Спорт

Қазақстан құрамасының ірі жеңісі — 3:0

Еуропа чемпионаты-2024

2024 жылғы Еуропа чемпионатының  үшінші іріктеу кезеңінде Қазақстан құрамасы Италияның Парма қаласында Сан-Марино құрамасымен кездесті.

Жалпы жанкүйерлер біздің жерлестеріміздің жеңіске жететінін алдын ала болжаған да еді. Солай болды да.

Дегенмен алаң иелері ойын басталғаннан-ақ тізгін бермеуге тырысты. Тіпті олар жасаған соққыдан соң доп біздің қақпаның маңдайшасын жалап та өтті. Әйтсе де сабырмен ойнаған қазақстандықтар 37-минутта есеп ашты. Қарсыластардың капитаны Мануэль Баттистинидің қақпаның дәл алдындағы олақ қимылынан соң доп осындай сәтті аңдып тұрған Ян Вороговскийдің аяғына дөп келді де, тәжірибелі қорғаушымыз қақпаны дәл нысанаға алды — 0:1.

Ал екінші таймның орта тұсында өз айып алаңында Филиппо Фаббари сасқалақтап жүріп, Максим Самородов тепкен допты қолмен қайтаруға мәжбүр болды да, пенальти белгіленді. 11 метрлік нүктеге келген Асхат Тағыберген мүлт кетпеді — 0:2.

Үшінші гол қос таймға қосылған қосымша минуттарда соғылды. Арман Кеңесов айып алаңына қарай көлденеңдете тастаған пасты Бақтияр Зайнутдинов кідіртпестен қақпаға қарай асқан жылдамдықпен тепкен соң доп қарсыластардың 40 жастағы майталман футболшысы Роберто Ди Майоның аяғына тиіп, бағытын сәл өзгертті де, қақпаның оң жақ бұрышына сырғып енді де кетті.

Былайша қарағанда, біздің құрама сан-маринолықтардың қателігінің арқасында ғана жеңіске жеткен сияқты көрінеді. Бірақ жеңістің кілті қарсыластарды сондай қателіктерге ұрындыру екенін ұмытуға болмайды.

Сан-Марино-Қазақстан — 0:3

Гол авторлары: Ян Вороговский, 37-минут (0:1); Асхат Тағыберген, 64-минут, пенальти (0:2); Бақтияр Зайнутдинов, 90+5 минут (0:3).

Біздің құрамадан Б.Зайнутдинов пен И.Қуатқа ескерту қағазы көрсетілді.

Қазақстан мынадай құрамада ойнады: Игорь Шацкий, қақпашы, Ян Вороговский (Тимур Досмағамбетов, 78-минут), Нұралы Әліп, Марат Быстров, ​Александр Марочкин, Михаил Габышев (Лев Скворцов, 78-минут), Асхат Тағыберген, капитан (Арман Кеңесов, 70-минут), Абзал Бейсебеков (Бақтияр Зайнутдинов, 57-минут), Исламбек Қуат, ​Рамазан Оразов, Максим Самородов (Эльхан Астанов, 71-минут).

Бас бапкер Магомед Адиев.

17 маусым 2023 жыл. Парма қаласы, Италия, «Эннио Тардини» стадионы.

*   *   *

Үшінші турдың қорытындысы бойынша «Н» тобының символикалық құрамасына қазақстандық үш футболшы — Александр Марочкин, Ян Вороговский және Асхат Тағыберген енді.

*   *   *

Үш турдан соң ойын кестесіндегі жағдай төмендегідей.

Төрт құрама 6 ұпайдан жинады: Қазақстан, Дания, Финляндия, Словения.

3 ұпайы бар Солтүстік Ирландия мен еш ұпайсыз Сан-Марино 5-6 орындарды бөлісіп тұр.

Әлем және Еуропа чемпионаттарындағы іріктеу турнирлерінде Қазақстан бірінші орынға алғаш рет шығып отыр.

Екі рет ұтып, бір рет жеңілген Қазақстан құрамасы 7 гол соғып, өз қақпамызға 4 доп жіберіп алды. Сұрмергендеріміз — екі доптан соққан А.Тағыберген мен Б.Зайнутдинов, бір голдан соққандар: М.Самородов, А.Айымбетов, Я.Вороговский.

Жерлестеріміз төртінші тур ойынын сырт алаңда бүгін, 19 маусымда Солтүстік Ирландия құрамасымен өткізеді.

 Е.АХАТҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button