Ералы Тоғжанов Ырғыз ауданында әлеуметтік нысандардың құрылысы мен жолдардың жөнделуін тексерді

Облыс әкімі Ералы Тоғжанов өңірдің ең шалғай аудандарының біріне жұмыс сапары аясында бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, салынып жатқан жол жобаларының сапасын тексерді.

Қарақұдық ауылында өңір басшысы 50 орындық мектеп ғимаратын аралады. Оқу орнының жанынан 20 орындық интернат және 20 орындық мектепке дейінгі білім беру шағын орталығы жұмыс істейді. 1985 жылы салынған мектепте екі ауысымда 46 бала оқиды.
6-9 сыныптарда оқитын 32 бала – шағын жинақты ауылдық мектептерде білім беру сапасын арттыруға бағытталған «Bilim All» бірегей жобасының қатысушылары болып табылады.

💬«Ата-аналардың атынан осындай маңызды жобаның жүзеге асырылғаны үшін өз ризашылығымды білдіргім келеді. Соның арқасында баланың тұрғылықты жеріне қарамастан сапалы білім алуына жағдай жасалды, сондай-ақ бір мұғалімнің бірден 5-6 пәнді оқыту мәселесі шешілді. Білім беру сапасы айтарлықтай өсті», – деді мектеп директоры Лайла Хамитова.

💬«Жоба Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасы туралы» Жарлығы аясында жүзеге асырылуда. Соның арқасында мұғалімдер біліктілігін арттыра алады, тәжірибе алмасады, маман тапшылығы мәселесі шешіледі. Ең бастысы, «Bilim All» жобасы 10 мыңнан астам ауыл баласына облыс орталығының үздік мектептеріндегідей білім алуға мүмкіндік берді», – деп атап өтті Ералы Тоғжанов.
Мектеп директоры оқу кабинеттерінің жетіспейтінін, балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға жағдай жоқтығын айтты.
💬«Алдағы екі жылда оқушылар саны артады деп болжап отырмыз. Дамуға арналған үйірмелер ашқым келеді, бірақ бос бөлмелер жоқ. Біз жаңа мектепке барар едік», – деді Лайла Хамитова.
Облыс әкімі қазіргі уақытта Құмтоғай ауылында 100 орындық орта мектеп салынып жатқанын, осы ғимарат пайдалануға берілгеннен кейін Қарақұдық ауылында мектеп салу мәселесі қаралатынын атап өтті.

Ырғыз ауданында ұзындығы 44 шақырым автожолды, оның ішінде «Ырғыз-Құтикөл-Жарма-Құйылыс» жергілікті маңызы бар жолдарды, Құрылыс және Құмтоғай ауылдарына кірме жолдарды Ырғыз және Нұра ауылдарындағы 7 ауылішілік жолды орташа жөндеу бойынша жалпы сомасы 3,6 млрд теңгеге 8 жол жобасы іске асырылуда.
Облыс әкімі аудандық маңызы бар «Құрылыс ауылына кіреберіс» автожолының 6,9 шақырымын орташа жөндеуге қатысты жобаның іске асырылуымен танысты.

Бұл нысан проблемалы, «Абай-Б» ЖШС мердігер компаниясы Ырғыз және Хромтау аудандарында жол жұмыстарын жүргізуге мемлекеттік сатып алуларды жеңіп алған, алайда белгісіз себептермен 2022 жылдан бастап өз міндеттемелерін орындамай отыр.
Аймақ басшысы мердігердің жұмысын сынға алып, барлық жобаларды қысқа мерзімде аяқтауды талап етті.

💬«Ертең жөндеу жұмыстарын бастау керек. Сіз бұл жолды пайдалануға бергенге дейін маған күн сайын жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы бейне есеп жіберіп отыруды сұраймын. Қаражат бөлінді, халық қалыпты жолдармен жүруі керек. Әйтпесе, сіз жауапкершілігі жоқ мердігер компаниялар тізіліміне енесіз және тек өңір аумағында ғана емес, жалпы Қазақстан аумағында жұмыс істей алмайсыз», – деп ескертті облыс әкімі.
Сондай-ақ, облыс әкімі «Ырғыз-Құтикөл-Жарма-Құрылыс» автожолының 0-15 шақырым және 15-30 шақырымындағы жөндеу жұмыстарының барысын тексерді.

Ырғыз ауылында биылғы жылдың тамыз айында дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылады, онда күндізгі уақытта 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар спортпен айналысады, ал кешкі уақытта кешен ересек тұрғындар үшін қолжетімді болмақ.

Бассейн, әмбебап ойын залы, күрес залы бар спорт нысанының құрылысы 2018 жылы басталды, бірақ мердігер «Фагот и К» ЖШС қаржылық проблемаларға байланысты тиісті жұмыстарды аяқтай алмаған.

2020 жылы сот шешімімен мердігер жосықсыз жеткізуші болып танылды. 2022 жылы «B-grass» ЖШС жаңа мердігер ретінде анықталып, жалпы жұмыс көлемінің 70%-ын орындап үлгерді. Қазіргі уақытта әрлеу жұмыстары қалды, компания нысанды тамыз айында пайдалануға беруге уәде беріп отыр.
Д.АЙДАР.



