Басты жаңалықтар

Жаз қызығы

Оқушылардың ең сүйікті мезгілі — жайдары жаздың алғашқы айы да аяқталуға жақын. Облыстағы жазғы лагерьлер жұмысын бастап кетті. Биыл облысымызда 155 145 оқушыға жазғы демалыс ұйымдастырылады. Бұл мақсатта 394 миллион теңге қаражат бөлініп отыр. Оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыруда тағы қандай іс-шаралар атқарылып жатыр? Бұл жөнінде жауапты мамандар айтқан еді.

Облыстық білім басқармасы берген дерек бойынша облыста қала сыртындағы —тоғыз лагерь (бір мемлекеттік, сегіз жекеменшік), мектеп жанындағы 360 лагерь жұмыс жасайды. Биыл әлеуметтік осал топқа жататын отбасылардағы 16143 бала мектеп жанындағы және қала сыртындағы лагерьлерде демалады.

«СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ, Дөң тау-кен байыту комбинаты, «Қазпошта» АҚ, Ақтөбе ферроқорытпа зауыты, Ақтөбе хром қосындылары зауыты, «Востокнефть» ЖШС, «Востокориол» ЖШС сынды ірі өндіріс орындары есебінен 6220 оқушы демалса, ана-аналар мен демеушілер есебінен 24736 бала жазғы демалыспен қамтылады.

Ал республикалық деңгейдегі демалыс-сауықтыру орталықтарына 394 бала барады деп жоспарланып отыр. Оның ішінде  Астанадағы оңалту орталығына — 199 бала, Алматыдағы «Балбұлақ» оңалту орталығына 33 бала жіберіледі.

Жылдағыдай еліміздің 3 өңіріндегі — Ақмола, Алматы, Түркістан облыстарындағы «Бөбек» сауықтыру орталықтарындағы сауықтыру шараларына 246 оқушы барады. Емделуі керек балаларға жаздық сауықтыру шаралары қаралған. Облыс көлеміндегі «Дару» клиникасында, «Ана мен бала денсаулығын қорғау», «Ақбөбек» секілді орталықтарда 8437 бала ем алады. Республикалық деңгейдегі  санаторийлер мен орталықтарда  394 бала демалады.

Жазғы демалыс күндері 10 мыңнан астам бала спорттық шаралармен қамтылмақ. Мәселен, жаз бойы 6300 ақтөбелік оқушы суда жүзудің алғашқы дағдыларын меңгеретін болады. Ал 840 жас спортшы Қобда ауданы Егіндібұлақ оқу-жаттығу лагерінде қызықты уақыт өткізбек.

Осы орайда оқушылардың жазғы демалысын тиімді өткізетін «Шұғыла», «Береке» лагерімен қатар, мектепішілік «ДосStar» туристік-өлкетану жазғы лагерінің жұмысымен танысқан едік.

«ДосStar» лагерінде:

Шолпан АЙМАҒАНБЕТОВА,

«Жас туристер станциясының» педагогі:

«Жас туристер станциясының» жанынан ашылған мектепішілік «ДосStar» туристік-өлкетану жазғы лагері маусым айынан өз жұмысын бастады. Былтыр 750 оқушы жазғы демалысын осы лагерьде өткізді. Жас ұрпақтың таным көкжиегін кеңейту мақсатында балалар мен жасөспірімдер қолөнер, вокал, хореография, шешендік өнер және басқа да бағыттар бойынша шеберлік сағаттарына қатыса алады. Оқушылар жазғы демалысында түрлі зияткерлік сайыста сынға түсіп жүр. Балалардың дүниетанымын кеңейтетін іс-шаралар мектепішілік лагерьлерде көбірек өтуге тиіс. Маусым айының аяғына дейін 350-ден астам оқушы демалады деп жоспарланып отыр.

Айару ЖАРАСОВА,

№47орта мектептің оқушысы:

—  Бұл лагерьде 20-дан астам үйірме жұмыс жасайды. Демалыс кезінде спорттық туризм, өлкетану, экология бағыттарындағы сайыстарға қатыстым. Одан бөлек облысымыздағы тарихи-мәдени ескерткіштерді аралап, мәдени мұраларымызбен таныстық. Зияткерік ойындарға қатысып, жеңімпаз атандым. Жазғы демалысымды ұтымды пайдаланып, осындай ұшқыр ойды дамытатын сайыстардан қалмауға тырысамын. Демалыс барысында кітапхана мен кинотеатрға достарымызбен бірге бардық. Осындай қызықты демалыс үшін тәлімгерлеріме алғыс білдіремін.

«Шұғыла» лагерінде:

 Райымбек БАЙШАҒАНОВ,

«Шұғыла» лагерінің басшысы:

— «Шұғыла» лагері 2018 жылдан бері жұмыс жасайды. Лагерде жылына 1500-нан астам бала тынығады. Биыл «Қазақстан халқына» қоры қолдауымен 1460 бала демалады. Олар — негізінен, сабақ үлгерімдері жақсы, халықаралық, республикалық байқаулардың жүлдегерлері атанып жүрген оқушылар. Лагерь маусымы басталғалы 339 бала жазғы демалысын өткізуде. Оқушылардың дені Алға, Байғанин, Әйтеке би аудандарынан келіп отыр. Лагерьде спорт, қолөнер, вокал, хореография, актерлік өнер үйірмелері жұмыс жасайды. Одан бөлек спорттық турнирлер, көңілді кештер жиі ұйымдастырылады. Алдағы уақытта ақтөбелік өнерпаздардың қатысуымен «Екі жұлдыз» байқауын өткізуді қолға алып жатырмыз.

Асылай АБАЙҚЫЗЫ, Әйтеке би ауданы,

Құмқұдық орта мектебінің оқушысы:

«Шұғыла» лагеріне биыл екінші рет келіп отырмын. Бұл жердегі демалысым қызықты өтіп жатыр. Жуырда лагерьде өткен турнирде дойбы жарысынан бірінші орын алдым. Одан бөлек волейбол, футболдан жарыстарға қатысып тұрамын. Күнделікті қаңқалы бассейнде суда жүзіп, балалармен қызықты ойын ойнаймыз. Тәлімгерлеріміз бізді түрлі зияткерлік сайыстарға қатысуымызға мүмкіндік жасады. Қазір Назарбаев зияткерлік мектебіне оқуға түсуге даярланып жатырмын. Сондықтан демалысым аяқталған соң бос уақытымда көп кітап оқимын.

Батыржан ӘБІШЕВ,

Т.Жармағанбетов атындағы орта мектебінің оқушысы,

Жыл сайын демалысымды Байғанинде өткіземін. Биылғы жазғы демалысымның «Шұғыла» лагерінде өтіп жатқанына қуаныштымын. Лагерьдегі шығармашылық ұжым менің қабілетімнің шыңдалуына көп көмектесті. Өзім Байғанин ауданындағы «Назар аудар» құрамасының ойыншысымын. Демалысымда осы жерде өтіп жатқан «Жайдарман» ойындарына да қатыстым. Ауылыма қайтқан соң мектепішілік «Жайдарманға» дайындаламын. Үлкен сахнада өнер көрсетіп, облыс намысын қорғағым келеді.

Шаһкәрім БЕРДАЛЫ, джиуджитсудан спорт шебері,

аға жаттықтырушы:

«Шұғыла» лагерінде 6 жылдан бері жаттықтырушымын. Балалардың қауіпсіздігіне жауаптымын. Арнайы спорттық алаңда күн сайын спартакиада ұйымдастырамын. Оқушыларды баскетбол, волейбол, пианербол, футбол ойындарына үйретемін. Кешкі уақытта би кештерін өткізіп, балаларға көтеріңкі көңіл күй сыйлаймыз. Оқушыларды бұқаралық спорт түрлеріне баулып, олардың жазғы демалысының қызықты өтуіне үлесімді қосқым келеді. Оқ бойы озық шыққан оқушылардың республикалық турнирлерге қатысуына мүмкіндік жасаймын.

«Береке» лагерінде:  

Әйгерім ҚАСЕНОВА,

аға тәлімгер:

Қала сыртындағы «Береке» лагері 2005 жылдан бері қызмет көрсетіп келеді. Мұнда балалар төрт жасаққа бөлініп демалады. Жасақта 120 бала бар. Тиісінше оларға жауапты тәлімгерлер де бекітілген. Жазғы демалыс уақыты аяқталғанша 600-ден астам бала демалысын осы лагерьде өткізеді.

18 жасымнан бері осында тәлімгер болып жасаймын. Балалармен қызықты уақыт өткізген ұнайды. Күнделікті таңғы астан соң оқушыларды жинап, үздік атанған жас спортшыларды марапаттаймыз. Лагерьдің әр күнінде оқушыларға арналған танымдық сағаттар, қызықты сұхбаттар өткізіледі. Демалыс орнында вокал, хореография, журналистика, кондитер үйірмесі жұмыс жасайды. Балалар өз қалауы бойынша үйірмелерге қатыса алады. Лагерьдегі әр күн бір-біріне ұқсамайды. Бір күнімізді әлем мемлекеттерін тануға арнасақ, екінші күнімізде сол мемлекеттің ұлттық тағамдарын даярлап, көрініс көрсетеміз.

Жанерке ТӨРЕХАНОВА,

№6 Хромтау гимназиясының оқушысы:

«Береке» лагеріне алғаш рет келіп тұрмын. Жазғы демалысым қызықты өтіп жатыр. Осы лагерьдегі кондитер үйірмесі маған қатты ұнады. Дәмді бәліш пен құймақ жасауды үйрендім. Өзім спорттық ойындарды да жақсы көремін. Тәлімгерлер бізді спортқа баулып, тренингтер өткізіп жатыр. Әсіресе қыздар арасындағы футбол жарысы тартысты өтті. Ойын ережесін бұзбай ойнауға тырыстым. Балалардың ешбірі жарақат алмады. Күн сайын біздерге қауіпсіздік ережелері жіті түсіндіріледі.

Серік НҰРМҰХАН,

Дөң мектеп-гимназиясының оқушысы:

— Лагерьге келгелі көп дос таптым. «Береке» лагерінде өткен «Жайдарман» ойындарына қатысып, Алғыс хатпен марапатталдым. Енді сурет салуды үйреніп жатырмын. Суда жүзгенді ұнатамын. Жаттықтырушыларымыз бізге қаңқалы бассейінде жүзу ережелерін үйретті. Шығармашыл ортада өткен демалыс есте қаларлықтай өтіп жатыр. Алдағы уақытта ата-анаммен бірге Түркия еліне саяхаттауды жоспарлап жатырмын. Теңізде суға түсіп, әлеуметтік желіге қызықты жазбаларымды бөлісемін.

 Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button