Мәдениет

Бақытжановтар бақыты

Тәуелсіз елмен құрдас шаңырақ

Шалқар ауданындағы Байқадам ауылының тұрғындары, ерлі-зайыпты Айбат пен Ақмарал  Бақытжановтар еліміз егемендігін алған 1991 жылы шаңырақ көтерген. Екеудің айтуынша, оларды қызығы мен шыжығы қатар жүретін студенттік жылдар табыстырыпты…

Ерлі-зайыптылардың өмір дерегіне үңілсек, Айбат Бақытжанов 1969 жылдың 14-ші қазанында Шалқар ауданының Байқадам ауылында (бұрынғы «Сарыбұлақ» кеңшары) дүниеге келген. 1986 жылы Қорғантұз орта мектебін тәмамдаған. Отбасындағының он ағайындының жетіншісі. Бес ұл, бес қыз тәрбиелеп өсірген ата-анасы ауылдастарына сыйлы, бала бақытына бөленген жандар. Әкесі марқұм Бақытжан Дүйсалыұлы ауыл шаруашылығы саласында басшылық қызмет атқарған. Ал анасы Назан Мералықызы бүгінде «Алтын алқа» иегері.

Айбат Қырым өлкесінің Алушта қаласында әскери борышын өтеп келгеннен кейін Орал ауыл шаруашылығы техникумына мал дәрігерлік мамандығы бойынша оқуға түскен. Аталмыш оқу орнын ойдағыдай бітірген соң алғашқы еңбек жолын 1993 жылы туған ауылында жеке мал дәрігері болып бастаған. Кейін Қорғантұз орта мектебі жанынан құрылған қожалықта мал маманы болған. 2003 жылдан бері ауылдың лицензиялы мал дәрігері болып қызмет істеп келеді.

Ал Айбаттың зайыбы Ақмарал Батыс Қазақстан облысы, Бөкей ордасы ауданы, Құрманғазы ауылында 1972 жылы 20 қаңтарда дүниеге келіпті. Үш ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірген отбасының үшінші перзенті екен. Әкесі Амангелді Бекетов, анасы Гүлжан Аумешова екеуі де сауда саласында еңбек еткен. 1989 жылы Ақмарал ауылындағы Ф.Энгельс атындағы орта мектепті бітіріп, сол жылы А.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институты физика-математика факультетіне физика-информатика мамандығы бойынша оқуға түскен. Аталған жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін еңбек жолын Шалқар ауданының Қорғантұз орта мектебінде бастауыш сынып мұғалімі және интернат тәрбиешісі болып бастаған. Одан аға тәлімгер, ал 2006 жылдан бастап информатика пәнінің мұғалімі және Қорғантұз орта мектебі директорының бейімдік оқыту жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарып келеді.

Олар бүгінде үлгілі отбасы. Ерлі-зайыптылық өмірдің қызығы мен шыжығы жайындағы әңгімелері де қызық.

Сіздер бір-бірлеріңізбен қалай таныстыңыздар?

Айбат: Біздің таныстығымыздың өзі қызық, әрі ойламаған кезде болды. Орал қаласындағы ауыл шаруашылығы техникумының 1-курсында оқып жүрген кезім болатын. Сыныптасым Темірхан екеуміз көшеде келе жатып, «Сәлем» суретсалоны жанында жерлестерімізбен қауыштық. Ауылдасымыз Гүлбанудың сыныптасы Айгүл Қуанованың туған күніне орай суретке түскелі жатыр екен, біз де олармен бірге суретке түстік. Сол сәтте оң жағымда тұрған қызға бірден көзім түсті. Сурет шығып, қолыма тигеннен кейін әлгі бойжеткеннің Айгүлдің группалас жақын құрбысы Ақмарал есімді ару екенін Темірханнан сұрастырып, білдім. Содан тура бір айдан кейін дүкенде Ақмарал, Айгүл, Гүлбанулармен тағы да кездесіп қалдық. Айнагүлмен бірге сыныптасымыз Нұрлыбайдың туған күніне сыйлық қарап жүргенбіз. Нұрлыбай оларды да туған күн кешіне қонаққа шақырды. Сол туған күн кешінде Ақмаралмен жақынырақ танысып, сөйлестім. Кейін туған күн кешінен басталған достығымыз жүре-бара үлкен махаббат сезіміне айналды.

1991 жылдың 15-ші мамырында қол ұстасып, болашаққа бірге қадам басуға шешім қабылдадық. Сөйтіп, 21-і маусым күні Орал қаласындағы Неке сарайында жақын-жуық, дос-жарандарымыздың қатысуымен заңды түрде некеміз қиылып, ерлі-зайыпты атандық. Ал сол жылы шілде айында Шалқар ауданының Байқадам ауылына келіп, үйлену тойымызды жасап, үлкендердің батасын алдық. Жігіт жолдас шетырғыздық,  есімі Қуандық, қыз жолдас атыраулық Бәтима есімді қыз болды. Тойымызды Едіге деген азамат басқарды.

Ақмарал: Адам баласының әр кезеңі өз ерекшелігімен есте қалады емес пе? Сол ұмытылмас кезеңдердің бірі — қиындығы мен қызығы мол студенттік шақ қой. «Махаббат, қызық мол жылдар…» дегендей, сол сағынышты студенттік кезең бізді табыстырды. Айбат екеуміздің шаңырақ көтергенімізге, міне, биыл 20 жыл. Құдайға тәуба, содан бері бір шаңырақ астында аман-есен, тату-тәтті ғұмыр кешіп келеміз. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» демекші, мұның бәрі әке-шешемнің, ата-енемнің бізге берген тәлім-тәрбиесі, өзара түсіністігіміз бен ауызбіршілігіміздің арқасы деп білемін. Адамгершілігі, түсінігі мол Айбаттай азаматпен танысып, отау құрып, осы әулеттің келіні атанғаныма өзімді бақытты санаймын.

Сіздердің бір-біріңізге деген сезіміңізді селт еткізген қандай нәрсе?

Айбат: Ақмарал — ақжарқын, қарапайым, көпшіл жан. Қандай ортада болмасын өзін-өзі мәдениетті ұстай білуі, өзіне деген сенімділігі, адамдармен тез тіл табысатыны көбірек ұнайды.

Ақмарал: Отағасым өз ойындағы ер азаматқа тән адамгершілік қасиеттерінің үйлесім табуы арқылы жүрегімнің түкпірінен ойып тұрып орын алды.

Үй болғасын «Ыдыс-аяқ сылдырамай тұрмайды» демекші, сондай сәттерде бірінші боп кешірімге кім келеді?

Ақмарал: Әрине, отбасы болған соң кейде келіспей қалатын кездер болады. Әркімнің өзіне ғана жарасымды, туа біткен мінезі болады ғой. Ондай мінез екеуміздің де бойымыздан табылады. Дегенмен, бір-бірімізге қатты ренжісіп, теріс қарайтындай, кешірмейтіндей шектен шыққан емеспіз. Ренішіміз «шәйі орамал кепкенше» ғана уақытқа созылады. Ондайда мәмілеге келуге көбіне мен себепкер боламын.

Атам марқұм бізге: «Бір күндік ұрыстың, қырық күндік кесірі бар», — деген көнеден қалған сөзді жиі айтып, тату-тәтті ғұмыр кешуге үйретіп отыратын-ды. Шынында да осы бір мағыналы сөздің астарынан көп нәрсені аңғаруға болады. Бала тәрбиелеп отырғаннан кейін әрқашанда әдептілік сақтаған жөн. Өз басым: «Шалғай жерден алған келіншегің осы ма?» дегізгім келмейді. Шаңырақтың отын түтетіп, шырай кірігізетін — әйел. Сондықтан әйел өзі екі жаққа да бірдей болуы керек. Өмір болғасын күнделікті тірліктің қиындығы мен қызығы қатар жүреді. Тек кезіккен қиындықтарға мойымай, оны ақылмен жеңе білу керек.

Ақмарал, келін болып түскен соң, отбасының тұрмыс-тіршілігіне үйренісу әу баста сізге қиын болған жоқ па?

— Өздеріңізге белгілі, Батыс Қазақстан облысы өзге ұлт өкілдерімен аралас-құралас болғандықтан қазақы салт-дәстүрді ұстана бермейді. Сол себепті Шалқар өңірінің тұрмыс-тіршілігіне үйренісу үшін баста ақыл-кеңес беретін адамды өзім де қажетсіндім. Орамал тарту, сәлем ету, табақ алу мен үшін таныс емес-тін. Осы кезде білмегенімді үйренуіме септігін тигізген ата-енеме алғысым шексіз. Сөз орайы келгенде айта кетсем, тұңғыш баламыз Азат дүниеге келгеннен кейін 32 күннен соң оны әжесі бақты. Содан Азат ата-әжесінің баласы атанып кетті. Ол кезде мен А.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының физика-математика факультетінің 2-курсын тәмамдаған болатынмын. Ата-енемнің арқасында оқуымның қалған үш жылын демалыссыз, ойдағыдай аяқтап шықтым.

Бақыт дегенді қалай түсінесіздер?

Айбат: Мен үшін бақыт — отбасыңның, жан-жағыңның амандығы, жан жарыңмен сыйластығың. Балаларым аман болып, алға қойған мақсаттары орындалса, бақыттың жалғасы осы деп білемін.

Ақмарал: Ақылдаса отырып, бірлесіп істеген игілікті істің барлығы бақытқа жол бастайды деп білемін. Ең бастысы, түсіністік, сыйластық, сүйіспеншілік бар болса, бір-бірімізге деген сенім де, келешекке деген үміт те жоғалмайды, бақыттың базарына жетелей береді.

— Балаларыңыз жайлы бірер сөз айтып өтсеңіздер…

Айбат: Ел Тәуелсіздігін алған жылы шаңырақ құрған біздер қазір отбасында 3 бала тәрбиелеп отырмыз. Тұңғышымыз  Азат 1992 жылы дүниеге келген. Ел егемендігіне орай оған есімін Азат деп апасы Дәметкен қойған.

Қорғантұз орта мектебін үздік оқып, бітірген ол бүгінде Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің география факультетінде мемлекеттік грант бойынша оқып, білім алып жатыр. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ оның тарих-география пәндеріне деген қызығушылығы өте жоғары болды. Білімге құштар Азат 2008 жылы қаңтарда республикалық «ХХІ ғасыр көшбасшысы» зияткерлік сайысына қатысып, апталық ойынында жүлделі үшінші орынды иеленген. Футбол ойынын да жақсы көретін ол Италияның «Милан» командасының жанкүйері. Теледидардан берілетін әлемдік футбол ойындарын үзбей тамашалайды.

Ал Ботакөз, Аякөз есімді қыздарымыз Қорғантұз орта мектебінің оқушылары. Екеуі де түрлі деңгейдегі білім байқауларына қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүрген оқу озаттары.

Әңгіме арасында кейіпкерлеріміз отбасылық суреттерін қарап отырып: «бәрі де күні кеше ғана сияқты еді…» — деп өздерінің жастық шақтарын тебірене еске алды. Уақыт өлшеусіз деген осы емес пе? Адал жар, аяулы ана, білікті ұстаз Ақмарал отбасындағы балаларына қандай тәлім-тәрбие берсе, шәкірттеріне де сол тәрбиені беруге тырысады. «Келіннің аяғынан…» демекші, бір қызығы, бұл әулеттегі келіндерінің үшеуі де Батыс Қазақстан облысының тумалары екен.

«Қыз — өріс» демекші, Ақмарал — бір отбасының ырысын келтіріп, береке-бірлігін сақтап отырған бақытты жан. Отағасы Айбаттың бойынан да отау иесіне лайықты қасиеттерді көптеп кездестіруге болады. Біз әңгімеге арқау еткен ел Тәуелсіздігімен бірге жасасып келе жатқан шаңырақ иелерінің бар сыры, міне, осындай.

 

Беттің әзілі:

Қожанасыр бір күні шәкіртінен:
—  Бір пұт мақта ауыр ма, әлде бір пұт темір ауыр ма? — деп сұрапты.
Шәкірті ұстазының сұрағына  ұзақ ойланып барып:
—  Әрине, екеуінің салмағы бір болса керек, — депті.
—  Балам, сенің жауабың да дұрысқа ұқсайды, бірақ та бұл туралы әйелімнен сұрағанымда, ол «темір ауыр» деп мені жеңген еді, — депті Қожанасыр.

 

Сағымбек ҰЛЫҚПАНОВ,

Шалқар ауданы.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button