Қарабұтақ орман шаруашылығында өрт сөндіру станциясы салынуда

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжановтың аудандарға жұмыс сапарлары жалғасуда. Бүгін өңір басшысы Әйтеке би ауданындағы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, жол құрылысының барысымен, шаруа қожалықтарының тыныс-тіршілігімен танысты, тұрғындармен кездесті.

Алдымен Ералы Тоғжанов «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында салынған Қарабұтақ ауылындағы ангар типті дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне барды.

2022 жылдың маусым айында басталған спорт нысанының құрылысын үш айдан соң, яғни қыркүйек айында облыс әкімі тексерген болатын. Биылғы жылдың қаңтар айында денешынықтыру-сауықтыру спорт кешені пайдалануға берілді.
Ералы Тоғжанов оқу-жаттығу, бокс және шығыс жекпе-жегі залдары, киім-кешек ауыстыратын, жуынатын бөлмелері бар нысанды аралап көрді.

Қазір мұнда 200-ден астам бала спорттың 10 түрімен айналысады, алдағы уақытта тәрбиеленушілер қатарын арттыру жоспарында.
Өңір басшысы іргелес аумақты абаттандыру жұмыстарына көңілі толмайтындығын айтты.
💬«Аумақта көгалдандыру жұмыстары жүргізілмеген. Барлығын ретке келтіріңіз. Алдымен айналасын тазалау қажет, содан кейін ағаштар, бұталар, гүлдер отырғызыңыз. Мұнда балалар спортпен шұғылданады. Ал аулада олар үшін де, балаларын күтіп отыратын ата – аналар үшін де барлық жағдай жасалуы тиіс», – деп атап өтті Ералы Тоғжанов.

Қарабұтақ ауылында жасыл желектердің аздығы мәселесін өңір басшысы «Қарабұтақ орман шаруашылығы» КММ-ге барған кезінде де айтып, мекеменің қамтамасыз етілуін және төтенше жағдайға әзірлігін тексерді.
Орман шаруашылығының жалпы аумағы 33,7 мың гектарды құрайды, оның 5,5 мың гектардан астамы – орман алқабы. Аумақ автомобильдер, мотоциклдер және жылқылармен үнемі тексеріліп отырады. Бір өрт сөндіру машинасы бар. Қазіргі уақытта орман шаруашылығында өрт сөндіру станциясының құрылысы басталған, нысан бір айдың ішінде пайдалануға беріледі.
Облыс әкімі КММ басшылығына өртке қарсы қауіпсіздік шараларын барынша күшейтуді тапсырды.

💬«Біз Абай облысында болған қайғылы оқиғаның қайталануына жол бермеуіміз керек. Барлық қызметкерлер, барлық жауапты азаматтар өрттің алдын алу мен жоюға қатысты сақтық шараларын барынша ұстануы тиіс», – деп атап өтті Ералы Тоғжанов.
«Қарабұтақ орман шаруашылығының» директоры Ерлан Орынбаев жүргізіліп жатқан жұмыстар, оның ішінде Мемлекет басшысының 2025 жылға дейін 2 млрд ағаш отырғызу туралы тапсырмасын іске асыру жөніндегі шаралар туралы баяндады. Бұл бағыттағы жұмыс 2021 жылы басталды. Жалпы алғанда, 2025 жылға дейін орман шаруашылығы аумағындағы 2,2 мың гектар алқапқа 3,7 млн-нан астам ағаш отырғызылады. Өңір басшысы Қарабұтақ ауылының көшелерін көгалдандыру қажеттігін алға тартты.
Сонымен қатар, Ералы Тоғжанов аудандық маңызы бар «Қарабұтақ -Ырғыз-Ақкөл» автожолының 0-32 шақырым учаскесіндегі орташа жөндеу жұмыстарының барысын бағамдады. Бүгінгі таңда 6 шақырым жол төселген.
А.МӘЛІКҚЫЗЫ.



