Ырғыз ауданында 14 отбасыға тауарлық несие арқылы бір күнде 185 бас мал берілді

Облыс әкімі Ералы Тоғжанов Ырғыз ауданына жұмыс сапары аясында «Ауыл аманаты» жобасының іске асырылу барысымен танысты.

Ауданның ірі шаруа қожалықтары жоба арқылы тауарлық несиеге белсенді қатысуда.
Бүгін аудандағы 12 шаруа қожалығы 14 отбасыға 70 бас ірі қара мен 115 бас ұсақ мал табыстады.

«Алтын – Әсел» ЖШС тауарлық несиелеудің белсенді қатысушыларының бірі. Бұған дейін шаруашылық екі отбасыға 40 бас ірі қара мал берген болатын. Сонымен қатар, шаруашылық басшысы Хамит Өтеуұлы ауыл тұрғындарына қарызды қайтармау туралы шешім қабылдаған.
Естеріңізге сала кетейік, тауарлық несие берудің шарттарына сәйкес алынған малды төлдерімен қайтарады.

💬«Тауарлық несие – бұл кепілсіз, өзге шарттарсыз жеке қосалқы шаруашылықты табыс көзіне айналдырудың жақсы мүмкіндігі. «Ауыл аманаты» жобасы аясында тауарлық несие бергендердің барлығына алғыс айтамын. Бұл, ең алдымен, халық бірлігінің, ата-бабамыздың ертеден келе жатқан бауырмалдығының көрсеткіші. Сіздер өз елінің нағыз патриот азаматысыздар», – деп атап өтті Ералы Тоғжанов.

«Алтын-Әсел» шаруашылығында аудандағы жалғыз қой қырқу пункті жұмыс істейді. Қазіргі таңда 9 тонна жүн қоры бар. Өңір басшысы ағымдағы айдың өзінде қой жүнінен жылу оқшаулағыш материалдар шығаратын кәсіпорын шикізат сатып ала бастайтынын жеткізді.

Сондай-ақ, ауданға жұмыс сапары барысында облыс әкімі 2023 жылы ашылған «Қолғанат» шаруашылығының сүт өңдеу шағын цехының жұмысымен танысты.
Шаруашылық басшысы Ерік Ержанов өндіріс қуаттылығы жылына 10 тонна сүтті құрайтынын айтты. Ерлі-зайыптылар сүт өнімдерінің 9 түрін дайындап, саудаға шығарады.
Сүтті бағыттағы сиырлар «Агробизнес» бағдарламасы бойынша мемлекеттік қолдау шараларының аясында сатып алынды.

Ералы Тоғжанов отбасылық кәсіп «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде өндіріс қуатын кеңейту және арттыру бойынша қолдау алатындығын атап өтті. Бұл тұрғындардан шикізат сатып алуға және ауданның жергілікті сүт өнімдерімен қамтамасыз етілуін арттыруға мүмкіндік береді.
Ауданның өзекті мәселелерінің бірі жемшөп жетіспеушлігі болып табылады.
Аудан әкімі Нұрлан Қызбергенов биыл бір жарым жылға жететін 201 мың тоннадан астам шөп дайындалатынын баяндады.
Ырғыз ауылында кір сабын шығаруды жолға қойған кәсіпкер Ерзат Тынышқали жобаға қатысуға талаптанып отыр.
Ол грант түрінде алынған 1,2 млн теңге сомасына шағын өндіріс ашқан. Цехтың күніне 500-1000 кір сабынға дейін шығаратын мүмкіндігі бар.
Негізінен, өнім Ырғыз, Шалқар аудандарына және Ақтөбе қаласына сатуға жіберіледі. Қосымша иіс сабын мен сұйық сабын шығару жоспарлануда.
А.МӘЛІКҚЫЗЫ.



