізді суырады, айналаға тамашалап қарайсыз. Алайда енді бір сәт ілгеріге қарай назар аударсаңыз, жаңағы әдемі көріністің бәрінен айырылып қаласыз. Елек жағалауы қоқыстар мен қалдықтарға «көмкеріліп» алдыңыздан шыға келеді. Күнге шағылысқан бөтелкелерден аяқ алып жүргісіз.

Сол қоқыстардың арасынан суға қармақ салып отырған жалғыз-жарым балықшыларды кездестіріп қаласыз, сәл кейінірек олардың шағын шатырлары көрінеді. Сол қатарда суға түсіп, күнге денелерін күйдірініп жатқандар да бар.

Одан сәл әріректе біз феррохром өндірісі қалдықтарынан төселген тас   алаңшада, алып теректер көлеңкесіндегі жас жұбайлар салтанатынының куәсі болдық. Жастардың өмірлеріндегі алғашқы қадамның су жағасынан басталуында былай қарағанда ешқандай ерсілік жоқ. Өйткені, адамдарға сергектік сыйлайтын өзен бойындағы жарасымды сәттер көп әсерге бөлейтіні анық. Өкініштісі, ізгі тілектері мен жақсы ниеттерін білдірген сол жастар босаған ыдыстарды айналаға қалай болса солай тастап кете барады. Бұл жолы да солай болатындығына біз тіпті күмәнданғанымыз жоқ.

Табиғат аясында тәтті тілектерді тыңдау — соншалықты жағымды. Бірақ, сондай жастардың соңында неге жағымсыз істер қалады екен…

 

Көлік тазалау — айыпқа апарады

Қала тұрғындарының өзен бойын көлік жуу үшін қолайлы жер санайтыны да жасырын емес. Шаңға батқан темір тұлпарлар бұл жерден аздан соң сүліктей болып жарқырап шығып жатады.

Ескі «Фольксваген» автомобилін суға тіреп қойып, резеңке кілемшелерді кептіріп, алаңсыз тазалыққа кіріскен жас жігіт бастапқыда бізге назар аудара қойған жоқ. Алайда Тобыл-Торғай облысаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясының мемлекеттік инспекторы Нұрболат Дүйсенов хаттама жасауға кіріскенде, ол істің шынымен насырға шапқанын сезінді. Рустам Мұсаев есімді азамат дереу пысықтық жасап, мәселені «тікелей шешуге» ұмтылды. Алайда инспектор заң жолын берік ұстанып, ең төменгі айыпақы — 4 536 теңге төлеу қағаздарын рәсімдеді.

Шамалы уақыт өткен соң Кірпішті селосы тұсындағы жағажайда тағы бір көлік тазалаушы алдымыздан шықты. Бұл жолы мемлекеттік инспектор Нұрқанат Қолдасбаевқа айып салды. Көлік жүргізушісі сонда ғана барып бұл араға автомобиль жууға болмайтындығын түсінгендей болды.

Су бойында автокөлік жуғаны үшін ең жоғарғы айып мөлшері 15 120 теңге құрайды. Нұрболат бұл жолғы жазалардың ескерту сипатында болғандығын айтты, оның үстіне біздің акциямыз зерттеу және кемшіліктердің алдын-алу сипатын қамтитын еді.

 

Карьердегі «қарбалас»

 

Біздің Елек бойымен ұйымдастырған жолсапарымыздың ең ауқымды да әсерлі бөлігі Мәртөк ауданы аумағында орын алды. Мұнда Тобыл-Торғай облысаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясының тағы бір инспекторы Мұрат Ахметжанов біздің қатарымызға қосылып, жолбасшылық жасады. Оны біз бір жағынан өз экспедициямыздың толыққанды бір мүшесі ретінде де қабылдадық. Біздің бірлескен жұмысымыз басталған сәттен карьерге тап болдық. Бұл нағыз құмды ойпатты жер еді.

Мәртөкте облыстың барлық елді мекендеріндегідей, инертті материалдарды жеткізу проблемасы орын алған. Өйткені мұнда да көптеген құрылыстар салынуда. Мәселе мынада: бұл жерде арнайы белгіленген құмды карьер жоқ деуге болады. Сондықтан да Мәртөк тұсындағы Елек өзені бойында құм алуға арналған ойпаттар пайда бола бастапты.

Біздің тобымыз сондай карьерлердің біріне нақ өзен жанында тап болды. Електен жиырма метрдей қашықтықта құм тиеп жатқан экскаваторға кезекке тұрған тіркемелі тракторлар мен өзі аударатын машиналардан тұратын тұтас автоколонна алдымыздан шықты. Негізінде заң бойынша өзен жанында 500 метрлік табиғат қорғау аймағында қандай да болмасын жұмыстар жүргізуге мүлдем тыйым салынады.

— Өткен жылы да осы жағалаудан құм тиеп алған болатын, ал көктемде өзен тасыған кезде су жүріп өтті де, тонналаған құмды өзімен бірге ала кетті,— деп күйінеді. Мұрат Адиғамұлы,— Әрине, ол топырақ ешқайда жоғалып кеткен жоқ, бу болып ұшпайтыны да аян, бірақ өзен аңғарында жаңадан тұтас құмды аралшық пайда болды. Сөйтіп әп-әдемі арнаның бұрынғы келбеті өзгерді. Осындай ойсыз жасалған әрекеттер соңы неге апарып соқтыратынын бағамдай беріңіз.

Бұл орын алған мәселеге қатысты түсіндірме беріп жатудың өзі артық секілді. Бір анық нәрсе — мәртөктіктерге қазіргі уақытта құм алатын карьера бәрібір қажет. Бұл туралы жергілікті билік өкілдерінің ойланғандары да жөн. Рас, біраз шығындар жұмсалуы мүмкін, бірақ одан қашып құтыла алмайсың ғой. Мұны әкімшіліктегі шенеуніктердің немесе басқа билік адамдарының ауызша рұқсатымен емес, заңды түрде рәсімдеп шешкен ұтымды.

Біздің араласуымызбен карьердегі қарбалас тірлік күрт тоқтады. Аяқ астынан кәдімгі митинг бола кетті. Тасымал жұмыстарымен шұғылданатын жеке жүк автокөліктерінің жүргізушілері Құлтас Қосмәмбетов, Сергей Поддубный, Валерий Подковыров, Василий Журавлевтер селоға газ жеткізілгеннен кейін бұрынғы атқарып жүрген шаруалары — көмір тасуға сұраныс тоқталғанын, содан келіп жұмыссыз қалғандарын айтты. Енді адамдар сұранысы құм, саз секілді жергілікті әрі арзан құрылыс материалдарына ауған. Ал қазіргі жағдайда оларды заңды түрде тасымалдау мүмкін болмай отыр.

— Бізге құм мен сазды Қаратоғайдағы карьерден тасу қажеттігін айтады билік басындағылар. Оның қашықтығы — отыз шақырым. Бұл бізге біраз ауыртпалық тудырады. Бұнымен Електен отыз метр жерден карьер ашып, құм сатуды салыстырып көріңіз,— деп жүргізушілер өз ойларын ағынан жарылып айтады.

Бірақ бұл арада бір сауалдың олардың да көкейлерінде тұрғаны анық. Бәлкім оның жауабын прокуратура органы қызметкерлері берер.

Сөз реті келіп тұрғанда айта кетейік, біз аудан аумағын аралаған кезімізде өз бетімен ашылған үш карьерді және қара топырағы алынған бір учаскені көзіміз шалды. Негізінде бұндай «қазбалар» одан да көп болуы керек. Және бір таңқаларлығы, осының бәрі Електің табиғат қорғау аймағында орналасқан.

Жүргізушілердің шарасыз халін түсінгендіктен де, біз оларға айып салу шараларын алуды жөн көрмедік. Бірақ қалыптасқан ахуал туралы аудан прокурорына хабарлауға мәжбүр болдық. Жақын маңда бұл мәселенің қандай да бір бірлескен және заңды шешімі табылатындығына сенгіміз келеді.

 

Арнасын өзгерткен өзен

 

Соңғы жылдары өзен деңгейі біршама төмен түскенін жұртшылық жақсы біледі. Бұл процесс орын алғалы негізінде біршама уақыт өткен. Оған қатысты Мұрат Ахметжановтің өз тұжырым-көзқарастары бар. Бұл бір өзі оның көкірек көзінде көптен түйінделіп жатқан мәселе секілді екен.

Мұраттың айтуынша, өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Мәртөктен қашық емес, Жайсаңға бет бұрған жақта Елек өзіндік айналым жасап ағады екен. Су мол болған жылдары биік жар қабақтар үгітіліп, арна бірте-бірте кеңи бастағанға ұқсайды. Арнайы білімі болмаса да, аудандағы су шаруашылығы ұйымын сол кездегі басқарып жүрген бір азамат өзен көп ұзамай осы қалпымен Жайсаң разъезіне дейін жайылып кетеді деп болжам жасап, Елек арнасын туралау туралы ұсыныс жасайды.

Бұл ұсыныс жедел қабылданып, ешқандай мамандардың зерттеулері жасалмастан жұмыс басталып кетеді. Өзен арнасының жоғарғы жағынан бірнеше шақырым қашықтықтан жол салынып, сол ізбен шағын канал қазылады. Техника күшімен көзделген шаруа жедел атқарылады. Өзен ағысы жаңа арнаға түскеннен кейін оны кеңейтіп, бұған көпшіліктің де көзі үйрене бастайды. Қазіргі уақытта бұрынғы арнаны білетіндер саны тіпті азайған, оны тіпті де еске алмайтын секілді.

Бірақ, бас ауыртатын басты мәселе осында болып отыр. Мұрат Ахметжановтың бағамдауынша, Елек өзені деңгейінің Ақтөбеге дейінгі аралықта төмен түсіп кетуінің басты себебінің өзі осы «ғасыр жобасына» қатысты екен.

— Ұзақ жылдар бойы қалыптасқан ескі арна бірегей табиғи құрылым болатын,— дейді ол,— ол үлкен аумақты қамтитын және биіктеу жермен өтетін. Бұл жоғарыдан екпінмен келген ағысты біршама тежеуші еді. Соның нәтижесінде өзен деңгейі Ақтөбеден бері қарайғы аралықта біршама көтеріңкі болды. Ал ойланбастан салынған канал төмен болғандықтан су ағысының екпіні күрт күшейіп, кедергісіз ағатын болды. Өзендегі су ағысы жылдамдығы көрер көзге үдей түсті. Осылайша адамдар Қазақстан аумағындағы өзен деңгейін төмендету арқылы Жайыққа құятын судың мөлшерін жасанды түрде молайтты.

Табиғаттың жанашыры ретінде Мұрат Ахметжановты толғандыратын басқа да ой көп.

— Електің табиғи арнасын өзгертуден туындаған зардаптар мұнымен де бітпейді,— деп жалғастырады ол әңгімесін,— балық қорының молаюы да елеулі зиянға ұшырады. Мәселе мынада: Елек өзені арнасынан асып тасыған кезде бірнеше жүздеген гектар аумаққа су жайылатын, жағалаудағы шағын көлдер суға толатын. Ол жерлерде балық уылдырық шашып, шабақтар өсіп-өнетін. Ал келесі су жайылымында олар Елекке үйір-үйірімен оралатын. Бұл өзеннің балық қорын молайтуға арналған арнайы тоған іспетті еді.

Жан-жағын су шайып жататын аралдарды қабандар мекендейтін, еліктер де осы маңнан көрініп қалатын. Көл көркі болған құндыздар қазір де кездеседі.

Біздің сұхбаттасымыз көп жайдан хабардар. Мұрат Адиғамұлы — осы өңірдің байырғы тұрғыны. Ол өзінің жарымжандығына қарамастан бұл маңның ой-шұқырына дейін аралап жүргенді ұнатады. Көп жылдар бойы осында аңшылық инспекторы болып еңбек етті, қазір балық инспекциясында қызмет етеді. Оны табиғаттан тысқары тірлікке тарту қиын, өйткені жан-тәнімен соған беріліп кеткен.

Мұрат қателіктерді қалпына келтіруге болатындығына сенеді. Ол Електі бұрынғы ескі арнасына түсіріп, көнеден қалыптасқан табиғи тірлікті өрістету қажеттігін бір сәт ойынан шығармайды.

— Ол үшін кейін салынған каналды бөгеп, ағысты бұрынғы ізге салып жіберсе болғаны,— дейді ол,— арнаулы техниканы пайдаланып, бұл шаруаны екі-үш күнде тындыруға болады. Сол кезде Електің жоғары ағысы деңгейі міндетті түрде көтеріледі, Ақтөбе қаласы аумағында кемінде бір метр биіктейтіні сөзсіз.

Бәлкім, мәселе нақ соған да тіреліп тұрмаған болар. Бірақ бәрібір қазіргі жағдайды тыңғылықты зерттеуден өткізу керек. Ол, ең алдымен келешек қамы, болашақ ұрпақ үшін қажет.

 

Сынама нені білдірді?

 

Экспедицияның екінші кезеңі туралы жазбаларымызда біз Електің ескіден келе жатқан «сырқаттары» — бормен, алты валентті хроммен, кәріздік ағын қалдықтарымен ластану туралы жұртшылыққа әбден мәлім жайларға әдейі тоқталмай отырмыз.

Бұл проблемалар тиісті орындар тарапынан күн тәртібінде қаралу үстінде екенін біз жақсы білеміз, ол қалай шешімін табуда — ол өз алдына басқа әңгіме. Біз жүріп өткен маршруттар барысында іріктеліп алынған су сынамаларын лабораториялық сүзгіден өткізу нәтижелері біз күткендегідей, Електің ластану дерегін айғақтай түсті. Хром бойынша ластану мөлшері қаншалықты екенін біз айтпасақ та, көпшілік сезеді.

Мұғалжар ауданындағы Елек, Алға ауданындағы Тамды, Бестамақ ауылдары маңындағы Елек өзенінен экология департаментінің бас маманы Гүлнұр Мырзагереева алған су сынамаларында аммонийлі азот мөлшері жол берілетін концентрациядан 1,2-1,4 есе артық екені байқалды. Ал бор құрамы Бестамақ тұсында белгілі мөлшерден 25,4 есе, Ақтөбе теңізінде 16,4 есе артып кеткен.

 

Бағдарлама керек!

 

«Таза өзен» рейд-акциясының қорытындыларын шығара отырып, біз мынадай тұжырымға тоқталдық: Елекке жедел көмек керек! Оның жағалауларында облыс халқының елеулі бөлігі тіршілік етіп жатқанын ескеріп, сондай-ақ Жайыққа барып құятын шекаралық аралық маңызы бар Елек өзен жаңғырту үшін аймақтық кешенді бағдарлама қолға алынуы керек екендігі ақиқат.

«Ақтөбе» газеті экспедициясы ізімен жазылған материалдар бойынша Елекке қатысты айтылған ұсыныстар мен бүгінгі күні жинақталып отырған проблемаларды зейін қойып зерттеу — кейінге қалдыруға болмайтын шаруа деп білеміз.

Аталған мәселеге қатысты біз өз ұсыныстарымызды барлық мүдделі табиғат қорғау мекемелері мен ұйымдарына, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар мен мәслихаттарға жолдайтын боламыз. Сонымен бір мезгілде табиғат қорғау заңдылықтарын бұзудың өзіміз куә болған барлық фактілері бойынша тексеріп, шаралар қабылдау үшін тиісті қадағалау органдарына да хабар салатындығымызды ескерте кеткіміз келеді.

 

Сөз түйіні

 

Журналистік экспедицияның көздеген мақсатын орындауға көмек қолын созғандарға ерекше алғысымызды білдіргіміз келеді. «Таза өзен» акциясын ұйымдастыру және өткізу барысында балық инспекциясы мен экология департаменті басшылары өз қызметкерлерін біздің қатарымызға қосып, ортақ іске қатысты шын жанашырлығын танытты. Ботагөз Қырамбаева, Жанна Назарбаева жетекшілік ететін «Зере Тур» және «Эпоха» туристік фирмалары акцияға қатысушылар үшін шатыр, қайық, тағы да басқа қажетті құрал-жабдықтарды ұсынды. Ал «Beeline» сауда маркасымен «КарТел» компаниясы тұрақты мобильдік байланыспен қамтамасыз етті.

Бізді біріктірген ортақ мақсат — туған өлкеміздің табиғатының таза болуына титімдей болса да үлес қосу ниеті жақсы бастамаларға, оң өзгерістерге себепші болатындығына сенгіміз келеді.

Мирал ЖАРМҰХАМБЕТОВ,

топ жетекшісі.

Елек өзенінде мынадай балықтар тіршілік етеді:

Шортан, алабұға, көксерке, аққайран, плотва, алтын мөңке, күміс мөңке, теңге балық, сазан, тағы да басқа түрлері.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button