Спорт

Балалар жарысқан күн

Турнир

«Ақтөбе» кәсіби баскетбол клубы және қалалық спорт басқармасы балалар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында Триатлон паркінде спорттық турнир өткізді.

Турнир барысында балалар сүйікті спортшыларынан қолтаңба алып, естелікке суретке түсуге мүмкіндік алды. Ақтөбе» баскетбол клубының президенті Серік Қаздаевтың айтуынша, балаларды қуанту мақсатында ұйымдастырылған турнирде қатысушыларға бағалы сыйлықтардан бөлек, 500 балмұздақ таратылған.

Жуырда Триатлон паркінде баскетбол алаңы ашылды. Ол жерде қала тұрғындары тек баскетбол ғана емес, құмдағы жағажай волейболын ойнай алады. Бұл спорттық алаңды ашуға демеушілердің қолдауымен 2 миллион теңгеден астам қаражат жұмсалды. Спорттық жарыстарды жиі өткізуді жоспарлап отырмыз. Волейбол, баскетбол, волейболдан өткен турнирге әр спорт түрінен 10-16 жас аралығындағы 150-ден астам бала қатысты. Одан бөлек жүгіру марафонына 600-ге жуық бала қатысып, белсенділік танытты, — дейді ол.

Турнирге қатысқандар арасында №39 қазақ орта мектебінің оқушысы Ерлан Ерасыл да бар.

Баскетболмен 10 жастан бастап айналысамын. Қазір мектепішілік жарыстарға қатысып жүрмін. Асқан жылдамдықты, шыдамдылықты қажет ететін баскетбол ойыны денсаулыққа өте пайдалы. Мен бос уақытымды көбіне спорт залдарында өткіземін. Жастарды спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстануға шақырамын, — дейді ол.

№39 қазақ орта мектебінің оқушыларын турнирге даярлаған жаттықтырушы Шолпан Артықбаевамен де тілдескен едік.

Мектепте денешынықтыру пәнінен сабақ беремін. Кезінде баскетболдан Шалқар қыздар құрама сапында ойнағанмын. Оқушыларымның жетістігі баршылық. Осы турнирге 2009-2010 жылғы балалардан жасақталған үш команданы әкеліп тұрмын. Алдағы уақытта республикалық додаларға жолдама алу үшін үздіксіз дайындалып жатырмыз, — дейді Шолпан Артықбаева.

Баскетбол мен жүгіруден бөлек, спортшылар жағажай волейболынан да сынға түсті. «Әлихан» волейбол клубының жаттықтырушысы Мәдина Арыстанованың айтуынша, жағажай волейболынан турнирге 45 бала қатысқан.

Жүгіруден жарыста Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Әмина Рүстам 1-орын алды. Ол күнделікті мектепке таңғы 6.30-да тұрып, Кірпішті елді мекенінен Назарбаев зияткерлік мектебіне дейін жаяу барады екен.

Спорттық турнир нәтижесінде жүлдегерлер Алғыс хаттармен және ақшалай сыйлықпен марапатталды.

 Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button