Ауыл өмірін жандандырады


Ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы кең қолдау тауып отырған өңірлердің бірі — Алға ауданы. Мұнда Алға қаласы мен 29 ауыл, яғни әрбір елді мекен бойынша осы жобаға қатысты скрининг жүргізіліп, халыққа оның мақсат-міндеті, несиелеу шарттары түсіндірілді.
Ал тұрғындар тарапынан барлығы 435 жоба ұсынылған. Бұл жобалардың жалпы сомасы 2 миллиард 536,1 миллион теңге болады. Қазіргі күні құжаттары толық әзірленіп, «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына тапсырылған жобалардың саны — 127. Әзірге олардың 55-і мақұлданып, оның ішінде 27 жоба қаржыландырылып отыр.
Жуырда Алға ауданына ұйымдастырылған баспасөз туры аясында біз осы жобадан несие алып,өз ісін ашып отырған кәсіпкерлермен жүздескен едік…
2 жылыжай салынды
«Ауыл аманаты» жобасы бойынша несие алып, жаңа іс бастауға тәуекел еткен алғалық азаматтардың бірі — Байрамбай Қадырханов. Бұрын ол вахталық әдіспен мұнай саласында еңбек етіп, қысқартуға ұшырапты. Жұмыссыз қалғаннан кейін әрі қарай күнкөріс көзін іздеп, жан-жаққа хабарласа келгенде осы жоба туралы естіпті.
—Несие жылдық 2,5 пайызбен беріледі екен, оның үстіне алғашқы жылы, яғни ісің жүріп кеткенше, төлемнен босатыласың. Сондықтан бұл шарттар тиімді деп шештім. Оның үстіне, мен тілек білдіргеннен кейін құжат жинау, оны тапсыру жұмыстары да қиынға түскен жоқ, бұл жағынан жергілікті әкімдіктің қызметкерлері қолдау көрсетті, — дейді Байрамбай.
Ол үйінің жанынан жылыжай ашуға 8 миллион теңге несие алып отыр. Құжаттарды ақпан айында тапсырып, тиісті қаржыны сәуір айында алған. Бұрын жылыжай ісімен айналысып көрмегендіктен, оның құрылысын, ішін жабдықтау, тіпті алғашқы көкөніс егу жұмыстарын да мамандарға тапсыруды дұрыс көріпті.
Қазір үйіне іргелесжаңа жылыжай бой көтерді.Оның ауданы — 200 шаршы метр. 500 түп голландиялық қияр егіліп, өскіндер тырмысып өсіп келеді. Жылыжайдың құрылысын, жылыту және тамшылатып суару жүйелерін жүргізу, атыздау және қияр егу жұмыстарын — бәрін мамандар өздері атқарған, сондай-ақ алғашқы өнім алынғанға дейінгі агрономдық кеңес қызметі де ұсынылып отыр.
— Әрине, маманның кеңесі бастапқыда маған өте қажет. Бірақ бұл істі әрі қарай өзім алып кетемін деп ойлаймын, — деді жылыжай иесі.
Ол жылыжайдан жылына екі маусым өнім жинамақ. Тамшылатып суару жүйесіне су есептегіш пен жылытқыш құрылғылар да қосылған. Мамандар көкөністі жылыған сумен суаруды құптайды.
Байрамбайдың отбасында зайыбы мен үлкен баласы жұмыс істейді, кіші баласы — мектеп оқушысы. Бәрі де қолы бос уақытта осы іске көмек көрсетпек. Жобадан алынған несиенің бір бөлігіне жылыжай жанынан тағы бір шағын құрылыс салынып жатыр. Ол жерде көкөністерді консервілеу цехын ашуды көздейді. Яғни өнімнің бір бөлігін дүкендерге, сауда нүктелеріне өткізсе, тағы бір бөлігін консервілеп, түрлі салаттар жауып сатуды жоспарлап отыр.
Жалпы, аудан бойынша әзірге қаржыландырылған жобалардың 11-інің иесі жылыжай салумен айналысуды қолға алыпты. Оның ішінде екі жылыжай бүгінге дейін салынып үлгерген екен.
Қалада да тұтынушысы бар
Бестамақ ауылының тұрғыны, жеке кәсіпкер Зүлфия Тілеумұратова бұрын «Қазпошта» мекемесінің бөлімшесінде еңбек етіпті. Алайда мардымсыз айлықпен жүрген адамның қосымша табыс іздейтіні белгілі ғой, Зүлфияда алғашында қосымша табыс болсын деп, жіліктеме ет сатты. Кейіннен етті келілеп те сатып, тұтынушыларына қойдың үйітілген басы, қазы, шұжық, құйрық май, туралған және тартылған ет сынды сұранысқа ие өнімдерді ұсына бастапты.

— Нендей тауар сатқан күнде де, тұтынушының мүмкіндігі қандай, нені қалайды, қайткенде көбірек өнім өткізуге болады деген сауалдар мазалайды ғой. Етті жіліктеп сатумен қатар, келілеп те сатудың тиімділігін түсіндім. Етті Ойыл жағынан, яғни жергілікті шаруадан аламын. Тұтынушылар, негізінен,жергілікті өнімді ұнататыны белгілі. Тұтынушыларыммен әлеуметтік желі арқылы байланыс жасап, тапсырыс алып отырамын. Қазіргі адамдар жұмысбасты, сондықтан түрлі өнімді өздері жасап отыруға уақыт таппай, дайын күйінде алғысы келеді. Тіпті облыс орталығынан да тапсырыс берушілер бар. Оларға сұраған өнімін жеткізіп береміз, — дейді Зүлфия.
Ол «Ауыл аманаты» жобасы бойынша ұсынылған мүмкіндікті тиімді деп тауып, өз ісін кеңейте түсу үшін 3,9 миллион теңге көлемінде несие алған. Үйінің қасындағы шағын ғимаратқа газ өткізіп, өнімдерін сақтап қою үшін бірнеше мұздатқыш сатып алыпты. Болашақта ісін одан әрі кеңейтіп, ет жуатын орын, арнайы үстел, басқа да қажетті жабдықтар алғысы келеді. Еттен жасалатын өнімдер түрін де көбейтуді ойластырып жүр.
— Мысалы, шұжықты қазір еттің өзінен ғана жасаймын. Ал оның күріш араластырып әзірленетін түрі де бар. Тұтынушылардың тапсырысына орай, оны да жасап беруге болады.Болашақта жеке дүкен ашу да артықтық етпес еді, — дейді Зүлфия.
Оның осындай жоспарлары көп. Ең бастысы, ауылдың таза, сапалы өніміне деген сұраныс енді арта түспесе, кемімесін біледі.
Балапан бағу оңай ма?
Балапан бағу, құс өсіру оңай емес, алайда ол да жақсы табыс көзінің бірі. Алғалықтар мұны біліп отыр. «Ауыл аманаты» аясында көзделген жобалардың төрттен бірі, яғни 435 жобаның 108-інің құс өсірумен айналысуға арналуы осыны көрсетсе керек.
Бестамақ ауылының тұрғыны Болатбек Ниязов «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 7,5 миллион теңге қаржы алып, қазір үш жүздей балапан әкеліп, бағып отыр.
— Ұсынған жобам бойынша, 1,5 мың тауық бағып-өсіруім керек. Дегенмен бәрін бірден алмай, бір бөлігін өсіріп алған соң, екінші бөлігін сәл кейінірек әкелуді, онымен қатарлас қора-жайды да тыңғылықты әзірлеп алуды жоспарлап отырмын, — дейді кәсіпкер.
Бірнеше торға бөлініп салынған балапандардың әр тобын қадағалап, осы іске ынты-шынтысымен кіріскені байқалады. Бұрын өзі «Рамазан» ЖШС-ның құс фабрикасында істепті. Сондықтан бұл — оған таныс іс.
Болатбек тез ет алатын бройлер, кучин тұқымды тауықпен қатар, испан тұқымды тауықтың балапандарын да алған. Соңғысы жұмыртқа өндіріп сатуға тиімді саналады. Ал жұмыртқа — қашанда сұранысқа ие өнімдердің бірі.

Болатбектің құсханасы Бестамақ ауылдық округінен мақұлданған 4 жобаның бірі екен.
— «Ауыл аманаты» бойынша ауылдастарымыз тарапынан бүгінге дейін 19 жоба тапсырылды. Оның төртеуі мақұлданды. Мақұлданған жобалардың екеуі құс шаруашылығына бағытталған. Қалған 15 жобаның да мақұлдануын күтеміз. Оның ішінде ауыл адамдары түрлі тағам өнімдерін әзірлеп сату, машина жөндеусекілді кәсіптер ашқысы келеді, — деді ауылдық округ әкімі Қанат Дәулеталин.
Ал аудан әкімінің орынбасары Арман Бошановтың айтуынша, ауыл тұрғындарына тауарлы несие де қарастырылған.Бүгінге дейін ауданда 30 отбасына 220 бас мал беріліпті. Бұл мал аудандағы ірі шаруашылықтардың есебінен берілген.
Тауарлы несие, яғни мал алған отбасылар 7 жылға дейін әр екінші жылғы төлді несиенің өтеуі ретінде беріп отырады. Дегенмен шаруашылық иелерінің арасында малды ешқандай өтеусіз, біржола берген жомарт жандар да бар екен. Тілек білдірушілерді тауарлы несиемен қамтуға аудан бойынша 17 шаруашылық атсалысыпты. Бұл — жақсы көрсеткіш.
Айна САРЫБАЙ.



