Басты жаңалықтар

Біз тамшылатып суаруға көштік. Ал, сіз?

Қала маңында шаруашылықпен айналысу қаншалықты тиімді? Ақтөбе қаласында шаруашылықпен айналысып жүрген азаматтар заманға ілесе алып отыр ма? Ауыл шаруашылығына үкімет тарапынан жасалып жатқан қолдау шараларын олар қаншалықты пайдалана алып жүр?

8 шілдеде Ақтөбе қаласы әкімдігінде өткен ауылшаруашылығы тауарларын өндірушілерге арналған семинар-кеңесте осы сауалдарға жауап ізделді.

Семинар-кеңес қала әкімінің орынбасары Марат Тағымовтың төрағалық етуімен өтті. Шараға облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының; қалалық жер қатынастары бөлімінің; кәсіпкерлік бөлімінің; «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның қызметкерлері; қала аумағындағы селолық округтар әкімдері, ауылшаруашылығы құрылымдарының басшылары және БАҚ өкілдері қатысты.

 

17,5 мың га алқапқа тұқым себілді

Қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің бастығы Қадірбек Меркашев жиналғандарды көктемгі-далалық жұмыстар қорытындысымен таныстырды. Оның айтуынша, үстіміздегі жылы ақтөбелік диқандар 17 мың гектар жерге тұқым себуді жоспарлап, бұл жоспарды артығымен орындаған: тұқым себілген алқап көлемі — 17, 5 мың гектар.

Ақтөбелік диқандар 12,8 мың гектар алқапқа — бидай; 1,8 мың гектар алқапқа — майлы дәнді-дақылдар; 2,5 мың гектар жерге — картоп; 1,26 гектар жерге көкөніс еккен. Өткен жылдарда құрғақшылық болғандықтан, диқандарға тұқым тапшылығы мәселесін шешуге   қолдау көрсетілген. Тұқым тапсырыс арқылы Қостанай облысынан әкелінген.

Қадірбек Құтжанұлының айтуынша, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, бүгінде картоп пен көкөніс өсіретін ірі мамандандырылған шаруашылықтар құру мәселесі өзекті болып отыр. Бұған қоса, Ақтөбеде көкөніс сақтау қоймаларының құрылысы қарқынды жүріп жатыр.

«Ақтөбе-көкөніс» ЖШС сыйымдылығы 2000 тонна болатын көкөніс сақтау қоймасын жақын уақытта әзір етеді, ал «Килеко Тун» ЖШС сыйымдылығы 3000 тонна болатын германиялық салқын камералары бар көкөніс сақтау қоймасының құрылысын жүргізіп жатыр, — деді Қадірбек Меркашев.

Мал шаруашылығы саласына келсек, орта және ірі шаруашылықтар саны бүгінде 11-ге жеткізіліп отыр. Сүт өндірісімен айналысатын «Анисан», «Матай», «Кішіқұм» шаруа қожалықтары және «Болат-ЛТД» ЖШС үшін бюджеттік қаржы есебінен 416 бас асыл тұқымды сиыр сатып алынған.

Орта және ірі шаруашылықтар құруды қолдау мақсатында мал шаруашылығы өнімділігін және сапасын арттыруды субсидиялау бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Өткен жылы 194 миллион теңге субсидия төленген. Оның ішінде 8 миллион теңге — сиыр етін өндіру мен сатуға; 4,4 миллион теңге — мал азығын дайындауға; ал 29 миллион теңге ірі қара төлін күтіп-баптауға жұмсалған екен.

Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде өткен жылы ет өндіру көлемі — 114 пайызға; сүт өндіру — 101,4 пайызға; жұмыртқа өндіру 148 пайызға артқан.

 

Жер неге пайдаланылмайды?

Ақтөбеде пайдаланылмай қалған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл үшін арнайы жұмыс тобы құрылған.

2011 жылғы 1 маусымдағы дерек бойынша, қаланың жер қоры 253 187 гектарды құрайды, оның ауыл шаруашылығы мақсатындағы бөлігі – 145 973 гектар. Осы 145 973 гектар жерді 252 ауылшаруашылығы құрылымы иемденіп отыр. Қағаз жүзінде иемденгеніменен, іс жүзінде олардың барлығы бірдей бұл жерлерді тиісті мақсатта қолданып отырған жоқ.

20 маусымға дейін 123 шаруашылық тексерілген; ал бұларға тиесілі жердің көлемі, жалпы алғанда, 60 мың гектар шамасында екен. Тексеру барысында 38 шаруашылықтың жалпы көлемі 18 620 гектар болатын жерді пайдаланбай отырғаны анықталды.

Жер учаскелерін пайдаланбау фактілері бойынша шаруа қожалықтары басшыларынан түсініктемелер алынған.  Олар мұны қаржы көздерінің жоқтығымен және құрғақшылықпен байланыстырады.

Ақтөбе қаласы жер қатынастары бөлімінің бастығы Нұрлан Наурызбаевтың айтуынша, шаруа қожалықтары бойынша жерді түгендеу материалдары әкімшілік жауапкершілікке тарту және жер учаскелерін қала қорына күштеп қайтару жөніндегі ұсыныспен Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстары бойынша аймақаралық инспекцияға жолданған.

Сондай-ақ, жалпы көлемі 340 гектарды құрайтын бес жер учаскесі иесіз ретінде есепке алынып, әділет басқармасында тіркелді.

Бүгінгі күні жерді түгендеу жұмыстары жалғасып жатыр.

Негізінен, бұл — Үкіметтің тікелей тапсырмасы, — деп атап өтті Марат Тағымов. — Тапсырамаға сай, жерді түгендеу жұмыстарын 1 қарашаға дейін аяқтау қажет.

Қала әкімінің орынбасары ауыл шаруашылығына арналған жерлердің тиісті мақсатта қолданылмай отырғанына мына деректі дәлел етті: Ақтөбе маңында дәнді дақыл мен көкөніс егуге арналған жерлердің жалпы көлемі 47 мың гектарды құрайды, ал биыл 17,5 гектар жерге ғана тұқым себілген. Демек, егін, көкөніс егуге арналған жерлердің тек 37 пайызы ғана пайдаланылып отыр.

Осы мәселеге орай кейбір шаруашылық басшыларын егістік жерлерді жайылымға айналдырып, қайта рәсімдеуге бола ма деген сауал мазалайды екен.

Қалалық жер қатынастары бөлімінің бастығы Нұрлан Наурызбаевтың айтуынша, бұған мүмкіндік бар секілді. Ал мүлде пайдаланылмаған жағдайда жер, жоғарыда айтылғандай, қала қорына қайтарылады.

 

«Несиеге жылыжай алыңыз!»

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Ақтөбе өкілдігі директорының орынбасары Әлия Жолдасова қор арқылы несиелеу алты бағытта жүргізілетінін жеткізді.

Біріншісі — ауыл тұрғындарына берілетін шағын несие. 1 миллион теңгеге дейін және үш жыл мерзімге беріледі. Жылдық өсімі — 9,5 пайыз. Мұны шаруа қожалықтары, т.б. заңды тұлғалар ғана емес, жеке тұлғалар да ала алады.

Екіншісі — «Сыбаға» бағдарламасы бойынша берілетін несие. Несиенің бұл түрі мал сатып алып, оны өсіріп-өндіріп, сүт, ет өндірісін жолға қоямын дейтін шаруашылықтарға, жеке кәсіпкерлерге беріледі. Мерзімі — 7 жыл. Қаржы көлеміне келсек, 1 миллион теңгеден басталады.

Жылдық өсімі — 6 пайыз.

«Сыбаға» бағдарламасы бойынша несие — бүгінгі күні шаруа қожалықтары, басқа да құрылымдардың, жеке кәсіпкерлердің сұранысына ие болып отырған несие түрі.

Үшінші бағдарлама — «Егінжай». Бұл көктемгі-далалық жұмыстарды жүргізу үшін берілетін несие. Мерзімі — 2 жыл. Жылдық өсімі — 12 пайыз.

Төртіншісі — «Табиғи орта». Бұл бағдарлама бойынша несие экологиялық туризм, аңшылық, балық шаруашылығы сынды бағыттарды дамытамын деген талаптағы азаматтарға беріледі. Несие 4,7 миллион теңгеге дейін беріледі. Қайтару мерзімі 6 айдан 4,5 жылға дейінгі аралықта белгіленеді. Жылдық өсімі — 10 пайыз.

Әлия Жолдасованың айтуынша, облысымыз бойынша несиелеудің осы түріне тапсырыс берушілер өте аз.

Бесінші бағыт — ауылға барған жас мамандарға үй алу үшін берілетін ипотекалық несие. Бұл несиеге 2009 жылдан бергі уақытта барған мамандар талаптана алады.

Алтыншысы — «Жылыжай-лизинг» бағдарламасы. «Ауыл шаруашы­лығын қаржы­лай қол­дау қоры» АҚ Ақтөбе өкіл­ді­гінің қаржы­лан­ды­руымен әр­қай­сысы 400 шаршы метр  бола­тын 50 шағын жылыжай кешені салынып жатқаны жөнінде біз бұдан бұрын бірнеше рет жазғанбыз. Шағын жылыжайлар үшін несие 9,5 пайыз өсіммен 6 жыл мерзімге беріледі. Әрқайсысының құны — 5 миллион теңге.

Әлия Жолдасова айтқандай, «Ауыл шаруашы­лығын қаржы­лай қол­дау қоры» АҚ Ақтөбе өкіл­ді­гі арқылы биыл 542 миллион теңге көлемінде несие берілген.

«Ауыл шаруашы­лығын қаржы­лай қол­дау қорының» қызметі жөніндегі мәліметті оқырмандарымыз www.fad.kz сайтынан біле алады.

Сонымен бірге, осы жиында қалалық жұмыспен қамту орталығының директоры Нұрия Әбіләкімова сөз сөйледі. Оның айтуына қарағанда, ауылшаруашылығы құрылымдарына жұмыспен қамту орталығы арқылы еңбеккерлер тартуға мүмкіндік бар. Мұның тиімділігі мынада: еңбеккерге алғашқы алты айда — еңбекақының 50 пайызы; келесі үш айда — 30 пайызы; одан кейінгі үш айда 15 пайызы мемлекеттік субсидиялау арқылы төленеді; яғни жұмыс күші арзанға түсетін болады.

 

Кохия — Қытайдан келген «қонақ»

Семинар-кеңестің екінші бөлігінде қатысушылар қала маңындағы үш шаруашылықты аралап-көруге мүмкіндік алды.

Олардың алғашқысы — Сазды елдімекенінде жас өскін, көкөніс өсірумен айналысатын «Дулат» шаруа қожалығы. Шаруа қожалығының төрағасы Дүйсенбай Исмаиловтың айтуынша, ол бақша өсірумен 10 жылдан бері айналысып келеді. Жер көлемін бірте-бірте ұлғайтып, қазір 12 гектар жерге бақша салып отыр.

Биылдан бастап ол тамшылатып суару технологиясын енгізген.

Жалпы, қала маңындағы шаруашылықтарда 36 гектар жерде осы тамшылатып суару технологиясы қолданылады. Жұмысты ұйымдастырудың озық тәсілі болып табылатын тамшылатып суару әдісі жөнінде бұрын да жазып жүрміз. Бұл әдіс суды үнемдеуге, тыңайтқыштар мен минералдарды автоматты түрде енгізуге жол ашады, ал өнімді екі-үш еселеуге мүм­кіндік береді.

Дүйсенбай Исмаилов та биылғы өнімнен үлкен үміт күтіп отырғанын айтты.

Біз аралаған екінші шаруашылық — Кірпішті ауылында орналасқан «СТС —1» ЖШС. Серіктестік директоры Василий Степаненконың негізігі мамандығы құрылысшы екен. Бірақ сонау бір қиын тұста бақша, үй қоянын өсірумен айналысуға тура келген де, кейін бұл Василий мен оның зайыбы Галина үшін сүйікті кәсіпке айналып кеткен. Олар қазір 12 гектар жерге бақша егіп отыр. Сонымен бірге, үй жанындағы 1 жылыжай және 6 буландырғышта қияр, басқа да көкөніс түрлері өсіп тұр.

Біз бір маусымда үш рет өнім аламыз, — дейді Василий Антонович. — Ерте көктемде көкөніс түрлерінің, гүлдердің жас өскіндерін отырғызамыз. Бұларға шаруа қожалықтары, мекемелер, тіпті жеке адамдар да тапсырыс береді. Одан соң, қияр егіледі. Қияр өнімін жинап алғаннан кейін орнына шалғам егіп тастаймыз, оның небәрі 30-40 күнде өнім беретіні баршаға белгілі.

Василий мен Галинаның шаруашылығында болғандар олардың еңбек пен демалысты ұштастыра білетініне сүйсінбей кете алмайды.

Василий шағын ғана тоған жасап қойған. Жасанды тоған, бір жағынан, көкөністерді суару үшін қажет болса, екінші жағынан, оның айналасында адам өзін табиғатта жүргендей сезінеді. Тоған айналасы кәдімгі қамысқа толы.

Іздеп жүріп, қамыстың бес-алты түрін әкеліп отырғызған едім. Кейде мұнда тіпті бірқазандар да келеді, — дейді Василий.

Шағын бассейн де жасалыпты.

Ал аула толы — сан түрлі жеміс-жидектер, гүлдер. Ақтөбеліктер, тек теледидар, суреттен болмаса, өсіп тұрған күйінде көрмеген гүлдер де бар. Солардың бірі — кохия. Кохияның негізгі отаны — Қытай болғанымен, үлпілдек; өскеннен кейін, жан-жағын қиып, түрлі мүсіндерге келтіруге ыңғайлы гүл қазір барша әлемді жаулаған.

— Гүлдермен жұбайым айналысады. Бұл — оның сүйікті ісі, — дейді Василий.

Қала маңындағы Мағаджан елді мекенінде орналасқан «Кішіқұм» шаруа қожалығы ет, сүт өндірісімен, сондай-ақ көкөніс шаруашылығымен де айналысады. Қожалық иелігінде 180 сиыр бар. Олардың 60-ы — сауын сиырлар. Әр сиыр 8-10 литр сүт береді. Бұрын мұнда 4 сауыншы еңбек еткен екен. Биыл қожалық төрағасы Жарылғап Орынбасаров Қытайдан сиыр саууға арналған заманауи құрылғы алдырыпты. Соған байланысты сауыншылар саны қысқарып, тек екі сауыншы ғана қалған және олар жұмыстың бұрынғыдан гөрі жеңілдегенін айтады.

Сиыр сауу цехында замануи құрылғыдан басқа сүт сақтайтын танкер; жұмысшылар үшін арнайы бөлмелер бар.

Шаруашылық ет өндірісімен де айналысатын болғандықтан, мұнда мал сою цехы бар; сонымен бірге цех жанындағы 30 сотық жер телімінде; жылыжайда және 10 гектар алқапта жүгері, сәбіз, мал азығына пайдаланылатын қызылша, т.б. көкөніс түрлері өсіріледі.

Аталған шаруашылықтарды аралап шығып, ауылдық округтер әкімдері, шаруашылық басшылары өз әсерлерімен бөліскеннен кейін, жиынды қала әкімінің орынбасары Марат Тағымов қорытындылады. Ол өз сөзінде ауылшаруашылығы құрылымдары басшылары арасында озық тәжірибелерді насихаттау, жаңа бастамаларға түрткі болу мақсатында осындай шаралардың енді тоқсан сайын ұйымдастырылатынын айтты.

 

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button