Денсаулық

Тағам қауіпсіздігі — денсаулық үшін басты мәселе

Дүниежүзілік азық-түлік қауіпсіздігі күні

«Бірінші байлық — денсаулық» дейді халқымыз. Денсаулықты сақтаудың басты негіздерінің бірі — дұрыс тамақтану, соның ішінде күнделікті тағамның қауіпсіз болуы. 

Денсаулық үшін қауіпсіз тамақтану мәселесіне бүкіл әлем назарын аудару мақсатымен БҰҰ-ның шешімі бойынша, 7 маусым — Дүниежүзілік азық-түлік қауіпсіздігі күні болып белгіленген.

Тағам адамға неліктен қауіпті болады? Яғни оның құрамында вирус, бактерия, басқа да түрлі зиянды микроағзалардың, ағзаны улайтын (интоксикация) химиялық заттардың көп болуы салдарынан, соңғы кездері адамдар арасында тамақтан улану, жедел ішек инфекциялары, тамақтан болатын аллергия сынды дерттер көбейді.

Түрлі сауда нысандарынан азық-түлік сатып алғанда тұтынушы ең алдымен өнім туралы деректерге: өндірілген күніне, жарамдылық мерзіміне, өнімнің құрамына, дайындаушы белгілеген сақтау шарттарына, тағамдық құндылық көрсеткіштеріне, ГМО-ның бар-жоқтығына, нормативтік талаптарға сәйкестігіне мұқият көңіл бөлуі керек. Бұл ақпараттар тағамның адам ағзасына зияны бар-жоқтығын, оның қауіпсіздігін айғақтайды.

Тағам қауіпсіз болуы үшін мына шарттар ескерілуі керек: біріншіден, жеке гигиена ережелерін қатаң сақтаңыз. Асүйде, қоғамдық тамақтану орындарында, соның ішінде ыдыс-аяқта, үстел үстінде, тамақ дайындауға пайдаланылатын пышақ, тақтай, т.б. құралдарда, шикі өнімдерде,сондай-ақ дүкен сөрелерінде, азық-түлік сақтайтын қоймаларда аурутудырғыш түрлі микробтар болуы мүмкін.Сондықтан сауда және қоғамдық тамақтандыру объектілерінің қызметкерлері жұмыс орындарын таза ұстап, таза киім киініп жүруге тиіс. Әр адам үйде де, түзде де қолын жиі жуып, әсіресе тамақтанар алдында міндетті түрде сабындап жууы керек.

Екіншіден, тамақты жоғары температурада пісіріп жеу керек. Дұрыс термиялық өңдеу барлық дерлік қауіпті микроағзаларды өлтіреді. Зерттеулер көрсеткендей, белгілі бір температурада пісіріп ішу тағамды тұтынуға қауіпсіз етеді.

Үшіншіден, тағамды дұрыс салқындатыңыз және мұздатыңыз.Тез бұзылатын тағамдарды арнайы ережелерін сақтай отырып, тоңазытқышта, қажет болған жағдайда мұздатқыштарда сақтау керек. Өйткені бактериялардың басым көпшілігі 5-тен 60 градусқа дейінгі температурада көбейеді.

Төртінші, яғни өте маңызды мәселе — шикі және дайын тағамдардың араласуына жол бермеу. Бұл үшін тағамдарды бөлек контейнерлерде сақтау керек. Азық-түлікті сатып алу, сату және дайындау кезінде негізгі қауіпсіздік ережелерін сақтау маңызды.

Осы шарттарды ұстану арқылы сіз өзіңізді және жақындарыңызды түрлі аурудан сақтап қала аласыз.

Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету үшіноблыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті ай сайын өнім қауіпсіздігіне мониторинг жүргізеді. Мәселен, былтыр облыс бойынша өнім қауіпсіздігінің мониторингі шеңберінде 2520 тамақ өнімінің сынамасы зерттелді. Барлық зерттелген тамақ өнімдерінің ішінен 8пайызы — таңбалау жөніндегі техникалық регламенттердің талаптарына, 1,3 пайызы — микробиологиялық көрсеткіштерге, 0,4 пайызы өнімнің физика-химиялық көрсеткіштеріне сәйкес келмеді.

Анықталған тәртіп бұзу фактілері бойынша өнімнің қауіпсіздігін мониторингілеу барысында 115 ұйғарым беріліп, ірі және орта кәсіпкерлік субъектілеріне 10 жоспардан тыс тексеру жүргізілді, тексеру нәтижесіне сәйкес 459 450 теңге сомасына 10 әкімшілік айыппұл салынды, жалпы сомасы 111 088 теңге болатын 127,95 кг өнім талаптарға сәйкес келмеуіне байланысты сатудан алынды.

Айсәуле ОРАЛБАЕВА,

облыстық санитариялық-эпидемиологиялық

бақылау департаментінің бөлім басшысы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button