Басты жаңалықтар

Ералы Тоғжанов жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының жұмысымен танысты

Бүгін облыс әкімі Ералы Тоғжанов Батыс Қазақстандағы тұтынушылардың кең ауқымы үшін киім тігетін ірі кәсіпорын – «A-Textile» ЖШС жұмысымен танысты.

Компания 2020 жылдан бастап жұмыс істейді, тұтынушыларын қолжетімді бағада сапалы және ыңғайлы өнімдерімен қамтып отыр. 150 қызметкер тұрақты жұмыс істейді. Олардың ішінде 10 мүмкіндігі шектеулі жан бар.

Кәсіпорын Мемлекет басшысының импортты алмастыру жөніндегі міндетін сәтті орындауда.

Өндіріс процесіне 70-тен астам тігін жабдығы тартылған, осы кезеңдегі қуаттылығы айына 10 000 бірлік трикотаж бұйымдары мен сыртқы киімді құрайды.

Зауыт жылына 850 мың өнім шығаруға қауқарлы.
Кәсіпорын өнімі Қазақстан аумағы және Ресейде сұранысқа ие.

Облыс әкімі заманауи жабдықтармен жабдықталған өндірісті аралап көрді.

Компания басшылығы өздеріне тиесілі ғимараттың жоқтығын айтып, жаңа өндіріс орнын салу үшін жер телімін бөлу мәселесіне көмектесуді сұрады. Сондай-ақ, өнім өндіруге қажетті шикізатты ешбір делдалдарсыз, тікелей жеткізу мәселесін пысықтау тапсырылды.

Өңір басшысы «ПО Глобал-Спецодежда» серіктестігінде болды.

Мұнда өндіріс салаларына арналған мамандандырылған жұмыс киімдері жаңа технологиялармен әзірленіп, өндіріледі. Электр доғасынан қорғайтын костюмдер тігіп, қауіпсіздікте қосымша қорғанысты арттыратын логотиптер жасайды.

Компания директоры Надежда Шабаева кәсіпорынның 20 жыл жұмыс істеп келе жатқанын, 2020 жылы қуаттылығы жылына 1,2 млн бұйым болатын жаңа тігін фабрикасын іске қосқанын айтты.

Жоғары технологиялық жабдықта конвейерлік режімде арнайы киім, үй тоқыма, трикотаж, барлығы 150-ден астам өнім түрі шығарылады, оларға өнеркәсіптік компаниялар тарапынан сұраныс жоғары.

200 жергілікті тұрғын жұмысқа орналастырылды.
Пандемия кезінде фабрика жанынан бизнес-инкубатор құрылды. Соның арқасында аз қамтылған, көпбалалы отбасылардың балалары, жастар, оқу орындары түлектері, ерекше қажеттіліктері бар жандар оқытылып, жұмыспен қамтылып келеді.

«Үміт» оқу-өндірістік кешені жұмыс істейді, онда әлеуметтік осал топтағы жастарға стипендиялар төлеу және одан әрі жұмысқа орналастыру көзделген.

Облыс әкімімен әңгімелесу барысында жұмысшылар жалақы төлемдеріндегі тұрақтылықты, сондай-ақ қолданыстағы бонустық жалақы жүйесін атап өтті.

А.МӘЛІКҚЫЗЫ. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button