Басты жаңалықтар

467-бапты өзгерту керек пе?

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекс:

467-бапты өзгерту керек пе?

Бұрын көлікті байлық пен дәулеттің белгісі деп қарайтын болсақ, қазір ол күнделікті қажеттілікке, жылжу құралына айналды деуге болады. Өйткені, қазір екінің бірінде көлік бар, екінің бірі көлік жүргізеді. Осы жерде сұрақ туындайды: көлік жүргізушілердің барлығы жол қозғалысы ережелерін біле ме, сақтай ма? Соның ішінде Қазақстан Республикасының жол қозғалысы ережелерінің жүргізушіге мас күйінде көлік құралын басқаруға тыйым салатын талаптары сақтала ма? Әңгіме төркіні осы жөнінде болмақ.

Жүргізушінің алкоголь, есірткі және уытқұмарлық салдарынан мас күйінде көлік жүргізгені үшін жауапкершілік Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің (әрі қарай ҚР ӘҚБТК-нің) 467-бабымен реттеледі. Бұл баптың бірінші бөліміне сәйкес, әлгіндей жағдайда көлік жүргізгендер — екі жыл мерзімге, 2-бөлімге сәйкес, авариялық ахуал туғызғандар — үш жыл мерзімге, 3-бөлімге сәйкес, жәбірленушінің денсаулығына, не көлік құралдарын, жүктерді, жол құрылыстары мен өзге де құрылыстарды, не өзге мүлікті бүлдіруге әкеп соқтырған іс әрекеттері үшін төрт жыл мерзімге көлік құралын жүргізу құқынан айырылады. Ал төртінші бөлімге сәйкес, аталған әкімшілік жаза мерзімі аяқталғаннан кейін бір жыл ішінде ереже талаптарын тағы бұзған жүргізуші он тәулікке әкімшілік қамауға алынып, бес жылға көлік құралын жүргізу құқынан айырылады. Бесінше бөлімге сәйкес, бұдан кейін бір жыл ішінде тағы сол әрекеттерді қайталаған адам он бес тәулікке әкімшілік қамауға алынып, он жылға көлік құралын жүргізу құқынан айырылады. Ал әкімшілік қамау қолданылмайтын адамдар жасаған іс-әрекеттері үшін 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлеуге тиіс.

Міне, Кодекстің 467-бабының барлық бөлімдерінің де жазалары өте қатал. Мұның бәрі өмір талабынан туып отырған жағдай. Өйткені, мас күйінде көлік жүргізген адам қоғамға өте қауіпті, ол адам өліміне апарып соқтыратын жол-көлік оқиғасын туғызуы мүмкін.

Көріп отырғанымыздай, мас күйінде көлік жүргізген жүргізуші үшін тағайындалатын жаза қаншалықты қатал болса да, қазір ішімдік ішіп алып көлік жүргізушілер саны азаймай отыр. Былтыр сот өндірісіне жүргізушілердің мас күйінде көлік құралын жүргізгені үшін 2555 әкімшілік істері түссе, 2011 жылдың бірінші тоқсанында біздің сот осы бап бойынша 494 әкімшілік іс қарады. Былтыр қаралған істің 2445-і ер адамдарға, 110-ы әйел адамдарға қатысты болса, жоғарыда айтқан 494 істің 482-сі ер адамдарға, 12-сі әйел адамдарға қатысты болды.

Әкімшілік жауапкершіліктен құтылу үшін жүргізушілер айла-тәсілдің кез-келген түріне барып жатады. Кейбірі көлікті жүргізу құқынан екі жылға айрылмау үшін тіпті адамның ойына келмейтін нәрселер жасайды.

Мысалы, жол полиция инспекторлары «Самара-Шымкент» тас жолының Хромтау ауданына қарасты бөлігінде «КамАЗ» автокөлігін тоқтатып, құжаттарын тексеру кезінде жүргізушінің аузынан спирттік ішімдіктің иісі шығып тұрғанын байқап, жүргізушіні алкогольден медициналық тексеруге, куәландыруға алып бармақ болады. Жүргізушіге «КамАЗ» жүк көлігін жол жиегіне қойып, жол полиция инспекторларының жеңіл көлігімен Хромтау қаласына наркологқа бару қажеттігнін айтқанда, көлік жүргізушісі өзінің «КамАЗ» автокөлігінің есіктерін жауып, кілттеп келуге рұқсат алып, автокөлігіне қарай кетеді. Жүргізуші кідірген соң жол полициясы инспекторы «КамАЗ»-дың жанына барып қараса, жүргізушінің 10 литрлік канистрден моторға құятын қою майды сіміріп жатқанының үстінен шығады. Сөйтсе, спирттік ішімдіктің иісін басу үшін 1 литрдей моторға құятын қою майды ішіп қойыпты. Алайда, қулық іске асқан жоқ, дәрігер жүргізушінің ішімдік ішкенін анықтады.

Тағы бір мысал, қала ішінде жол полициясы инспекторлары «Тойота Карина» маркалы жеңіл автокөлікті тоқтатады. Бірақ көлік жол полициясы инспекторларының тоқтатқан жерінен 40-50 метрдей жүріп барып тоқтайды. Инспекторлар тоқтаған көлікке жақындағанда рульдегі жүргізуші жанында отырған келіншегін өзінің орнына отырғыза алмай, тар автокөліктің алдыңғы орнында кептетіліп жатқанының үстінен шығады, сөйтсе жүргізуші удай мас, көлік құралын жүргізу құқығынан айырылып қалмас үшін өзінің орнына келіншегін отырғыза алмай жатыр екен… Мұндай себептерді көптеп келтіруге болады.

ҚР ӘҚБТК 467-бабы бойынша әкімшілік іс қарап, жаза қолдану кезінде біздің соттың судьяларын да, осы бап бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып жүрген жүргізушілерді де толғандыратын үлкен бір мәселе бар.

Жоғарыда айтқанымыздай, аталған Кодекстің 467-бабының қай бөлімі бойынша да жазаның төменгі шегі мен жоғарғы шегі көрсетілмеген. Яғни мас күйінде көлік құралын жүргізгені үшін 467-баптың 1-бөлімі бойынша мас күйінде көлік жүргізген адамды екі жыл мерзімге көлік құралын жүргізу құқығынан айыру қаралған, жазаның төменгі шегі де, жоғарғы шегі де — осы, яғни, автокөлікті бір шыны сыра ішіп жүргізсең де, бір шыны арақ ішіп жүргізсең де, көлік жүргізу құқынан екі жылға айырыласың. Толығырақ айтсақ, жүргізуші мастықтың жеңіл түрінде автокөлік жүргізсе де, орташа түрінде автокөлік жүргізсе де, ауыр түрінде автокөлік жүргізсе де — жазасы бірдей болады, басқа ешқандай баламасы жаза түрі көрсетілмеген.

Аталған Кодекстің 60-бабына сәйкес, жеке адамға әкімшілік жаза қолдану кезінде жасалған әкімшілік құқық бұзушылықтың сипаты, кінәлінің жеке басы, соның ішінде оның құқық бұзушылық жасағанға дейінгі және одан кейінгі мінез-құлқы, мүліктік жағдайы, жауаптылықты жеңілдететін және ауырлататын жағдайлар ескерілуі тиіс. Яғни, шиеттей бала шағасы бар, өзі пәтерде тұратын, кінәсін толық мойындап тұрған, тек қана автокөлігімен адам тасумен отбасын бағып отырған, отбасының жалғыз асыраушысы, жолдастарымен кездесіп бір шыны сыра ішіп, автокөлігін жүргізген жүргізушінің жазасы бұрын бірнеше рет әкімшілік жазаға тартылған, кінәсін мойындамайтын, жол полициясының тоқтатқан белгісіне тоқтамай, аяғын зорға басатындай мас күйінде автокөлік жүргізген жүргізушінің жазасынан анағұрлым жеңіл болуы тиіс. Ал  қазіргі жағдайда бұл екі жүргізушінің де жазасы бірдей, екеуі де екі жыл мерзімге көлік құралын жүргізу құқығынан айырылады…

Егеменді елімізде соттардың негізгі міндеті адамның және азаматтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау. Сондықтан, біздің, яғни әкімшілік сот судьяларының көзқарасы бойынша, дәл қазір ҚР ӘҚБТК-нің 467-бабы бойынша жаза қолдану бөліміне (автокөлікті  есірткіден мас күйінде жүргізгені үшін бөлігінен басқа) өзгеріс енгізу қажет. Бұл — уақыт сұранысы.

 

Мұрат БАЙЖАНОВ,

Ақтөбе қаласының мамандандырылған

әкімшілік сотының төрағасы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button