Басты жаңалықтар

Шұбарши мен кеңқияқ. Оқиғадан соң…

Қазір облыс жұртшылығының назары Темір ауданындағы Шұбарши мен Кеңқияқ ауылдарына ауып отырғаны хақ. Бүкіл жұртты дүрліктірген оқиғаның аяқталғандығы жөнінде өткен нөмірімізде хабарлағанбыз. Іле-шала оқиға орнына барып, ондағы жұртшылықпен жүздескен едік.

Қазір мұнда құқық қорғау органдарының өкілдері һәм арнайы жасақ жауынгерлері елдің тыныштығын сақтап, оқиғаның салдарын тексерумен айналысып жатыр. Темір ауданының басшылығы да түгелдей осында. Біз Темір ауданы әкімінің орынбасары Нұржауған Қалауовпен аз-кем әңгімелестік.

— Шілденің 1-іне қараған түні Шұбарши ауылында 2 полиция қызметкері қылмыскерлер қолынан қаза тапқанына байланысты халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу жөнінде штаб құрылды, — дейді аудан әкімінің орынбасары. — 13 адамнан тұратын штаб қылмыстық әрекетті ашуға келген құқық қорғау органдарының өкілдерімен бірлесіп бірқатар жұмыс жүргізді. Нақтырақ айтқанда, Шұбарши мен Кеңқияқ ауылдарының тұрғындарымен бірнеше жиналыс өткізілді. Кеңқияқ, Шұбарши, Саркөл ауылдарындағы 37 көп қабатты тұрғын үй, барлық қызмет көрсету орындары, көшелерге сенім телефонының нөмірі (2-79-21) мен ауданға қарасты барлық ауылдарда күдіктілер туралы хабарландырулар ілінді.

Қалауовтың айтуынша, оқиға болған маусымның 30-ы мен 10 шілде аралығында 2 дәрігерлер бригадасы тәулік бойы жұмыс істеген. Кеңқияқ орта мектебінде, ауылдағы кафеде, мұнайшылар асханасында 210 адамға және жедел іздестіру топтарына арнап тамақ пісірілген. Шұбарши кенті жанынан әскери бөлім лагері жасақталып, қажетті заттармен қамтылған. Республикалық штаб қызметкерлері үшін де арнайы кабинеттер жабдықталып, компьютерлер интернет желісіне қосылған. Оқиға кезінде елді мекендерде ауыз су, электр жарығы, газ, байланыс желісі үзіліссіз жұмыс жасап, су беру стансасы, газ қызметі күшейтіліп, кезекшілік ұйымдастырылыпты.

Қазір атыс кезінде бүлінген, зақым келген үйлер, қора-жайлар тексеріліп, акт жасалып жатыр. Атыс кезінде малдың да шығын болғаны белгілі. Қазір осы мәселемен ветеринарлар айналысып жатыр. Шығындар толық өтелетін болады.

Шұбарши кенттік округінің әкімі  Роза Сатанова өз ауылында мынадай оқиғаның орын алғаны әлі де түсініксіз екенін айтады:

— Әр ауылдың телі мен тентегі болады ғой. Біздің ауылда да кішігірім құқық бұзушылықтар болғанымен, елді дүрліктіретіндей  қылмыс болған жоқ еді. Әрине, кез келген қылмыс жазалануы керек. Әсіресе, мемлекет қызметінде жүрген құқық қорғау органдарының өкілдерін өлтіру ешқандай ақылға сыймайтын әрекет. Дегенмен осы әрекетке қатысы бар адамдар біздің көз алдымызда өскен балалар еді. Осы кенттік округтің мектептерін тәмамдады. Оқу үлгерімдері орташа болды. Оққа ұшқан 25-30 жас аралығындағы 9 қылмыскердің де материалдық жағдайы дұрыс болатын. Олардың адасып, аяқтарын шалыс басқаны қатты өкінішті…

Әкімнің айтуынша, Кеңкияқ пен Шұбарши қарайтын Шұбарши кенттік округіндегі тұрғындардың 1,5 пайызы ғана жұмыссыз екен…

Ауыл тұрғындарымен де жүздестік. Олар әлі үрейден арыла қоймаған. Ауыл азаматы Нұрлыбек Үргенішбаев оқиға болған күнді еске алғанда әлі де жаны түршігеді.

— Кешкілік атыс басталды. Үрпиісіп қалдық. Тіпті аяқ-қолымыздан әл кетіп, не істерімізді білмедік.

Мылтық атыла бастаған сәтте әйелім мен туғанына 1 ай да болмаған баламды шкафқа,  4-сыныпты бітірген баламды үйдің басқа қуысына жасырдым. Оқиға кезінде әйелім есінен танып қалды.  Қазір кішкентай балам мен әйелім ауруханада жатыр.

Үйіміздің төбесінде арнайы бөлімшенің қызметкерлері бекінген еді. Қарулы қақтығыс кезінде шатыр опырылып, ортасына түсті, есік-терезе, еден қирап, үйдің астаң-кестеңі шықты. Көрпе-төсектің тазасы жоқ. Ыдыс-аяқ, жиһаз, тұрмыстық бұйымдардың бәрі сынды. Дүние орнына келер, жанымыз аман қалғанына шүкіршілік етіп отырмыз.

Арнайы бөлімшелердің қызметкерлеріне алғысымыз шексіз. Олар бізді шілденің 9-ы күні таңертең қауіпсіз жерге көшірді.

Мен жергілікті билік өкілдерінен отбасымды толық медициналық тексеруден өткізуді һәм үй-жайымды қалпына келтіруге көмектесуін сұраймын.

Ауыл тұрғыны Гүлайым Садықова үш күн өтсе де, әлі ес жия алмай жатқандығын айтып, қамығады. Әбден қорқып қалған ол арнайы бөлімшенің қызметкерлері өздерін тәуліктің қай уақытында құтқарып алғанын да есіне түсіре алар емес. Үйінің қабырғасын бірнеше оқ тесіп өтіп, терезесі сыныпты. Бастарының аман қалғандығына шүкіршілік етіп отырған Гүлайым арнаулы жасақ жауынгерлеріне алғысын жаудырып жатыр. «Әуелі Құдай, сосын солардың арқасында аман қалдық қой. Еңбектерінің жемісін көрсін», — дейді ол.

Тағы бір кеңқияқтық Бақтыгүл Құралбаеваның үйінде атыс басталған сәтте 12 адам болыпты. Оның 9-ы 7 жасқа дейінгі бүлдіршіндер екен. Ағайынды бірнеше үйдің баласы аулада алаңсыз асыр салып жатқан ғой. Сатыр-сұтыр атыс басталғанда оларды дереу үйге кіргізіп, таң атқанша үрей құшағында отырған. Таң сыз бере оларды арнаулы жасақ жауынгерлері қауіпсіз жерге көшіріпті.

Құқық қорғау органдарының қызметкерлері де оқиғаның себеп-салдарын анықтауға кірісіп кетіпті.

Облыстық ІІД аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі Жамбыл Әрепов тергеу құпиясына байланысты көп мәлімет айта алмайтынын мәлімдеді. Тек қылмысқа қатысы бар 25-26 жастағы екі ақтөбеліктің Темір ауданының аумағында ұсталғандығын, қазір ҚР Қылмыстық Кодексінің 96-бабы бойынша іс қозғалып, тергеу жұмыстары жүргізіліп жатқандығын айтумен шектелді.

Аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Арман Дәулетов бізге оқиғаның басынан бастап баяндап берді. Оның айтуынша,  маусымның 30-ы күні Шұбарши кенттік округінің полиция қызметкерлері Айдос Боранбаев пен Нұрлан Алпысбаев кешке қарай Нұрланның келіншегі Жансаяны ала кетпек болып, Шұбарши кентіне келеді. Жансая жуынып-шайынып алмақ болып, осындағы апасының үйінде қалған екен.

Полицейлер көліктен түсе бере оларға белгісіз қарулы топ оқ жаудырыпты…

— Айдос пен Нұрлан өз міндеттерін мінсіз атқаратын, жауапкершілігі мол, кісілігі кенен азаматтар еді. Айдос ертеңгі күні Ақтөбе қаласына қоныс аудару үшін жиналып жатқан. Яғни, оның Шұбаршидегі соңғы жұмыс күні болатын. Өмірінің де соңғы күні екен…, — дейді Арман Дәулетов.

…Шабуыл аяқталған сәтте оқиға орнынан 10 қару табылыпты. Олардың басым бөлігі — аңшы мылтықтары.

Аудан прокуроры Ақылбек Нұрғалиев ұсталған екі күдікті туралы әңгімені тереңдете түсті. Оның айтуынша, айыпкерлерге бірнеше айып тағылып отыр. Ең алдымен маусымның 30-ы күні қайтыс болған 2 полиция қызметкерінің қаны олардың мойнына жүктелмек. Көмекке барған екі полиция қызметкерін қуалап жүріп атқылағаны үшін де жауап бермек. Күдіктілерді іздеген арнаулы жасақ өкілдеріне оқ жұмсап, олардың біреуін өлтіргендігі және бірнешеуін жаралағандығы һәм бір күн бойы атысқандығы бөлек-бөлек статьямен тергелмек.

Ақылбектің бұл оқиғаға діни сипат берушілерге айтар уәжі бар: «Елімізде діни сенім бостандығына еркіндік берілген. Сондықтан намаз оқығандардың бәрін кінәлауға болмайды. Ал әлгіндей әңгіменің тарап кетуіне «күдіктілер кешкі намаздан кейін жамағатпен қоштасып шықты…» — деген ақпарат себеп болған болуы керек», — дейді ол.

Марқұм Нұрлан Алпысбаевтың қайынапасы Гүлжанат та әлі үрейден арыла қоймаған:

— Кешкі сағат 21.00 шамасында Нұрлан телефон соғып, келіншегі Жансаяны есік алдынан күтіп алуымды өтінді. Сіңлім біздің үйде жуынып-шайынып алғаннан кейін, оған Нұрлан қоңырау шалып: «Айдос екеуміз бара жатырмыз, дайын отыр» деді. Бұл 23.00 шамасы болатын. Жансая шұғыл жиналып, қызын ертіп далаға шықты. Оларды шығарып салмақ ниетпен мен де есік алдына шықтым.

Нұрландардың көлігі келіп тоқтағаннан кейін кенет айқай-шу басталды. Дала тас қараңғы болатын. Қылмыскерлердің бет-жүзін көре алмадым. Тіпті, басында жаман ой да болған жоқ. Сасқанымнан: «Әй, ойнағанда да осылай ойнай ма екен? Балаларды қорқытасыңдар ғой», —  деппін. Сол кезде бұлардың біреуі мылтық кезеніп: «Тез кетіңдер!», — деді. Содан Жансая екеуміз сәбиді сүйрей-мүйрей қаша жөнелдік. Олар кеткесін дереу келіп, «Жедел жәрдем» шақырдық…

Айдос Боранбаевтың көршісі Бақтыгүл Қараайдарова да көз жасын тия алар емес. Үш жыл көрші тұрыпты. Айдосты адамгершілігі мол, кең пейіл, ақ көңіл азамат ретінде сыпаттайды. Тіпті, алғаш танысқан сәттері де көз алдында. «2008 жылы мен осында көшіп келгенде Айдос келіншегі Бибігүл екеуі подъезде жөндеу жұмыстарын жүргізуді ұйымдастырып жатыр екен… Ал шілденің 9-ы күні мен таңертең жеті шелпек таратып, үйлеріне кіргенде Бибігүл бүгін түсте көшетіндіктерін айтқан. Жарты сағаттан кейін оған Айдостың қаза тапқандығы туралы хабарды естіртіпті», — дейді Бақтыгүл.

Облыс басшылығы Шұбарши мен Кеңкияқты басты назарға алып отырғаны мәлім. Қазір ауылдағы жағдайды қалыпқа келтіру үшін барлық жағдай жасалып жатыр. Ал жүректегі жараны жазу — уақыт еншісінде.

 

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

 

Ой түйіні

 

Облыс әкімі депутаттар мен жиналғандар алдында Темір ауданында орын алған қайғылы оқиға туралы егжей-тегжейлі баяндап берді.

Бірінші шілде қарсаңында Темір аудандық ішкі істер бөлімінің полицейлік пунктіне шетелдік көлікпен келген белгісіз адамдардың кезенген қаруынан тәртіп сақшылары Нұрлан Алпысбай мен Айдос Боранбаев қаза табады. Полиция қызметкері Руслан Жолдыбаев та бетпе-бет ұрыста оққа ұшады. Кейінірек полиция майоры Айболат Иманбаев та қарулас жолдастарының жолын құшады. Бірнеше бөлімше қызметкерлері ауыр жарақаттар алады.

Тоғызыншы шілде күнгі арнаулы операция кезінде қарулы қарсылық білдірген тоғыз адам жойылды. Олардың қатарында бұрын іздеу салынған алты күдікті бар.

«Алғашқы күннен-ақ ауыл тұрғындары, жалпы жұртшылық құқық қорғау қызметкерлерінің іс-әрекеттеріне қолдау білдірді, өйткені олар өздерінің тыныштығын қорғау үшін тәртіп сақшыларының қауіпті қимылға шыққандарын айқын сезінді»,— деп атап көрсетті әкім.

Облыс әкімі қаза тапқан қоғамдық тәртіп сақшыларының отбасында болып, көңіл айтты, сонымен бірге материалдық жәрдем берді. Сондай-ақ жараланған қызметкерлерге де қолдау көрсетті.

«Қайғылы оқиға орын алған ауыр күндерде бұған байланысты әр түрлі болжамдар, алыпқашпа сөздер айтқандар болды,— деп атап көрсетті Елеусін Наурызбайұлы,— бірақ қалай болғанда да нақты тұжырымды құзіретті органдар береді деп ойлаймын. Біз үшін ең қажеттісі — ел тыныштығы, сондықтан да ретті-ретсіз іске араласу, оған әртүрлі астар беріп, көпшілікті адастыру деректерін батыл айыптаймыз».

Облыс басшысы ішкі істер қызметкерлерінің өздерінің азаматтық және қызметтік парыздарын адалдықпен орындап, қауіпті сәтте қаһармандық көрсеткендіктерін атап көрсетті.

Депутаттар алдында Темір ауданының әкімі Бауыржан Қаниев, Шұбарши селолық округінің әкімі Роза Сатанова болған оқиғаға қатысты хабарлама жасады.

Оқиға орын алысымен ауданда арнайы штаб құрылған. Оның құрамына қоғамдық ұйымдар өкілдері, ақсақалдар енгізілген. Штаб мүшелері халық арасында болып түсіндіру жұмыстарын жүргізген, оларды сабырлылық сақтауға шақырған.

Сессияда сондай-ақ Темір өңіріндегі жағдайға қатысты депутаттар өз пікірлерін білдірді.

Жұмабек Қоқанов, депутат:

— Мен сол ауданнан сайланған депутат ретінде аймақтағы ахуалды ұдайы қадағалап отырамын, көп шаруаның нақ ортасында жүруіме тура келеді. Мынадай оқиғаның орын алуы өз басыма қатты әсер етті.

Егер аудандағы жұмыстарға қысқаша тоқтала кетсем, соңғы кезде ғана екі мектеп-гимназия құрылысы жүзеге асырылды, жолды жөндеуге алты миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Әлеуметтік нысандар көптеп салынуда. Көптеген ғалымдар мен зиялылар түлеп ұшқан Темір қаласы алдағы уақытта жаңару, жасару кезеңін бастан өткереді деген сеніміміз бар.

Мұнайшылар аймағындағы жолдардың жақсаруы, тұрғындардың жұмыспен қамтылуы, сөз жоқ, соңғы уақытта орын алған игіліктер. Сондықтан да қайғылы оқиғаның негізін әлеуметтік жағдайға тіреудің реті жоқ. Сыртта  жүрген адамдардың осындай сәуегейлік айтуы дұрыс емес деп есептеймін.

Дәния Еспаева, депутат:

— Мен банк саласында көптен бері еңбек етіп келе жатқандықтан адамдардың әл-ауқаты деңгейіне ұдайы көңіл аударып отырамын. Бұл жағынан биылғы жылдың алты айы ішінде ғана жұртшылыққа несие беру көлемі бұрынғы кезеңмен салыстырғанда едәуір артты. Біздің бөлімшелеріміз Кеңқияқта да, Шұбаршиде де жұмыс істейді. Ол жердегі салымшыларымыздың белсенділігі соңғы уақыттары арта түсті. Бұл халықтың әл-ауқаты артқандығының белгісі емес пе? Осыған байланысты мұнайлы өңір тұрғындарының әлеуметтік жағдайы төмен дегенге өз басым келісе алмаймын.

Рас, барға тоқталып қалуға болмайды. Алға ұмтылу, кешегіден бүгін жақсы болуға ұмтылу — заңдылық.

Кеңшілік Жұмабаев, депутат:

— Облыс әкімінің есебінде өңірдегі көптеген атқарылған жұмыстар байыпты баяндалды. Оған біз толық қанағаттанамыз. Сондай игілікті шаруалар Темір ауданында да көптеп жүзеге асырылуда.

Сондай аймақта осындай жағдайдың орын алуы бәрімізді де мазасыздандырады. Бүгінгі күні көптеген күмәнді сауалдардың жұртшылық көкейінде туындауы да дұрыс шығар. Бірақ себеп-салдарды болжам арқылы жасауға болмайды.

Сондықтан да заң органдары, тиісті құзіретті тұлғалар өз тұжырымын береді деп ойлаймыз.

Біз үлкендер жастар тәрбиесіне, ел бірлігіне қатысты шаруаларға ерекше назар аудара түсуіміз қажеттігін тағы да сезіндік. Қандай істе де кінәліні іздемей, тұйықтан шығар жолды табуға ұмтылуымыз ұтымды болмақ.

… Сонымен, депутаттар өңір экономикасы мәселелерін күн тәртібіне қоюмен қатар, болған оқиғаға да назар аударды. Ел тыныштығы, халық бірлігіне зиянын тигізетін әрекеттердің алдын алу мәселесі ортақ пікір түйініне айналды.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Айболат —  ақылды азамат еді

 

«Сұңқар» арнайы жасағының бөлімше бастығы, полиция майоры, марқұм Айболат Иманбаев туралы Шалқар ауданындағы ГКС-12 орыс-қазақ орта мектебінің директоры Сауда Самаев былай дейді:

— Айболат Иманбаев 1981 жылы Шалқар ауданы Қауылжыр ауылында жұмысшы отбасында дүниеге келген. Марқұм әкесі Серік Иманбаев ГКС-12 газ компрессор станциясында жұмысшы болып істеген, анасы Жәмила Иманбаева мектеп күзетшісі болып жұмыс жасайды.

Айболат 1988 жылы ГКС-12 орыс-қазақ орта мектебіне 1-сыныпқа қабылданып, 1998 жылы бітіріп шықты. Мектепте Айболат жақсы оқуымен, үлгілі тәртібімен ерекшеленді. Бала кезден алдына мақсат қойып, оған қол жеткізуге дағдыланды. Көпшіл, бауырмал, жомарт, пысық болатын. Спортпен айналысты, шымыр, сымбатты жігіт болып өсті. Мектепте жүргенде өзін әскери мамандыққа бейімдеп, 1998 жылы Алматы қаласындағы әскери институттың ішкі әскерлер факультетіне оқуға түсіп, оны 2002 жылы тәмәмдады. Сол жылы Алматы қаласынағы «Сұңқар» арнайы бөлімшесіне лейтенант шенінде қызметке қабылданды. 2008 жылы Ішкі істер министрлігінің академиясын бітірді. Әскери шені —  майор.

Айболат екі бауыры —  Досай мен Айдосқа қамқор аға бола білді. Олардың жоғары оқу орындарында білім алуларына мүмкіндік жасады. Досай биыл «Сұңқар» арнайы бөлімшесіне  жауынгер болып қабылданды. Ал Айдос ГКС-12 орта мектебінде спорт нұсқаушысы болып жұмыс жасайды. Айболаттың жары Феруза — Алматы технологиялық университетінде ақпараттандыру жүйелері пәнінің мұғалімі. Айболат пен Ферузаның Айбар, Әлихан есімді ұлдары бар.

 

 

Шұбарши ауылына

Жаңа имамдар бара жатыр

Сансызбай Шоқанов,

облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб-имамы:

— Шұбаршиде орын алған оқиғаның дінге ешқандай қатысы жоқ. Мен өзім 29 маусым күні сол ауылға барғанмын. Ол жақта жамағатпен, намаз оқитын 34 адаммен кездескен едік. Шұбарши ауылынан 30-ы күні ертеңгілік шығып кеттік. Ал түнде қанды оқиға орын алған. Бұл туралы естігенде, дереу Шұбаршиге телефон соқтым. Кісі өліміне қатысты күдіктілердің арасында біз кездескен жамағат өкілдері жоқ екен.

Жалпы, түрлі ислам ағымдарына байланысты халық арасындағы әңгімелерге келсек, мен Қазақстанда жат ағымдар өкілдері жоқ деп айта алмаймын. Алайда бірлі-жарым жат ағымды ұстанғандар үшін тұтас жамағатты жаманатқа қиюдың, намаз оқығанның бәріне қырын қараудың жөні жоқ. Ең алдымен, жастардың жат ағымдарға еріп кетпеуін қатты қадағалау керек. Бұл үшін ата-аналар балаларының кез-келген мешіттен, көрінген уағызшыдан насихат тыңдауына жол бермеуі тиіс. Интернеттен қандай сайтты қарап жүр, қандай кітап оқып жүр — соның бәрін қадағалап отырмаса болмайды. Адасудың басы — діни сауатсыздық. Жастарымыз дәстүрлі дінде жүрсін десек, ата-аналар оларды сол жолға бағыттауға мықтап ден қойсын.

Қазір Шұбарши ауылындағы екі мешітке де имамдар жіберілгелі жатыр. Алла қаласа, жұма күні олар қызметтеріне кіріседі.

Сөз соңында айтарым, ислам діні тек қана татулық пен ынтымақты насихаттайды. Пайғамбарымыздың (оған Алланың нұры жаусын!) хадисіне ден қойсақ, қолымен де, тілімен де ешкімге тілі тимеген адам ғана мұсылман болмақ. Дінін қадірлейтін шын мұсылман адам өзінің қандас, діндес бауырластары арасында қандай да бір қақтығыстарға жол бермеуге барын салады.

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button