Тарих

Дінімізге қорған болған

немесе Кіші жүз қазақтарының патша өкіметінің дін саясатына қарсылығы хақында

Өткен тарихқа үңілсек, елімізді толғантқан — бостандық, жер-су мәселелерімен қатар ислам дінін сақтап қалу оңайлыққа соқпағанын көреміз.

Қазақ еліндегі ислам дініне деген қырғи-қабақ қауіпті кезеңдер патшалық Ресейге қосылған жылдардан басталса керек. Бұған себеп, өз саясатын жүргізу мақсатында, патшаның құзырымен 1868 жылы «Далалық ережесінің» қабылдануы. Сол ереже арқылы отаршылдық ниетпен қазақ жеріне орыстарды қоныстандырып, жергілікті халықты христиан дініне үгіттеп, шоқындыру саясатымен мұсылман мектептері мен мешіттеріне тыйым салынды.

Патшалық Ресейдің қазақ жеріне әкімшілік өктемдікпен енгізілген құйтырқы саясатымен келіспеген еліміздің көзі ашық азаматтары өздерінің талап-тілектерін ашық айтып, ресми өтініштер жолдап отырған.

Кіші жүз қазақтары атынан Орал және Торғай облыстарынан 1905 жылы Петерборға депутат-делегат болып барған ишандар мен билердің Ресей патшасының министрлігіне дін тұрғысында ұсынылған жазбаша талаптарында патшаның «Уақытша ережесі» бойынша Орынборға қарасты уездерде әскери губернаторлар дін тұрғысындағы істерді өз қолдарына алып, жергілікті халықтың дін мәселесімен еркін айналысуына шектеу қоюы айтылады. Соған байланысты, 1877 жылы алғашқылардың бірі болып, Кіші жүздің Табын руынан ишан Досжан Қашақұлы патшалық ішкі істер министрлігіне жазбаша өтініш жолдаған. Онда дін мәселесін Орынбордағы рухани діни мәжілісінен алып, оны қазақтардың өздеріне беруді сұраған. Бірақ, бұл өтініш қабыл болмай, Досжан ишан сенімсіз адам ретінде полицияның қадағалауына тап болған.

Сонымен қатар, орыс хакімдерінің бұйрығымен қазақ балаларының мұсылманша оқитын мектеп-медреселермен бірге, намаз оқитын мешіт-ғибадатханалардың жабылуы да халық наразылығын тудырады. Осы және басқа да дінге қатысты мәселелерге байланысты Кіші жүз қазақтарының атынан төмендегідей талаптар қойылған.

Атап айтқанда, «Далалық ереженің» қазақ дініне қатысты қарсы келетін тәртіптерді бұзу.

Үкімет тарапынан, қазақтардың діни рухани істерін басқаруды жергілікті дін басшылығының құзырына қалдыру.

Қазақтардың мұсылмандық рухани мәжілісінің құзырына  — діни басшы-молдаларға қатысты мәселелерді қарауға, олардың жұмыстарын тексеру, мешіттер мен медреселердегі шәкірттерді оқыту тәртібі, мешіт-медрессе салу жайы және де басқа мәселерді шешуді міндеттеу.

Жоғарыдағы талап-өтінішке жиырма екі адам қолдарын қойған. Солардың ішінде халқымызға белгілі, атақты заңгер Бақытжан Қаратаев, Бөрте болысының судьясы Мырзағұл Қосайдарұлы, Қалмаққырылған болысының   молдасы Ғабдолла Досжан ишан ұлы, Аққолқа-Доңызтау болысынан молда Жұмағали Ербатырұлы және де басқа ишан-молдалар бар.

Өтініште аты аталған және сонда қол қойған адамдардың ішінде аты алты алашқа белгілі тұлғалар бар. Соның бірі — белгілі діни қайраткер, үш рет Меккеге қажылыққа барып, атақты Құнанбаймен бірге Меккеде «Тәкия» үйін салған, облыс төңірегінде бірнеше мешіт салдырып, медресе ашып мұсылманша сауат ашуға мұрындық болған Досжан ишан Қашақұлы.

Бақытжан Қаратаев жөнінде Қазақстан энциклопедиясының 5-ші томында «1905 жылы Ресей патшасының үкіметіне Қазақстанның батыс аймағындағы белгілі адамдармен және дін басыларымен бірге дін мәселесімен қол қойған петиция жолдаған. Санкт-Петербургке арнайы делегацияны бастап барып, генерал Ғұбайдолла Жәңгіровтың жәрдемімен 1905 жылы шілдеде патшаның қабылдауында болған», — деп көрсетілген. Осы деректер, жоғарыдағы Орал және Торғай облыстары халқы тарапынан жолданған өтініштің нақты, бұлжытпас дәлелі болып табылады.

Петерборға депутат-делегат болып барған тағы бір тұлға — Жетірудың Табын руынан шыққан, қазіргі Байғанин ауданындағы Доңызтауда дүниеге келген діндар, ағартушы, молда-ишан Жұмағали Ербатырұлы.

Жұмағали ишан жастайынан Араб еліне барып, сонда атақты «Әл Аскария» медресесінде мұсылманша білім алып, елге оралып, Досжан ишан мешітінің жанындағы медреседе  мүдәрис болып балаларды оқытқан. Кейін жас молда Жұмағали ишан Досжанның қызына үйленіп, өзінің туған жері Доңызтауға барып, Тасқабақ деген жерде мешіт салып, онда балаларды мұсылманша оқытып, қалған ғұмырын сонда өткізген.

Кеңес дәуірі басталғанда ол мешіт астық сақтайтын қоймаға айналып, күтусіздік салдарынан құлап, қазірде орны ғана қалған.

ХХ ғасырдың басында Кіші жүзден жолданған өтініш, оған қол қойған депутат-делегаттар жөнінде осы күнге дейін белгісіз болып келген аса тарихи мәні зор құжатты қолға түсіруге себеп болған жерлесіміз, белгілі жазушы және драматург Жұмабай Тәшеновтың зайыбы Райса жеңгейге шексіз алғысымызды білдіреміз.

Елубай Жұмабаев,

заңгер, прокуратура қызметінің ардагері.

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button