Басты жаңалықтар

Жаңа әлеуметтік кодекс: 1 шілдеден бастап қандай өзгерістер болады?

1 шілдеден бастап елімізде Парламент қабылдап, Мемлекет басшысы қол қойған Әлеуметтік кодекс заңды күшіне енеді. ТМД мемлекеттері тәжірибесіне енгізілген алғашқы біртұтас әлеуметтік құжатта адамның бүкіл өмірлік циклі қамтылған. Туғаннан кәмелетке толғанға дейінгі әлеуметтік қолдау, еңбекке қабілетті жастағы жұмыспен қамту, еңбек қауіпсіздігі, әлеуметтік сақтандыру іс-шаралары, өмірлік қиын жағдай туындаған кездегі әлеуметтік көмек, сондай-ақ жасы ұлғайған шақтағы қолдаулардың барлығы енді осы бір құжатпен реттеледі.

Ақтөбеге жұмыс сапарымен арнайы келген ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов бейсенбі күні журналистерге баспасөз мәслихатын өткізіп, кодекстің негізгі жаңалықтарына тоқталды.

 «Алтын алқа» таққан аналардың алатын қаражаты көбейеді

 Байқағанымыздай, жаңа кодексте ана мен балаға қатысты бірқатар игілікті істер қолға алынған.Вице-министр алдымен құжаттағы осы бағыттағы өзгерістерге тоқталды.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында бала күтімі бойынша мемлекеттік жәрдемақы және әлеуметтік төлемді төлеу кезеңі бір жастан бір жарым жасқа дейін ұзартылды.Аталған төлемді 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап дүниеге келген және былтыр туған, бірақ жасы әлі 1,5 жасқа толмаған балалары бар 800 мыңнан астам отбасы алады. Бұл бағытта мемлекет тарапынан 650 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді, — деді Ербол Оспанов.

Сондай-ақ ол бұған дейін атаулы әлеуметтік көмек алушылардың 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларына арналған әлеуметтік пакет 1 қаңтардан бастап монетизациялау түріне ауыстырылғанын айтты. Яғни ендігі жерде көмек заттай емес, ақшалай беріледі. Бұл бастама аясында 212 мыңнан астам бала қаражатпен қамтылып, жеке сұранысына қарай қажетті заттарын өздері сатып алуға мүмкіндік алады.

Әлеуметтік кодекске «Наградталған аналар» деген жаңа ұғым енгізіліпті.

Бұл мәртебе «Күміс алқа», «Алтын алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр Ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендері бар аналарға беріледі.

— Елімізде бұрын «Алтын алқа», «Күміс алқа» иелеріне төленетін жәрдемақы бірдей мөлшерде болатын. Ендігі жерде «Алтын алқа» таққан аналардың алатын қаражаты көбейеді. Жәрдемақы 2023 жылдың1 шілдесінен бастап төленеді.  Бұл өзгерістің аясынданаградталған 90 мыңға жуық ана қамтылады, — деді ол.

Ақтөбе облысы бойынша жәрдемақылары өскен наградталған аналардың саны —4465.

Мүгедектікті сырттай куәландыруға болады

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов кодексте мүгедектігі бар азаматтарға ерекше көңіл бөлінгенін атап өтті. Мұндағы негізгі мақсат — мүгедектігі бар азаматтардың көрсетілетін арнаулы әлеуметтік қызметтерге деген қолжетімділігін (әсіресе ауылдық округтерде) арттыру.

— Жыл басында мүгедектерге, олардың қамқоршыларына және асыраушысынан айырылған отбасыларға төленетін жәрдемақы мөлшері 8,5 пайызға өскен болатын. 1 шілдеден бастап тағы 14,5 пайызға көбейеді. Осылай жыл сайын өсіп отырады, — деген вице-министр елімізде мүгедектікті сырттай куәландыру бойынша пилоттық жоба іске қосылатынын айтты. Яғни ендігі жерде аталған санаттағы азаматтардың құжат дайындау жұмыстары жеңілдетілмек.

Сондай-ақ  менталды бұзушылықтары бар1126 бала санаторлық-курорттық сауықтырумен қамтамасыз етіледі. Олардың қасына еріп баратын ата-анасының біреуінің шығыны мемлекет тарапынан төленеді.

Бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдардың көмекшілеріне еңбегіне ақы төленіп, әлеуметтік төлемдер жүргізіліп, ал зейнетке шығарда жұмыс өтілі ретінде есептеледі.

— Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтамасыз ету жөніндегі «Балапан» бағдарламасы секілді мүгедектігі бар адамдарға қызмет көрсететін ірі интернат үйлерден шағын әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарына кезең-кезеңмен өту жоспарланып отыр. Бұл мүгедектігі бар адамдарға, әсіресе ауылдық жерлерде арнайы әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттырады. Арнайы әлеуметтік қызметтердің жаңа стандарттары әзірленді. Осы мақсатта 1 шілдеден бастап еліміздің 7 өңірінде пилоттық жоба іске қосылады. Бұл жерде әрі кеткенде 50 адамға дейін ғана қызмет көрсетіледі, — деді Ербол Оспанов.

Тағы бір жаңалық — енді мүгедектігі бар азаматтардың мәселелерімен арнайы омбудсмен айналысады. Азаматтар қандай да бір арыз-шағымдар болатын болса, омбудсмен арқылы мемлекеттік органдарға жолдай алады. Сонымен қатар азаматтардың құқықтарын қорғайтын мемлекеттік әлеуметтік инспекторлар қызметі енгізіледі.

Брифинг барысында вице-министр әлеуметтік қызмет реестрі жасалып, онда әлеуметтік қызметкерлердің біліктілігі, олар көрсететін қызметтердің түрлері мен сапасы, жұмыс нәтижелері туралы ақпарат көрсетілетінін айтты.Бұл қызметті тұтынушыларға бәсекелестік ортадағы әлеуметтік қызметкерлерді таңдауға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта бұл азаматтардың жалақысы да көбеймек.

«Ақтөбенің» анықтамасы:

Ақтөбе облысы бойынша мүгедектігі бар 23 159 адамның жәрдемақысы өсті. Оның ішінде 7 жасқа толмаған бала саны — 1616. 7-18 жас аралығындағы балалардың саны — 3132.

Өңірде 8397асыраушысынан айырылған адам мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алады.

Ал 4537 облыс тұрғыны мүгедектігі бар бала тәрбиелеуші ретінде жәрдемақы алып отыр.

Мобильді еңбек орталықтары құрылды

1 шілдеден бастап Әлеуметтік кодекстің күшіне енуіне орай, елімізде жұмыспен қамту орталықтары жабылып, олардың орнына Мобильді еңбек орталықтары құрылды. Мұндай орталықтардың филиалдары «Мансап орталығы» деген атаумен жұмыс істейді.

Бұл орталықтарға бекітілген басты тапсырма — жұмыссыздарды тіркеп, оларға жұмыс іздеуде және мансабын жоспарлауда көмек беріп, жұмыспен қамтудың белсенді шараларын көрсетіп, халыққа аймақтағы еңбек нарығы бойынша ақпарат беру.

Барлық облыстарда және республикалық маңызы бар үш қалада мобильді еңбек орталықтары ашылады. Олар мансап орталықтардың жұмысын үйлестіріп, аймақ деңгейінде жұмыспен қамту мәселесі мен ішкі миграцияны реттейді.

Бұл мобильді еңбек орталықтарының басқару жұмыстарын орталықтандыруға мүмкіндік береді, — дейді вице-министр.

Айтпақшы, енді жұмыссыз қалған азаматтарға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жарна төлеген уақытына сәйкес 6 айға дейін бұрынғы табысының 45 пайызын төлеу қарастырылып отыр. Қазіргі таңда 94 мыңнан астам қазақстандық азаматқа осындай төлем тағайындалған.

Базалық зейнетақы мөлшері артады

Вице-министр жаңа Әлеуметтік кодексте зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыруға және зейнетақы төлемдерінің мөлшерін ұлғайтуға бағытталған бірқатар шаралар көзделгенін айтып өтті. Бүгінде елімізде 2,2 миллион зейнеткер бар.

2023-2027 жылдар аралығында ең төменгі базалық зейнетақы мөлшерін кезең-кезеңімен 54-тен 70 пайызға дейін, яғни ең төменгі күнкөріс шамасынан 100-ден 120 пайыз деңгейіне жеткізу көзделген.

Сондай-ақ 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнеткерлікке шығатын азаматтар үшін ынтымақты зейнетақыны есептеу үшін пайдаланылатын ең жоғары табыс мөлшері 46-дан 55 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылды.

Зейнетақылар мөлшерін арттыруға жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналары есебінен қызметкердің пайдасына шартты-жинақтаушы зейнетақы компонентін енгізу де ықпал ететін болады. 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап үшінші буын — болашақ зейнеткер үшін жұмыс берушілер тарапынан қосымша зейнетақы жарналары енгізілетін болады. Бұл шаралар азаматтардың зейнетақы активтерінің өсуіне бағытталған.

Қазіргі таңда облыс аумағында 98 мыңнан астам зейнеткер бар, олардың 57 мыңға жуығы облыс орталығында тұрады.

Біле жүріңіз

  • 1 шілдеден бастап зейнеткерлер мен мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушылар қайтыс болған жағдайда біржолғы жерлеуге берілетін жәрдемақы 15,7 айлық есептік көрсеткіштен 35 айлық есептік көрсеткішке дейін өседі. Яғни 120750 теңге болады.

Отбасының цифрлық картасы іске қосылды

Әлеуметтік кодекстің негізгі жаңашылдықтарының бірі — Отбасының цифрлық картасы. Бұл ақпараттық жүйе 2022 жылдың 1 қыркүйегінен бастап пилоттық режимде жүзеге асырылып келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 1 қаңтардан бастап Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өзінің жұмыстарын осы форматқа ауыстыра бастады.

Жүйеде мемлекеттік органдардың барлық дерекқоры жинақталған. Онда табыс деңгейі, жылжымалы және жылжымайтын мүлкі туралы, отбасы құрамы сияқты әртүрлі ақпарат қамтылған.

Отбасының цифрлық картасы арқылы азаматтар ешқайда бармай-ақ,SMS-хабарлама арқылымемлекеттік қолдаудың қандай түрін алуға құқылы екендігі туралы хабардар болады. Алдымен әлеуметтік жәрдемақы алушыға SMS-хабарлама жіберіледі, оң жауап болған жағдайда оған тиісті төлем тағайындалып, қаражат банктік шотына аударылады.Жыл басынан бері 800 мыңнан астам SMS-хабарлама жіберілді, — деді Ербол Оспанов.

Сондай-ақ осы Отбасының цифрлық картасы арқылы облыс әкімдерінің рейтингі жасалып, өңір тұрғындарының әлеуметтік жағдайларын бақылап отыруға мүмкіндік бар.

Айта кетейік, жыл басынан бері Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының Ақтөбе облысы бойынша филиалы 19 976 мемлекеттік қызмет көрсетті, оның ішінде «Отбасының цифрлық картасы» арқылы 570 мемлекеттік қызмет көрсетілген.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.  

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button