Ақтөбеде қой жүнін өңдейтін бірегей кәсіпорын ашылады

Жуырда Ақтөбе қаласындағы 41-разъезде экологиялық таза жылу оқшаулағыш материалдар шығаратын зауыттың құрылысы басталды. Бұл жобаға тартылған инвестиция көлемі — 4 млрд 321 млн теңге. Жоспарға сәйкес зауыт құрылысы осы жылдың соңында аяқталады. Зауыт шикізат ретінде қойдың жүнін пайдаланады. Қазір мұны естіген облыстағы шаруалар қуанып жатыр. Себебі осыған дейін өңірімізде қойдың жүнін қабылдайтын кәсіпорын болған жоқ.
2100 тонна дайын өнім шығарылады
Аталған жобаны жүзеге асыру үшін былтыр күзде облыс әкімдігі, «KazFeltec» ЖШС және италиялық «Cormatex» компаниясы өзара келісімге қол қойған болатын. Міне, биыл осы келісімге сәйкес кәсіпорынның құрылысы басталды.
«KazFeltec» ЖШС-ның директоры Ерлан Жаңабергеновтің айтуынша, биыл жыл соңына дейін зауыт цехтарының құрылысы аяқталады деп жоспарланып отыр. Ал келер жылдың көктемінде жабдықтарды орнату және іске қосу жұмыстары жүргізіледі. Кәсіпорын толықтай келер жылдың маусым айында пайдалануға беріледі.
— Өткен аптада зауыттың құрылысын жүргізу үшін облыс әкімі Ералы Тоғжанов арнайы келіп, кәсіпорынның капсуласын салды. Жалпы, бұл зауыт өңірдегі емес, еліміздегі бірегей кәсіпорындардың бірі болмақ. Зауыт шикізат ретінде бүгінде өңдеу өнеркәсібінде қолданылмайтын қатты-қылшықты қой жүнін пайдаланады. Зауытты шикізатпен қамтамасыз етуде бүгінде өңірімізде өндірілетін жүннің көлемі жеткілікті. Қазіргі таңда біз құрылысты енді бастағанымызға қарамастан, жүн қабылдау пунктін ашып жатырмыз. Бұл, ең алдымен, алдағы уақытта ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер мен жеке тұлғалардан жүн қабылдаудың нақты тетігін сынау және оны жолға қою үшін жасалып жатыр. Біз бұл бағытта шаруалармен бірлесіп жұмыс жасауға дайынбыз, — дейді Ерлан Жаңабергенов.
Оның айтуынша, бүгінде облыс әкімдігі зауытты шикізатпен қамтамасыз ету үшін облыс аудандарында жүн қабылдау және қой қырқумен айналысатын ауыл шаруашылығы кооперативтерінің желісін құру мәселесін пысықтауда. Мәселен, ауылдарда осы бағытта кәсіп ашқысы келетіндерге «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде қажетті жабдықтарды сатып алуына қаржылай қолдау көрсетілмек.
— Өкінішке қарай, бүгінге дейін біздің облыста ғана емес, көп өңірде қойдың жүні қажетті болмай қалды. Енді, міне, біздің кәсіпорын ашылған соң облыстағы шаруашылықтардан жүн қабылдайтын боламыз. Бұл мәселеге қатысты қазір бізге өзге өңірлерден де хабарласып жатқан шаруалар бар. Жалпы зауыт ашылса, шикізат өндіруде ешқандай мәселе болмайды, — дейді ол.
Ерлан Жаңабергеновтің айтуынша, зауыт іске қосылса, жылына 2100 тонна дайын өнім шығаратын болады. Сондай-ақ кәсіпорын 40 адамды жұмыспен қамтиды.
- Кәсіпорында қайта өңдеу процесі екі кезеңнен тұрады. Оның біріншісі — жүнді жуу, кептіру және әртүрлі қоспалардан тазарту. Ал екіншісі — дайын өнімдерді аэродинамикалық жолмен өндіру. Бұл жұмыстардың барлығы италиялық технологиялардың арқасында жүзеге асады. Бұл технология, негізінен, жүнді ғана емес, сонымен қатар макулатураны, мысалы, зығыр сияқты өсімдік талшықтарын өңдеуге мүмкіндік береді, — дейді кәсіпорын басшысы.
Айта кету керек, бұл зауытқа барлық қажетті құрал-жабдықтар Италиядан жеткізіледі. Келісімге сәйкес құрал-жабдықтарды осы елдің мамандары жүргізіп, іске қосады. Бүгінде «Cormatex» компаниясы — тоқыма өнеркәсібінде машина жасаумен айналысатын көшбасшылардың бірі.

«Ақтөбенің» анықтамасы
Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми мәліметіне сүйенсек, жыл сайын республикада 40 мың тоннаға жуық қой жүні өндіріледі. Жүннің ең көп үлесі, яғни шамамен 56 пайызын жеке қосалқы шаруашылықтар, 4 пайызын ауыл шаруашылығы кәсіпорындары, 40 пайызын шаруашылықтар мен фермерлік қожалықтар өндіреді. Өндірілетін барлық шикізаттың шамамен 70 пайызы — Қазақстанда сұранысқа ие емес қылшықты және жартылай қылшықты жүн. Тек биязы және жартылай биязы жүн ғана өңделуге жатады.
Елімізде өндірілген қой жүні, негізінен, Қытай, Ресей және Моңғолия мемлекеттеріне экспортқа шығарылады. Өкінішке қарай, бүгінде республика бойынша өндірілген жүннің төрттен бір бөлігі ғана қайта өңделеді, ал қалған бөлігі кәдеге жаратылмайды.
Қой жүні қанша тұрады?
Былтыр қыркүйек айында зауыт салу жобасы талқыланған жиында облыс әкімі Ералы Тоғжанов өңірде қой жүнін өңдейтін кәсіпорынның болмауына байланысты жыл сайын 3,5 мың тонна жүн сұранысқа ие болмай отырғанын айтқан-ды. Сондай-ақ облыс басшысы бүгінде облысымызда 1 миллион 400 мың бас қой тіркелгенін атап өткен. Енді, міне, бұл мәселе де шешімін тауып отыр. Одан бөлек биыл «Ауыл аманаты» жобасы аясында 500-ге жуық облыс тұрғыны несиеге қой алуға ниетті екенін жеткізді. Осылайша жыл соңына дейін облыста қой саны тағы 18 мыңға көбеймек.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мал шаруашылығы бөлімінің басшысы Панабек Бимұратовтың айтуынша, кеңес заманында жұмыс жасаған «Жүнді бастапқы өндеу» зауыты (ПОШ) өз жұмысын тоқтатқан соң облыста жүнді өткізу күрделі мәселеге айналды.
— Облыс бойынша жыл сайын шамамен үш мың тонна қой жүні өндіріледі. Соңғы жылдары шаруалар өндірген жүндерін кездейсоқ сатып алушыларға өткізіп келді. Қазіргі уақытта ол сатып алушылар да өз жұмыстарын тоқтатып, шаруа қожалықтары жүнді өртеп немесе жерге көміп тастап, құтылып жүр. Жүнге сұраныстың азаюы жеңіл өнеркәсіп саласында жасанды жүннің (синтефон) кеңінен пайдаланылуы болып отыр деп ойлаймын. Алдағы уақытта облысымызда экологиялық таза жылу оқшаулағыш материалдар шығаратын зауыт іске қосылса, бұл күрделі мәселенің оң шешімін табатындығына сенімім мол, — дейді П.Бимұратов.
Ойыл аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Абат Мүбараковтың айтуынша, былтыр аудандағы шаруашылықтар қой жүнін Қобдаға апарып, жеке кәсіпкерлерге тапсырған. Алайда бағасы өте арзан, бір келісі — 30 теңге.
- Естуімізше, жеке кәсіпкерлер қой жүнін жинап алып, Ресейге өткізеді екен. Былтыр ауданда біраз адам қой жүнін тапсырып, пайда тапты. Биыл әлгі алыпсатарлар ауданға келген жоқ. Егер облысымызда зауыт ашылып, сол кәсіпорын өкілдері ауылдарға келіп, қой жүнін жинаса, онда шаруаларға едәуір табыс болар еді. Өкінішке қарай, сонау кеңес заманынан кейін елді мекендегі жұрт қой жүнін жерге көміп, өртеп келді. Тіпті қазір мал терісін де ешкім алмайды. Біз «KazFeltec» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Ерлан Жаңабергеновке қой жүнін ауылдарды аралап жинаса деген ұсыныс айттық. Әйтпесе шаруаларға қалаға жүн тасу өте тиімсіз. Себебі қазір шаруалар қой қырқудың өзіне көп шығын шығарады. Мәселен, бір қой қырықса, 300 теңге төлейді. Ал бір қойдан екі келі жүн алса, келісін әрі кеткенде 80 теңгеден есептегенде небары 160 теңгеге өткізеді. Бұл шаруашылықтарға тиімсіз, — дейді бөлім басшысы.
Ойыл ауданы Көптоғай ауылдық округіндегі «Идеят» шаруа қожалығының басшысы Тілекбай Әміровтің айтуынша, бұрын шаруашылықтар қой жүнін өз көліктерімен қалаға тиеп әкеліп, келісін 30 теңгеден тапсырыпты.
— Осыдан 5-6 жыл бұрын Ақтөбе қаласына мың бас қойдың жүнін апарып тапсырғанмын. Бір келісін 30 теңгеге өткіздім. 2020 жылы ауылға алыпсатарлар келіп, өздері тиеп алып кетті. 2021-2022 жылдары қой жүнін ешқайда өткізген жоқпыз. Кешегіде ауданға келген сапарында облыс әкімі Ақтөбеде зауыт ашылса, жүннің келісін 50-70 теңге аралығындағы бағаға алатынын айтты. Бірақ бұл баға өте арзан. Егер кәсіпорын өкілдері өздері алып кетпесе, біздің тағы да қалаға апаруға мүмкіндігіміз жоқ. Жалпы, бара-бара қой жүнінің бағасы көтерілер деген үміттеміз, — дейді ол.
Айта кету керек, бүгінде «Идеят» шаруа қожалығында 1200 бас қой бар. Биыл шаруа осы малынан мың бас төл алған.
Ал Ырғыз ауданында қазақтың құйрықты жартылай қылшық жүнді қойын өсіріп, қой шаруашылығын дамытып отырған «Алтын-Әсел» ЖШС директоры Хамит Өтеуовтің айтуынша, осы күнге дейін ырғыздық шаруалар қой жүнін еліміздің өзге өңірлерінен келген кәсіпкерлерге өткізген. Ал былтырдан бері мұнда да қой жүні сұранысқа ие болмай отыр.
— Қазір қожалығымызда 4,5 мың қой бар. Жыл сайын жүн қырқу науқанында жүнді қораға жинап қоямыз. Бұған дейін алыпсатарлар жүннің келісін 25-30 теңгеден алды. Ал қазір сұраныс та жоқ, ешкім оны өндірмейді де. Бұл енді біз сияқты малы көп шаруаларға үлкен мәселе болып отыр. Егер облыс орталығында кәсіпорын ашылып, шаруашылықтардан қой жүнін жинаса, бұл бір бізге жасалған үлкен қолдау болар еді, — дейді шаруашылық басшысы.
Қалай десек те, облыста экологиялық таза жылу оқшаулағыш материалдар шығаратын зауыт іске қосылса, қой жүні сұранысқа ие болары сөзсіз. Облыс әкімі айтқандай, аудандарда шикізат қабылдау пункттері ашылса, бұл жергілікті халықты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ бұл шаруашылықтардың қосымша табыс табуына септігін тигізеді.
Данагүл ҚАЗИХАН.



